Көптен күткен құт мекен

Таразда Елорда күніне орай «Бәйтерек» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында кезекте тұрған 15 отбасыға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз қолымен пәтер кілттерін табыс етті.

Шапағат Әбдірұлы

Жаңа үйге ие болғандардың көбі – көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Жаңа қоныстың кілтін ұстап тұрғандардың қуанышында шек болмады. Мемлекетіміздің сындарлы саясатының арқасында көздері қуаныштан жасқа толған жандардың да алғыстан басқа айтары жоқ.
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 30 мыңнан астам жамбылдық тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ең алдымен пәтерлерді көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар алады. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін біз сонымен бірге жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін пайдаланамыз және мүмкіндігінше тұрғын үйлер салуды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облысымызда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында да көптеген пәтер пайдалануға берілуде. Атап айтар болсақ, өткен жылы 99 отбасы өз ауылдастары салған үйлердің кілтін қолына алған. Биыл да жақсылық жалғасын тауып, 134 үйдің құрылысы басталған. Өңірімізде «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары да белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.

Бүгінгі қуаныш иелерінің арасында осы күнді 14 жыл күткен І топтағы мүгедек, көпбалалы ана Сағатгүл Кенжебекова да бар. «Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін ең маңызды күн болды. Балаларға жаңа қонысымыз қатты ұнады. Осындай сәттерде мемлекеттің нақты қамқорлығын сезінесің», – деп толқып кетті тұрғын.

Алты баланың анасы Жанар Абитова да қуаныштан көз жасын тыя алмады.

– Бірнеше жыл бойы біз баспана жалдауға мәжбүр болдық. Енді біздің өз баспанамыз бар. Бөлмелер де жарық және кең. Үкіметке осындай қиын-қыстау сәтте қолдау көрсеткені үшін үлкен рақмет, – дейді жаңа қоныс иесі.

Жамбыл облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын да атап өткен жөн. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы 4482 пәтерлі 76 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін 2 902 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Бес айдың қорытындысы бойынша 204,3 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға артық. Жыл аяғына дейін 651 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарланған.

Comments (0)
Add Comment