Көпбалалы аналар құрметке лайық

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев «Алтын алқалы» және «Күміс алқалы» аналарды марапаттады.

Сәндібек Піренов

Салтанатты жиында 7 анаға «Алтын алқа», 25 анаға «Күміс алқа» тапсырылып, батыр аналарға сый-құрмет көрсетілді.
– «Алып анадан туады» деген тағылымды сөз бекер айтылмаған. Расында, отбасыда баланың болашағына әсер ететін жылулық ана тәрбиесінде екені рас. Әрбір баланың өз несібесі бар. Елдің беделін арттырып жүрген батыр азаматтардың көбісі көпбалалы отбасыдан шыққан. Сондықтан бала тәрбиесіне үлкен мән беретін көпбалалы аналарға құрметіміз шексіз. Сол үшін де соңғы жылдары мемлекет тарапынан көмек те артып келеді. Биыл үй кезегіндегі аналардың басым бөлігі қоныс тойын тойласа, мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақы мен әлеуметтік көмекке бөлінетін қаржының сомасы да артты, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Іс-шара барысында қала әкімімен еркін пікір алмасқан көпбалалы аналар мемлекет және жергілікті билік тарапынан ана мен балаға жасалып жатқан қамқорлықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып, алғыстарын білдірді.
– Ана баланы тәрбиелей отырып, қоғамды тәрбиелейді. Сондықтан әр балаға ерекше көңіл бөліп қарау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қалыптасқан қоғамның керегесін кеңейтетін де, тарылтатын да – аналар. Бізді елеп-ескерген биліктегілердің шапағаты жылдан-жылға артып келеді. Жыл басында үйдің кезегі келіп, баспаналы болдық, – деді алтын құрсақты ана Әсел Рысбаева.
Мемлекет тарапынан мұқтаж жандарға бөлініп жатқан қаражат пен көрсетілген көмек ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын жастар үшін екенін айтқан қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы «батыр аналардың балаларынан үлкен үміт күтеміз» деді.

Comments (0)
Add Comment