Көпбалалы аналарға арнайы жоба

Көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасындағы жұмыссыз, кәсіп игере қоймаған нәзікжандылар үшін арнайы жоба іске қосылды. Жоба арқылы кәсіпкерлікті енді бастайтын және оқып-үйренгісі келетін түрлі саладағы әйелдерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Зере ҚУАНЫШ. Суретті түсірген А.РЫСМАХАН

«Бақуатты отбасы» жобасын облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық комиссиясы, ҚР «Атамекен» ҰКП облыстық іскер әйелдер кеңесі мен қала әкімдігі бірлесіп іске асырды. Жобаның мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жұмыссыз әйелдерді жұмысқа тарту арқылы қайырымдылық кештерін өткізу, әйелдер құқықтарын сақтау бойынша кеңестер беру. Мысалы, елімізде гендерлік теңдікті жүзеге асыруда жағымды жаңалықтар болғанмен, іс жүзінде әлі де кедергілер көп. Біріншісі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық. БҰҰ мәліметтері бойынша Қазақстанда жыл сайын 500 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Аса ауыр зорлық-зомбылықтың 30-40 пайызы отбасында орын алады.

– «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан халықтың хабардар болу деңгейі» зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, отбасындағы кең тараған зорлық – моральдық-психологиялық тұрғыда. Екінші орында – физикалық зақымдау, үшінші орында – экономикалық, ал төртінші орында – сексуалдық зорлық-зомбылық. Екінші мәселе – еріксіз неке, оның түп-тамыры психологиялық жетілмеуде, жасөспірімдердің, әсіресе, өрімдей жас қыздардың әлеуметтік қорғансыздығында жатыр. Соңғы кездері әйелдерге қатысты тағы бір зорлық қосылды. Ол – қыз алып қашу. Кәмелетке толмаған қыздарды қалыңдық қылып, алып қашу – еріксіз некенің бір түрі. Осы бағытта бірқатар нақты қадамдарға қол жеткізу керек. Облыс орталығында әйелдерге арналған зорлық-зомбылыққа қарсы дағдарыс орталығы ашылды. Бизнес өкілдері әлеуметтік мұқтаж жандарға әрдайым көмектесіп келеді, – деді облыс әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясының жауапты хатшысы Бақыт Жақсылықова.

Шара барысында аудандардан да көпбалалы аналар келіп, тегін кеңес алып, қажетті мағлұматтармен танысты. Бас-аяғы 70-тен астам нәзікжанды бұл жобаның алғашқы қатысушылары болды.

– Іскер әйелдер кеңесі аз қамтылған отбасы мен көпбалалы аналарды тамақтандырып қана қоймай, мүмкіндігінше жұмыспен қамтуда өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр. Осы бағыт бойынша жұмыс берушілермен келісе отырып, маман даярлау жоспарда бар. Ол үшін кәсіби оқыту, жұмысқа орналастыру назарға алынып, грант қарастырылып отыр. Бұл – аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Осындай іс-шараны ұйымдастыруға өз үлесін қосқан мемлекеттік органдарға алғысымыз шексіз, – деді өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова.

Бұл күні жеке кәсіпкерлер бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оның ішінде, қонақ үй мен мейрамханалар қауымдастығы, келу және бару туризм қауымдастығы, «Дана-Дель» ЖШС, «Айнек-Тараз» ЖШС, «Зерек» ДЦ, «Почемучка», «Мамедалиева», «Тыналиева» («Тони Моли» сауда белгісі), «Enigma models» сән мектебі» ЖК, «Алтеза» сәнді киім бренді, «GOOD LOOK» ЖШС, «НИКА» коммуникативтік даму орталығы, «Усманова» («Fismarttaraz» сауда үйі) ЖК, «Азамат Тараз Секьюрити» ЖШС бар. Алдағы уақытта бұл жоба өз жалғасын табады.

Comments (0)
Add Comment