Көне шаһарды көркейткен ерен еңбек иелері

Тараз қаласының тұрғын үй қоры – шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрмыс сапасының айнасы. Бүгінде облыс орталығы аумағында орналасқан 1 438 көппәтерлі тұрғын үйдің басқару жүйесін жаңғырту, тиімді әрі ашық модельге көшіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Соған орай қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігінде жаңа басқару нысандары енгізіліп, меншік иелерінің жауапкершілігін арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Айталық, қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сұлтанмахмұт Утешовтың айтуынша, бүгінде шаһарда жалпы 769 мүліктің меншік иелері бірлестігін (ММИБ) құру қажеттілігі туындап отыр екен.
– Қазіргі таңда қаладағы 36 пәтерге дейінгі шағын нысандар санатына кіретін 613 үй мен 56 коммуналдық үйде мүліктің меншік иелері бірлестігін (ММИБ) құру қарастырылмаған. Сондай-ақ ММИБ қажеттілігі бар 769 тұрғын үйдің 295-де аталған басқару органы құрылып үлгерді. Қалған 474 үй басқарушы компанияларға бекітілсе, 613 тұрғын үйде тікелей бірлескен басқару (ТББ) нысаны енгізілген. Бұдан бөлек, қала аумағында ұзақ жылдар бойы 269 үйге қызмет көрсетіп келе жатқан 17 пәтер иелері кооперативі (ПИК) бар, – дейді Сұлтанмахмұт Әмірұлы.
Мүліктің меншік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері тұрғын үй қорын ұстауда маңызды функцияларды атқарып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмыс жағдайының сапасына тікелей әсер етеді.

Техникалық қызмет көрсету, инженерлік-коммуникациялық жүйелердің үздіксіз жұмысын бақылау, жоспарлы және күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру – аталған құрылымдардың міндеттерінің бір бөлігі ғана. Осы ретте бұл міндеттердің тиімді орындалуына ең жауапты тұлғалардың бірі аула сыпырушылар екенін ерекше атап өткен жөн.
Аула сыпырушылар тұрғын үй аумақтарының тазалығы мен санитарлық қауіпсіздігінің басты күзетшілері десек, артық айтқандық емес. Олардың күн сайын атқаратын еңбегі тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Олар ауладағы тазалықты сақтап қана қоймай, балалар алаңдарының жай-күйін бақылап, жаяу жүргінші жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маусымдық жұмыстарды да атқарады. Қыста қар тазалау, мұз ою, тайғақтың алдын алу, көктем мен жазда көгалдарды ретке келтіру, қоқыс тастайтын орындардың тазалығын қадағалау, күзде жапырақтарды жинау секілді маусымдық міндеттер олардың күнделікті еңбегін еселей түседі.
Көне шаһардың тазалығына үлес қосып жүрген сондай жандардың бірі – Алтай Несіпбеков.
– Ауылда тұрғанда трактор жүргізіп, шөп тасып, өзге де ауыр еңбекпен айналыстым. Кейін күйбең тірліктің қамымен қалаға көштім. Қоныс аударған соң аула сыпырушылық жұмысқа кірістім. Содан бері де 15 жылдай уақыт өтіп кетіпті. Қазір қаладағы үш үйдің ауласын сыпырамын. Бұған қосымша тұрғындармен келісіп кейбір үйлердің кіреберісін жинаймын. Осы жұмыстардың бәрін күн сайын сағат 9:00-бен 15:00-ге дейінгі аралықта істеймін. Жұмысым, әрине, ауыр, бірақ ауылда жүріп, бұдан да қиын шаруалар атқарғандықтан, бұған аса қиналмаймын, – деген еңбек адамы кей тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарауы жұмысын қиындататын да жасырмады.
– Тұрғындардың басым көпшілігі тазалыққа өте салғырт қарайды. Қоқысты арнайы жәшіктеріне салмай, аулаға лақтыра салатындарды жиі кездестіреміз. Бұл жұмыс барысын қиындатады. Ауланы сыпырып жүріп, әр жерде шашылған заттарды жинауға тура келеді. Сондай кездерде адамдардың немқұрайлылығына таңданасың. Көліктерді дұрыс қоймайтын адамдар да кездеседі. Ондай сәтте ауланы толық сыпыра алмай, келесі күні қайта келуіңе тура келеді. Осы орайда адамдардың табиғатқа, аула тазалаушыларға деген құрметі болуы керек-ау деп ойлаймын. Меніңше, әркім тазалықты өзінен бастаса, біз Жапония, Германия сынды елдерден оқ бойы озық боламыз. Тазалық тек ауламен шектеліп қана қоймайды. Өзінің айналасына ұқыпты қарайтын адам әр ісіне адал, тиянақты болады. Бұл елдің өркендеп өсуіне де әсер етеді. Көптеген жан аула сыпырушыны көрсе, оны қоғамның ең төменгі табы не өмірде жолы болмаған жан санайды. Дегенмен, ол олай емес. Аула сыпырушы болу үшін адамда үлкен ерік-жігер мен табандылық болуы қажет. Сол себептен бұл мамандық иелеріне де аса құрметпен қараған жөн. Сонда халықтың санасы өзгеріп, табиғатқа деген жанашырлық сезімі оянар еді, – деп ағынан жарылды Алтай Еспенбетұлы.
Көне шаһардың көркеюіне үлес қосып жүрген тағы бір ерен еңбек иесі – «Жасыл ел-Тараз» ЖШС жол тазалығы шебері Жанаргүл Бекбау.
– Бұл салада қолыма күрек ұстап, еңбек еткеніме 9 жылдың жүзі болыпты. Алғаш 2016 жылы қарапайым жұмысшыдан бастап, кейін көмекші болдым, енді жол тазалығы шебері қызметіне дейін көтерілдім. Мен де осы еңбектің жолында қысы-жазы, ыстық-суығына күйіп-жандым, жаңбыры мен қарын кештім. Тынымсыз еңбекпен, атқарған ісіме жауапкершілікпен қараудың арқасында, осы кәсіптің шыңына шықтым.
Қазір «Жасыл ел-Тараз» мекемесінде жол тазалығы учаскесінде қызмет ететін адамдардың басым бөлігі – көпбалалы аналар, жалғыз басты жандар, еңбек демалысына бір-екі жыл қалған қария адамдар, осы мамандықты отбасын асырау үшін табыс көзі қылған ер азаматтар. Олар ауыр еңбекті белі жазылмастан атқарып, шаһар тазалығына үлес қосуда. Олардың барлығы біздің ортамыздың гүлденуі, көріктенуі үшін жанын аямауда. Жол тазалығының қиындығы да жоқ емес, күнделікті көлік апатынан да жарақат алып қалатын өкінішті жағдайлар да кездеседі. Ал кейде мерекелерде гүл шоғын сыйлап, тазалықшыларды қуантатын қала тұрғындары мен жеке кәсіпкерлер, ұйымдар да бар. Қыстың суығында ыстық шайы мен тәттілерін ұсынып, көңіл күйімізді көтеретін мейірімді адамдар да аз емес. Әрине, еңбек еткен адамның үлкені немесе кішісі жоқ. Біз – нағыз ерен еңбектің адамымыз, сонымен мақтанамыз. Жол амандығын, жан амандығын тілеп, тұрғындардан адал еңбегіне алғыс алса, бұл көше тазалықшыларына үлкен мәртебе, құрмет болмақ, – деп жан сырын ақтарды Жанаргүл Толашқызы.
Көне Тараздың бүгінгі келбеті тек жаңарған көшелермен, сәулетті ғимараттармен ғана емес, сонымен бірге күн сайын ерен еңбек етіп жүрген қарапайым жандардың маңдай терімен де көрікті. Тазалық пен тәртіп өздігінен қалыптаспайды. Бұл таңсәріден қолына күрек ұстап, қызу жұмысқа кірісетін аула сыпырушылардың қажырлы еңбегінің, жауапкершілігі мен төзімінің жемісі екені даусыз. Сондықтан мұндай еңбек адамдарына құрмет көрсету – өркениетті әрі дамыған қоғамның белгісі. Оның үстіне әр тұрғын өз ауласын, өз ортасын, өз қаласын таза ұстауға үлес қосқанда ғана Тараздың келешегі жарқын, келбеті одан сайын ажарлы болмақ.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment