Көпшіліктің көмегі

Қала аумағында карантинге жабылған «Қарасу» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үй полиция қызметкерлерінің бақылауында. Эпидемиологиялық тексеру кезінде 17 наурызда 86 жастағы әйел тұрғынның Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталған. Енді оқшауланған подъездің 27 тұрғынына 14 күнге дейін пәтерлерінен шығуға тыйым салынды. Осыған байланысты қала әкімдігі пәтер тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететінін айтқан-ды.

Сәндібек ПІРЕНОВ
Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Содан кейін-ақ қала әкімдігі төтенше жағдайға бөлінген қаржы есебінен пәтер тұрғындарын 10 күнге жететін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қысылтаяң шақта карантинге жабылған тұрғындарға тек жергілікті билік қана емес, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар да қолдау көрсетуде. Нақтырақ айтсақ, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының белсенді мүшесі Ерқанат Манжуов өз қаражаты есебінен «Қарасу» алқабындағы тұрғындар, сақшылар, дәрігерлер, блок-бекеттердегі мамандарды қосқанда жалпы 480 адамға ыстық тамақ ұйымдастырды. Осындай игі істен шет қалмаған Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Е.Саурықов, «АКМ group» компаниясының жетекшісі, қалалық мәслихаттың депутаты Ш.Үсенбаев, «Пырақ-Құрылыс» серіктестігінің төрағасы Т.Жолтаев пен «Үміт» мейрамханасының жетекшісі Л.Гаюповалар бар. Атымтай жомарт жандардың көпке үлгі істеріне еріктілер де қолдан келгенше көмек көрсетуде. Мәселен, волонтерлер арнайы қорғаныш киімдерін киіп, карантинге жабылған пәтер мен блок-бекеттерді күзеткен сала мамандарына қажетті заттарын жеткізіп берумен айналысуда. Бұған карантинге жабылған «Қарасу» алқабына барғанда көз жеткіздік. Подъездің алдында патрульдік көлікпен полиция қызметкерлері күзетте тұрса, инфекционист-дәрігер де сол маңда екен. Көппәтерлі тұрғын үйге келген еріктілер «Үміт» мейрамханасында әзірленген ыстық тамақты пәтер маңындағы орындыққа қойды. Бұдан кейін жүрегі шайлығып қалған пәтер тұрғындары тағамдарды кезекпен қабыл алды. Жұқпалы індет құрығын салмай тұрған шақта бұл пәтерде тұратын ата-аналар ойын қуған балаларын қарайлау үшін терезеге үңілетін. Бірақ дәл қазіргі жағдай басқа, есік алдындағы қозғалыс тоқтаған. Тіпті көрші подъездің тұрғындары дәл осы аумақтан алыс жүруді амалдайды. Оқшауланған подъездегі тұрғындар «әуреге салған жұқпалы індеттен ел тұрғындары тездетіп сауықса» деген тілегін жеткізді.
– Сәуірдің 7-сінен біздің подъезд карантинге жабылды. Сол күннен бастап қала әкімдігі, кәсіпкерлер мен еріктілер қолдау көрсетті. Тұрғындарды азық-түлік, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, қоқыстарды шығарып, басқа да қажетті заттарды әкеліп жатыр. Карантинде болған үш күннің өзі оңай тиген жоқ. Ересектерді айтпағанда, ойын балаларына қиын болды. Күніміз осы терезе алдында отырумен өткен соң, балалар далаға шыққысы келеді. Сондықтан қазіргі ахуалға байланысты қала тұрғындарын үйде отыруға шақырамыз, – деді пәтер тұрғыны Аягөз Майлиева.
Бұдан бөлек, 10 сәуір күні түнде №10 шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйден коронавирус жұқтырған азаматша анықталды. Бұл туралы жергілікті билік пәтер тұрғындарының жағдайын бақылауда ұстайтынын, ал кәсіпкерлер қажетінше қолдау білдіретіндерін айтты.
Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 1179-ға жетті. Оның ішінде 142-сі жазылып шықса, 14 адам көз жұмды. Жалпы облыс бойынша 49 коронавирус оқиғасы тіркелген. Оның 6-ы Дели рейсіндегі жолаушылардан анықталған. Сондай-ақ Тараз қаласында – 6 оқиға, Қордай ауданында – 30, Жамбыл ауданында – 3, Меркі ауданында – 2, Шу және Мойынқұм аудандарында бір-біреуден тіркелген.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Бүгінде әлемді шарпыған індет ешкімді бейжай қалдырмады. Қазіргі төтенше жағдайда атқарылып жатқан әрбір іс – ел игілігі үшін. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Дәулеталиннің жариялаған әлеуметтік желідегі жазбасында бізге сенім артқан халықтың үдесінен шығады деп сенеміз.

Күні кеше жарық көрген жазбада ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Дәулеталин: «Төтенше жағдай елімізде жарияланғаннан бастап барлық филиалдар бірігіп жұмыла жұмыс жасаудамыз. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері салалық кәсіподақтардың филиалдарымен бірге алғашқы күннен бастап коронавирустық инфекциямен күресетін медициналық қызметкерлерге материалдық көмек көрсетуде. Кәсіподақтардың медицина қызметкерлеріне көрсеткен көмектің жалпы көлемі бүгінде 56 280 000 теңгені құрады. Бұл қаражат материалдық қамтамасыз етуге, жеке қорғаныс құралдарын, дәрігерлер мен олардың отбасы мүшелеріне қажетті заттарды сатып алуға, медициналық пункттерде және ауруханаларда медициналық қызметкерлерге ыстық тамақ ұйымдастыруға жұмсалды. Барлық салалық кәсіподақтарда және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінде жедел штабтар құрылып, сенім телефондары ашылды», – деді.
Иә, кәсіподақ еңбек адамымен әр кез бірге. Біз, Жамбыл облысы аумақтық кəсіподақтар бірлестігі, осы мақаладағы нақты істерді толық қолдаймыз. Əсіресе, төтенше жағдай кезінде кəсіподақтар алдыңғы шептегі медицина қызметкерлеріне нақты көмек көрсетуде. Мәселен, облыста аталмыш дертке қарсы тұру бойынша 5 медициналық нысан дайындалып, жабдықталған. Жамбыл облысының медицина қыметкерлері «Senim» кәсіподақ ұйымы – өзінің 20 мыңнан астам мүшесі бар беделді ұйым. Қазіргідей жағдайда медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін сақтау мен алдыңғы шепте ерлікпен қызмет жасап жатқан дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсету өте қажетті мәселе екенін терең түсінеді. Осы мақсатпен медицина мекемелерінде қажетті заттар мен жабдықтар алуға 1,5 млн теңге ақша аударды. Бұл іске бастауыш қоғамдық ұйымдар да өз үлестерін қосуда.
Жамбыл облыстық филиалы бастауыш ұйымдармен бірлесіп, ардагерлерге, дәрігерлерге және аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға бетперде және қажетті заттар жеткізу түрінде барлық көмек көрсетуде. Барлық медициналық ұйымдарда маскалар мен дезинфекциялық құралдар жеткілікті. Ал жоғары медициналық колледж студенттерінен құралған еріктілер тобы уәкілетті мемлекеттік органның шектеу шаралары және одан кейінгі карантин туралы шешім қабылдағаннан кейін тұрғылықты жеріне жіберілді.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратында денсаулық сақтау басқармасы, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында филиал тікелей байланыста болатын жедел штаб бар. Облыс халқы CОVID-19 дертіне байланысты сұрақтар бойынша 1302 нөміріне қоңырау шала алады. Филиал бастауыш ұйымдармен үнемі байланыста, біз барлық ақпаратты филиалдың чатында таратамыз. Барлық адамдарға заңгерлік көмек, қызықтыратын барлық мәселелер бойынша кеңестер берілуде. Облыстағы карантиндік және уақытша ауруханалардың жеке медициналық қызметкерлерінің (мысалы, Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасы – 400 000 теңге, Ана мен бала денсаулығын сақтау орталығы – 200 000 теңге, ересектерге арналған фтизиопульмонологиялық санаторийі – 200 000 теңге, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы – 200 000 теңге) жұмысшылары тәулік бойына жұмыста қалуына байланысты көмек көрсетілуде. Филиал аталған ұйымдарға жеке қорғаныс құралдары мен тамақтануға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Қажет болған жағдайда мұндай көмекті филиал медициналық мекемелерден тиісті сигналдар алған кезде көрсетеді.
Еліміз түрлі нәубетті бастан кешірді. Қиын-қыстау кезде барлығымыз бір-бірімізді демеп, қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Карантин уақытында бізге қойылған барлық талапты орындап, үйде отырайық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл.

Мейрамбек Төлепберген,
Жамбыл облыстық кәсіподақтар
бірлестігінің төрағасы

Comments (0)
Add Comment