Көпбалалы аналар алқа тақты

Тәуелсіз еліміздегі демографиялық саясатты қолдап, қазақ халқының көбейіп, іргесі нығая түсуін мұрат тұтқан алтын құрсақты асыл аналарымыздың қатары шаһарда жыл санап артып келеді. Жүректері жомарт, көңілдері мейірім шуағына толы сондай жандардың өз ортамызда жүргендері қандай ғанибет.

Арайлым Бақытжанқызы

Қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай көпбалалы аналарды қабылдап, оларға салтанатты түрде «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» тапсырды. Төсбелгілерді тақпас бұрын Кенжебек Мамашбайұлы ананың, әйелдің қоғамдағы орны туралы айтып, барлық нәзікжандыларды келіп жеткен мерейлі мерекелермен, бүгінгі салтанатпен құттықтады.

– Көпбалалы ана – бұл мемлекеттің алтын діңгегі. Өмірдің барлық жағдайында ата-ана тәрбиесінің орны орасан зор. Балаға ананың қамқорлығын, жылуы мен мейірімін ешбір адам баласы бере алмайды. Қоғамда көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жыл санап артып келеді. Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жәрдемақыны сәуір айынан бастап жаңа форматта беруді ұсынды. Баспана мәселесі де кезең-кезеңімен өз шешімін табады. Сіздермен өмір басталады. Сіздер барда, әлем бар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты аналар, оның ішінде көпбалалы қыз-келіншіктер көп болғай. Әрбір шаңырақта татулық, береке, ырыс-ынтымақ болсын, – деді Кенжебек Олжабай.

Жалпы бұл күні 8 ана «Алтын алқа», 16 ана «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды. Салтанатты шара барысында сөз алған қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов нәзікжандыларды құттықтаса, аналар атынан «Алтын алқа» иегері Айсара Сатова алғыс айтып, батасын берді.

Comments (0)
Add Comment