Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды табыстау рәсімі өтті.
Басқосуда сөз алған шаһар басшысы аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Өздеріңізге белгілі, егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 19 миллионнан асып, демографиялық өсімге қол жеткізіп келеміз. Көне шаһар – Тараздың тұрғындарының да саны артып, 400 мыңнан асты.
Жалпы, облыс орталығында ана мен баланы қорғау мақсатында көптеген ілкімді істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел затының орны биік екенін айғақтайды. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі іспетті.
Дана халқымыз «Әйел күлкісі естілген ел – бақытты ел» дейді. Сол себепті, әрдайым шынайы күлкілеріңізбен елімізді бақытқа бөлеп, ұзақ жасауларыңызға шын жүректен тілектеспін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы марапат иелеріне алқаларын табыстады.
Аналар да өз кезегінде шаһар басшысына шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Осы орайда айта кетерлігі, Тараз қаласы бойынша 2010-2022 жылдар аралығында жалпы 2 634 көпбалалы ана «Алтын» және 2 316 ана «Күміс» алқамен марапатталса, былтырдың өзінде 42 нәзік жанды дәл осындай құрметке ие болған. Ал бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 10 сәуірдегі №191 Жарлығы бойынша 8 көпбалалы анаға «Алтын», 44 анаға «Күміс» алқа табыс етілді.