Қала әкімі Бақытжан Орынбеков азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Бұл жолы талап-тілегін тыңдатуға 20-ға жуық тұрғын келді. Солардың бірі – Рахат Итқұлова. Ол «Қаратау» ықшамауданында заңсыз қойылған дүңгіршектердің мәселесін көтеріп, бейберекет орналасқан сауда ошақтарын ретке келтіруді сұрады. Тұрғынның талабын тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы жауаптыларға тез арада жұмыс тобын құрып, аталған мәселені зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қабылдауға жазылғандардың қатарында Әзімкүл Мамытаева да бар. Шаһар тұрғыны қиын жағдайда екенін жеткізіп, әлеуметтік көмек көрсетуді өтінді. Өз кезегінде шаһар басшысы орынбасарларына бұл өтінішті бірден назарға алып, демеушілер есебінен көмек қолын созуды тапсырды.
Қабылдауда бұдан өзге де жарықтандыру, балалар алаңшасын салу, шағын бизнесті қолдау, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй алу сынды бірқатар мәселелер көтерілді. Әр тұрғынның өтініші назарға алынып, көтерілген сауалдар бойынша хаттама толтырылды. Бақытжан Әмірбекұлы жауаптыларға қабылдауға келген әр азаматтың мәселесін ай соңына дейін шешуді жүктеді.