Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы көпбалалы аналарды қабылдады. Әуелі сөз алған шаһар басшысы нәзікжандыларды ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.
– Егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 19 миллионнан асып, демографиялық дүмпуге қол жеткізіп келеміз. Көне шаһар тұрғындарының саны артып, 420 мыңнан асып жығылды. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел затының орны биік екенін айғақтайды. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз – соның бір көрінісі. Сіздер жер бетіндегі барлық құрметке әбден лайықсыздар! Сіздерді бүгінгі айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Шаңырақтарыңызға шаттық, босағаларыңызға бақыт ұяласын. Перзенттеріңіздің қызығын көріп, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыздар, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көпбалалы аналарға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 27 қаңтардағы №117 Жарлығымен тағайындалған «Алтын алқа» мен «Күміс алқаларды» табыстады.
Жиын барысында аналар да ізгі лебіздерін жолдап, қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Жалпы Тараз қаласы бойынша 2010-2021 жылдар аралығында жалпы 2 634 көпбалалы ана «Алтын алқа» және 2 316 әйел «Күміс алқамен» марапатталған. Ал былтырдың өзінде 42 ана «Алтын алқамен», 166 ана «Күміс алқамен» наградталған.