Көптің көңілінен шыққан жәрмеңке

Көптің көңілінен шыққан жәрмеңке

Өткен сенбіде Тараз қаласындағы әлеуметтік базар алаңында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Шаһар тұрғындарына ауылшаруашылығы өнімдері арзан бағада ұсынылған жәрмеңкеде облысымыздың 10 ауданы мен Тараз қаласының ауылшаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін тұрғындарға делдалсыз саудалады.

Түгін тартсаң, майы шығатын Әулиеата өңірі – егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ. Сондықтан облыс орталығында өткен жәрмеңкеге аудан мен қала кәсіпкерлері алуан түрлі өнімдерін алып келіпті. Жәрмеңке аясында мал шаруашылығымен айналысатындар ет, сүт өнімдерін сөрелерге жайса, ара шаруашылығымен айналысатындар бал өнімдерін алып келді. Әсіресе, Жамбылдың құнарлы топырағында өсірілген пияз, сәбізбен қатар түрлі көкөністерді сатып алушылардың қарасы қалың болды. Ал кондитерлік өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпкерлер тәтті тоқаштарын ала келген. Бастысы – баға арзан. Атап айтқанда, нарықтағы орташа бағасы 3 200 теңге тұратын қойдың сан еті – 2 900, қабырға еті 2 700 теңге болса, сиыр еті – 2 900, жылқы еті – 2 500, балық – 1 400, ал әуелгі бағасы 1 150 теңге болатын құс еті жәрмеңкеде 1 000 теңгеден сатылды. Картоптың орташа бағасы – 250, сәбіз – 130, пияз 100 теңгеден саудаланды.
– Әлеуметтік базар алаңында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облысқа қарасты аудандар мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізілген. Жәрмеңкеде жалпы құны 95,8 миллион теңгені құрайтын 60,1 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 12,6 тонна ет, 3 тонна шұжық өнімдері, 7,1 тонна сүт өнімдері, 7 мың дана жұмыртқа, 0,6 тонна кондитерлік өнімдер мен 4,4 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 4,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 18,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Өзіңіз көріп тұрғандай, жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың, сатушылар да белсенді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов.

Жәрмеңкені аралап жүріп Шу ауданынан келген жеке кәсіпкер Қанат Болатқұловты сөзге тарттық. Оның сөзінше, осындай жәрмеңкелердің тауар өндірушілерге берер пайдасы мол.
– Біз бұл жәрмеңкеге өз өнімдерімізді алып келдік. Мұнда макарон өнімдерімен қатар, қымыз, айран, сүт өнімдері және шұрайлы Шу топырағында өскен пиязымыз да бар. Өнімдердің 80 пайызы сатылып кетті. Алдағы уақытта өнімдерді көбірек алып келуді жоспарлап отырмыз. Бұл қатарға тәтті торттар мен ірімшік, құрт сияқты тағамдарды қосу жоспарда бар. Халыққа тиімді, кәсіпкерлерге қолайлы осындай жәрмеңке ұйымдастырған облыс әкімдігіне, ауыл шаруашылығы басқармасына шынайы алғысымды білдіремін, – деген кәсіпкер жамбылдықтарды келе жатқан әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.
Тұмса табиғаты көрген жанды тамсандыратын мерейлі Меркі өңірі мал, егін шаруашылығымен қатар, омарта шаруашылығы да шалқыған аудан. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының бойында орналасқан аудан аумағындағы жол жиегінде саудаланып тұрған бал өнімдеріне көпшілік жиі ат басын бұратынын көріп жүрміз. Сенбідегі жәрмеңкеде сөреге сұлу өлкеден әкелінген балдың неше алуан түрі қойылыпты.
– Өзім омарташылықпен шұғылданамын. Сондықтан өнімдеріміз таза, табиғи. Сатып алушыларға сапалы өнім ұсынсаңыз, тұрақты тұтынушыңызға айналады. Бұл жерге қолжетімді бағада балдың 8 түрін әкелдім. Бірнеше күнде сатылатын балымыз аз уақытта өтіп кетті. Саудамыз сәтті, көңіліміз көтеріңкі, – дейді қуанышы қойнына сыймаған омарташы Андрей Иванов.
Өз кезегінде нарық бағасынан әлдеқайда төмен сатылып жатқан өнімдерге тараздық тұрғындар да дән риза.
– Бүгін жылқы мен сиыр етін және көкөністер сатып алдым. Мұнда сатылатын май мен кілегей өте дәмді әрі бағасы да төмен. Картоп, сәбіз, пияз барлық жерде қымбат екені рас. Ал жәрмеңкеден оңтайлы бағада сатып аласың. Ұйымдастырушыларға, кәсіпкерлерге ризамыз, халық қуана келіп жатыр. Осындай жәрмеңке жиі ұйымдастырылса, – дейді қала тұрғыны Тұрдыгүл Абрайымбаева қолындағы азық-түлік толы дорбаларын көрсетіп.
Сонымен, жəрмеңкенің тұтынушыға да, тауар өндірушіге де тиімді екенін байқадық. Алдағы уақытта да мұндай шаралар халық тілегіне сай жүйелі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр…

Гүләсем МАХАШЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
6В03213-«Веб-журналистика» білім беру бағдарламасының
4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment