Күрделі мәселелер – Қоғамдық кеңестің қырағы назарында

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,
Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» №383-V заңына жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» №1194 қаулысына сəйкес құрылған, үшінші шақырылған Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелерінің саны 27 адам болатын.

Үкімет қаулысына сәйкес, облыстың Жамбыл, Байзақ аудандарынан 11 елді мекен Тараз қаласының шекарасына қосылып, қала тұрғындары санының артуына байланысты 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңмен бекітілген ережеге сәйкес жаңа сайланған Қоғамдық кеңестің құрамына саяси-әлеуметтік, шаруашылық-өндірістік, мәдени-рухани салаларда ұзақ жылдар еңбек етіп, халық шаруашылығын, өндіріс істерін ұйымдастыруда сыннан өткен 29 азамат конкурстық негізде іріктеліп алынды.
Кеңестің сапалық құрамына келсек, түгелдей жоғары білімді, әртүрлі мамандық иелері. Кеңес мүшелерінің орташа жасы 57 жасты құрайды. Кеңестің гендерлік саясат ұстанымы мен ұлттық құрамы да белгілі мөлшерде қамтылды. 27 пайызы – әйелдер, 6 пайызы – өзге ұлт өкілдері.
Олардың ішінде шаруашылық пен мемлекеттік құрылымдардың сан саласының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, екі облыстық және бір Тараз қалалық мәслихатының депутаттары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, облыстың, қаланың Құрметті азаматтары мен Құрметті ардагерлері, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі бір азамат енгізілді.
Қоғамдық кеңестің 2025 жылы ақпан айында өткізілген жаңа құрамының бірінші отырысында кеңестің әдістемелік-үйлестіру жұмыстарын заманауи өзгерістерге бейімдеу жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, кеңестің қызметін тиімді жүзеге асыру үшін үш комиссия құрылды. Олар: бюджет, экономика, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі комиссия, төрағасы облыстың қаржы, салық және тексеру қызметі органдарында ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған Серік Құтбаев, құрылыс, коммуналдық салаларды дамыту, жер қатынастары және қоғамдық көлік мәселелері жөніндегі комиссия, төрағасы Тараз қаласы, Сарысу ауданы, Түркістан облысы Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы «Құрмет» орденінің иегері, облысқа танымал құрылысшы Рахманқұл Байтелиев және экология, мәдени-әлеуметтік, қоғамдық даму мәселелері жөніндегі комиссия, төрағасы кезінде облыстың денсаулық сақтау саласын басқарған, қазіргі уақытта облыстық аурухананың бас дәрігері, қалалық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Марат Жұманқұлов.
Кеңестің қоғамдық бақылау функциясын жетілдіру мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпанда бекіткен Қоғамдық кеңес туралы үлгілік Ереженің 41-тармағына сәйкес, қоғамдық кеңестің жаңа шақырылымының құрамында 5 тәуелсіз сарапшыдан тұратын қоғамдық сарапшылар комитеті құрылды. Бұл құрылымды облыстың бірнеше аудандарында қоғамдық тәртіпті қорғау саласын басқарған, танымал заңгер, кеңес мүшесі Қыстаубай Сағынтаев басқарады.
ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 18-бабы 3-тармағына сәйкес, қоғамдық бақылау субъектілерінде азаматтардың еркіндігі мен бостандығын қамтамасыз етуде жағымсыз факторларды болдырмау жөніндегі қоғамдық мүдделерді сақтау тұрғысынан зерттеу, талдау және бағалау рәсімі қоғамдық сараптама арқылы жүзеге асырылуда.
Кеңестің 9 мүшесінен төралқа құрамы сайланды. Оның құрамына кеңес төрағасы, кеңестің 3 комиссиясының төрағалары, бір комиссияның хатшысы, қоғамдық сараптамашылар комитетінің төрағасы, кеңестің мониторингтік зерделеу қызметінің жетекшісі, облыстық «Знамя труда» газетінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты және бір білікті заңгер енгізілді.
Қоғамдық кеңестің төртінші шақырылымы 2025 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында сан салалы мемлекеттік қызмет түрлері мен оларды жетілдіруге, қаржыландыруға, облыс орталығының қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді қамтыған 1 қоғамдық тыңдау, 3 кеңейтілген отырыс, 15 кеңес төралқасы мен комиссиялардың біріккен отырыстарын өткізді.
Басқосуларда қоғамды толғандырып отырған мәселелердің негізгі салалары – тұрғындарды тұрмыстық-әлеуметтік жағынан қамту, білім беру саласының мәселелері, жұмыссыздықты азайту, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылықты дамыту, қала аумағын көркейту, көгалдандыру, бағаны тұрақтандыруға күш салу, тұрғын үй құрылысы, қала аумағындағы жерлерді пайдалану, қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін жандандыру мәселелері қоғамдық кеңестің күн тәртібінен тыс қалған емес.
Мысалы, 2025 жылдың наурыз айында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында сұранысқа ие кадрларды дайындауда Тараз қаласындағы 22 мемлекеттік және жекеменшік кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің жұмысына қоғамдық кеңес тарапынан жүргізілген мониторинг барысында олардың көпшілігінде жұмысшы кадрларды даярлау сапасының төмендігіне, оқу бітірген түлектердің кәсіптік деңгейінің бүгінгі еңбек нарығы сұранысына сай келмейтініне, бірқатар оқу орынның материалдық-техникалық базасының әлсіздігінен болашақ мамандардың нақты жағдайларға тез бейімделуін қамтамасыз ете алмай отырғанына көз жеткізді. Сонымен қатар кәсіптік білім беру жүйесінің еңбек нарығымен өзара іс-әрекет жасауының әлсіздігі жұмыс берушілердің мамандарды бірлесіп дайындауға, өндірістік іс-тәжірибелерді ұйымдастырып, соңынан еңбекке орналастыру мүмкіндігін қарастыруға мүдделілігі төмен екенін (өткен оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру колледждерін бітірген 5 455 түлектің 2 327-сі немесе 42,7 пайызы ғана жұмысқа орналастырылған) анықтады.
Көптеген жекеменшік колледжде мемлекеттік грантты ұтып алған студенттер оқу барысында кеңес заманында жасалған көнерген технологиялармен танысуда. Білім беру бағдарламалары 80 пайызға ескірген. Осындай оқу орындарында білім алған түлектер өндіріс орындарындағы заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге қабілетсіз.
Техникалық және кәсіптік білім мазмұнын жаңғырту процесі білім беру саласындағы инновациялық технологияларды меңгерген педагогтардың кәсіби ұтқырлығын арттыруға бағытталған нақты кадрлық саясатты талап етеді. Колледждерде жұмыс істейтін 1 336 оқытушы-педагогтың 151-і немесе 11,3 пайызы ғана өндірістік оқу шебері. Олардың 105-і немесе 7,9 пайызы зейнет жасындағылар, 30 пайыздан астамы – 55 жастан асқандар. Аталмыш кемшіліктерге егжей-тегжейлі қоғамдық сараптамалық талдау жасалып, нәтижесі кеңестің кеңейтілген отырысында қаралды.
Мәселені талқылау барысында қоғам белсенділері мұндай келеңсіздіктер педагогикалық қызмет нәтижелері бойынша оқытушыларды ынталандыру және біліктілікті арттырудың айқын тетігінің жоқтығынан болып отырғанын атап өтіп, салаға мемлекет тарапынан бөлініп отырған қыруар қаржыны білім сапасын арттыруға, оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын заманауи үлгідегі қондырғылармен, аппаратуралармен, ағаш өңдеу, токарлық, электро құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге бағыттау қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар білімгерлерге лайықты тәрбие беру мәселесінде облыстық білім басқармасы мен колледж ұжымдары арасындағы тікелей байланыстардың жеткілікті дәрежеде еместігін баса айтып, кеңес отырысына шақырылған облыстық білім басқармасының және осы салаға тікелей қатысы бар лауазымды тұлғалардың атына қатаң сындар айтылды. Оған кәмелетке толмаған колледж студенттері арасындағы қылмыстың азаймауы, жасөспірімдердің жағымсыз іс-әрекетке жиі баруы (мысалы, құқық тәртібін бұзғаны үшін 2023 жылы полиция бөліміне 44 кәмелетке толмаған колледж білімгері жеткізіліп, есепке алынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 12,8 пайызға өсіп, 56-ға жеткен. Ал биылғы 3-ақ айда қала бойынша полиция бөлімшелеріне 1 021 кәмелетке толмаған жас өспірім жеткізілген, оның 52-сі – колледж білімгері, өткен жылы облыста кәмелетке толмағандармен 9 қылмыс жасалса, олардың бесеуі колледж студенті) қоғамда алаңдатушылық туғызып отырғаны себеп болып отыр.
Сол сияқты қоғамдық кеңестің 2025 жылға арнаған жоспарына сәйкес, қеңес мүшелері мамыр-маусым айлары аралығында Тараз қаласын көгалдандыру, абаттандыру және сәулеттік келбетін көркейту мәселелері бойынша қоғамдық мониторингтік зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Қаланы абаттандыру және көріктендіру жұмыстарына 2024-2025 жылдарға жалпы сомасы 3 млрд 972 млн теңге бюджеттік қаражат бөлінген. Соған қарамастан, мониторингтік зерделеу барысында қала аумағында тал көшеттерін отырғызу, көгеріштендіру, оларды күтіп баптауға қатысты бірқатар өзекті мәселе қалыптасып отырғаны, көшеттердің өсу көрсеткішінің өте төмендігі, егілген әрбір үшінші ағаштың бірі бой алып кетпейтіні, егілген тал көшеттері уақтылы суарылмайтыны, ауру ағаштарды емдеу шаралары жүргізілмегендіктен көбісі қурап кететіні, көшеттерді климатқа бейімделген жергілікті тұқымбақтардан алмай, сырттан әкелетіні, бұл үрдістің ондаған жыл бойы қайталанып келе жатқаны анықталды.
Сол сияқты мониторингтік топ қала бойынша кейбір көшелерде ирригация жүйесін қамтамасыз ететін науалардың тозығы жетіп, су жүретін құбырлардың аузы бітеліп қалғандығына, ескі науаларды жаңасына ауыстыруда лотоктың көше қиылыстарына жете бере тұйықталып қалғанына, ағын судың жолдың арғы бетіне өтуі үшін жасалған жол астындағы құбырлардың аршылмай, кейбірін талдың діңгегі бөгеп тұрғанына, лоток қиылыстарының бетондалмағаны секілді бірқатар олқылықтарға көз жеткізді.
Осы орайда Қоғамдық кеңес жанындағы сараптамалық топ көгалдандыру, тал көшеттерін сатып алу, суару, күтіп-баптау, химиялық өңдеу жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алу порталындағы жарияланған мәліметтерге, көгеріштендіру жұмыстарына бөлінген бюджеттік қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғанына сараптамалық жұмыстар жүргізіп, бірқатар келеңсіздіктер анықтап, сараптама нәтижесін қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысының қарауына ұсынды. Мәселе қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысына кеңес мүшелерінен басқа қала әкімдігінің бөлім басшылары, округтарға бекітілген аға инспекторлар, «Жасыл ел-Тараз», «ҚазСуШар», облыс әкімдігінің сәулет қала құрылысы басқармасының, облыстық экология департаментінің лауазымды тұлғалары, бірқатар сала мамандары мен қоғам белсенділері шақырылды. Мәселені талқылау барысында кеңес мүшелері қала құрылысының жоспарлануы мен оған бақылау жасау төңірегінде қалыптасып отырған біршама өзекті мәселелерді өткір сынға алды.
Өткен жылы кеңестің төралқасы мен комиссиялары бірлескен отырыстарында «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 2024 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстары туралы», «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен 2024 жыл мен 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстары туралы», «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылы мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты атқарған жұмыстары туралы», «2025 жылдың 1-жартыжылдығында Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінде көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстары туралы», «Тараз қаласы бойынша зейнеткерлердің санаторлық-курорттық жолдамасына өтемақы төлеу жағдайы туралы»; «Тараз қалалық Қоғамдық кеңесі мүшелерінің сандық құрамына өзгеріс енгізу туралы», «Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің құрамына өзгеріс енгізу туралы», «Тараз қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджетінің жобасы туралы» мәселелер қаралды.
Қаралған құқықтық актілердің әрқайсысының мақсаты мен болжамды нәтижелілігі кеңес тарапынан сараптамадан өткізіліп, мақұлданып немесе жұртшылықтың мүддесіне қатысты жетілдіруді қажет ететін тұстары бола қалған жағдайда өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар беріліп келеді.
Қорыта айтқанда, Қоғамдық кеңес шешілмей жатқан мәселелер бойынша бой көрсетіп қалатын психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шараларды өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде орындап жатыр, алдағы уақытта да әлеуметтік топтар немесе жекелеген азаматтар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-тілектер кеңестің бақылауында болады.

Comments (0)
Add Comment