Тараз қаласының түнгі шырайын кіргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығында көптеген ілкімді істер атқарылуда. Айталық, биыл көне шаһардың 68 көшесінде жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланса, былтыр 30 көшені самаладай жарқырату қолға алынды. Сондай-ақ экономиядан қалған қаржыға тағы 20 көше жарықтандырылды. Дегенмен кейбір көшелерде құжат рәсімдеріне байланысты жарық шамдары биылғы жылға өтпелі болатын. Аталған көшелердің тиісті құжат рәсімдері бүгінде аяқталып, жоспарланған елу көшеге толық жарық берілді.
Нақты айтар болсақ, Адамбаев, 3-бұр. Байзақ батыр, 1-бұрылыс Байзақ батыр, 1-бұрылыс Аққозиев, 1-бұрылыс Өзбек, 3-бұрылыс Өзбек, Маяковский, 2-бұрылыс Маяковский, Первомайская, Ат-Тарази, Родниковая көшелері, 15-бұрылыс Фресно, 16-бұрылыс Фресно, Фресно, Казаков, Сағынтаев, Щусев, Караванная, Памирская, Лукманов, Тектұрмас, 6-бұрылыс Көшеней, Пригородный, Аққозиев тұйығы, Сеңкібай, Айнакөл, Уәлиханов, Жібек жолы, Сыпатай батыр, Жанболатов көшелері самаладай жарқырап тұр.
Ал экономиядан қалған қаржыдан тізімге енген 4-бұрылыс Сүлейменов, Лазо, Байзақ батыр, 3-бұрылыс Трудовая, Қылышбай ақын, Ыбыраев, Қосанов, Шу, Ақыртас, Меркі, Цветочная, Киікбаев, Оқым Қортыс, 5-бұрылыс Абылай хан, П.Лулумба, Ұлтанбаев, Тынышбаев, Самаркандская, З.Космедемьянская көшелерінде келісілген шартқа сәйкес, ақпан айының соңында жарық шамдары іске қосылды.
Өз кезегінде көше жарығына қол жеткізген тұрғындар да алғыстарын білдіруде.
– Осы аумаққа көшіп келгелі көшемізде жарық болған емес. Әсіресе қыс мезгілдерінде балаларымызға қиын. Тас қараңғыда автобусқа жеткенше қорқып отырамыз. Қазір көшеміз жап-жарық. Еш қиналмай оқуына, балабақшасына апарамыз. Осындай үлкен қолдау жасаған облысының, қала басшылығына алғыс айтамыз, – дейді Өзбек ақын көшесінің 1-ші бұрылысының тұрғыны Дәурен Алжанов.
Осылайша көне шаһардың барлық көшесі толығымен жарқырайтын күн де жақын.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы