Рахымжан ОТАРБАЕВ
Қазақ қолы мен қытай шеріктері соғысып жатады. Қазақтар жеңіліп Бетпақдалаға қашады. Жау әскері соңдарына түседі. Қуа-қуа шөлден қаталайды. Азық-түліктен тарығады. Ат-көлігі тұралайды. Сол сәтті баққан бір батыр: «Күткенім осы, енді бұларды қырып салайық», – деп көтеріледі. Сонда бір естияр азамат: «Жоқ, бұларды өлтірмейік. Қайта ас-су беріп әлдендіріп, елдеріне қайтарайық. Әйтпесе бұлардың кегін қуып бұдан да көп әскер келеді. Сонда бәрінен де айырылып қалуымыз мүмкін», – деп басу айтқан. Тоқтам осы болады.
Еліне аман-есен жеткен қытайлар: «Соғысамыз деп барып, қонақ боп қайттық. Қазақ деген дархан да дастарханды халық екен. Біздікі ұят болды», – деседі. Осымен соғыс тоқтайды.
Үйіне бейсауыт кіріп кеткен жыланның басына да ақ құйып шығаратын біздің шалдар, шынында да, мәрт қой.
***
Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.
***
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзауқора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима Тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса, Казан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима Тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың. Таңғалу аз, табыну қажет!
Өткен ғасырдың 80-жылдары-тын. Алматы – Атырау (Гурьев) поезымен жолсапарға шыққанмын. Купеде тығыншықтай қызыл бет шал отырды. Уақыт мол, жол ұзақ. Әңгімеге шақырдым. Әрі-беріден соң кешегі Ұлы Отан соғысына ойыстық.
– Соғысқа қатысқан шығарсыз? Қай жерден аяқтадыңыз? – деймін.
– Біз броньмен қалғанбыз. Мал союға, – дейді шалым.
Тосын естілді. Қанды қырғында қасапшы боп мал сойып жүргені несі? Әрі қарай жетелей түстім.
– Саратов қаласы маңына жанұямызбен көшіріп апарды. Төрт жыл бойы сол жерде әскерге азық-түлік қамдап, мал сойдық. Тек біз емес, тағы да он шақты жігіт көмекшім болды. Етті майданға вагон-вагонымен жөнелтіп жаттық.
– Еңбегіңіз зор екен.
– Айтары бар ма…
– Малды қайдан әкелді?
– Көбіне Қазақстаннан.
– Қиналған шығарсыздар? Үнемі мал сою оңай ма?
– Жоға. Сиыр мен қойдың бас-сирағы, өкпе-бауыр, ішегі өзімізге қалатын. Ертеңді-кеш қызыл қуырдақ. Бөгіп жүреміз.
– Сөйтіп, соғыс та аяқталды дейсіз.
– Иә. Тез біткеніне өкініп қалдық.
– Рас айтып отырсыз ба?
– Енді ше? Ондай тегін тамақты бізге кім береді?
– Ит екенсіз! – дедім даусым қоюланып.
Басқа сөз аузыма түспей, тұлыптай боп ісініп, купеден шығып кеттім.
Әй, бәсе, арам жеген төбет құсаған түрі жаман еді-ау.
Жалғасы келесі сандарда