Жуырда «Amanat» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиынға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мен партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысты.
Әуелі Қайрат Әбілханұлы партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы көрсеткіштерінің алғашқы жартыжылдықтағы орындалу барысы туралы баяндады.
– «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Тараз қаласы бойынша Жол картасының көрсеткіштері ойдағыдай орындалуда. Айталық, аймақ экономикасының дамуы және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бойынша 62 көрсеткіш бекітілген. Оның ішінде ағымдағы жылға белгіленгені – 53. Ағымдағы жылдың алты айында 12-сі орындалып үлгерсе, қалған 41-і жыл соңына дейін жүзеге асады деп жоспарлануда. Сонымен қатар шаһардағы 11 ірі сауда орнымен меморандум жасалып, жаңа туристік маршруттарды әзірлеу бойынша жоспар толық орындалды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 72 610 адамға жетті. Ал жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша 6,1 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, электр желілерін жаңғырту мақсатында 127,7 шақырымды құрайтын 84 көшені жөндеу көзделуде, – деді Қайрат Әбілханұлы.
Расында, өңірде соңғы жылдары тұрғындар үшін қажетті инфрақұрылымдар жүргізу ісінде ілгерлеушілік бар. Айталық, биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған болатын. Қазіргі таңда бұл жұмыстар қарқын алып, тұрғындар сапалы жолдың игілігін көре бастады.
Жиын барысында аталған мәселе бойынша қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев баяндама жасап, негізгі бағыттарға тоқталды.
– Бүгінде шаһар аумағында 1 445 көше жолы бар. Оның ішінде асфальт жолдары бар көшелердің саны – 902, шағал тас жолдары бар көшелердің саны – 543. Ал жолдардың жалпы ұзындығы 1 888,5 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда межеленген 41 жобаның 28-інде тиісті жұмыстар аяқталса, қалғандарында әлі де жалғасуда. Айталық, мердігер «Арайстроймаркет-2003» ЖШС тарапынан Саңырақ батыр, «UNISERV» ЖШС-мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар «АБДИ СТРОЙ» ЖШС №1 және №10 ықшамаудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеуден өткізді, – деді Ғабит Серғазыұлы өз сөзінде.
Бұдан бөлек, «Тараздағы жол қозғалысын техникалық реттеу құрылғыларын ағымды жөндеу, калпына келтіру жене орнату» жобасына қазынадан тиісті қаржы бөлініп, мердігер «СтройМонтаж» ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде Тәуке хан көшесі мен Бектөбе ауылының бұрылысына жаңа көлік бағдаршамы орнатылған.
Басқосуда қаладағы білім беру ошақтарының 2024-2025 оқу жылына дайындығы да назардан тыс қалмады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова айтуы бойынша, биылғы оқу жылының қарсаңында «Арай» және «Казарма» алқаптарында жаңадан бой көтерген екі мектеп есігін айқара ашпақ. Қазіргі таңда құжаттарын рәсімдеу жүргізілуде екен.
– Жаңа оқу жылында шаһардағы мектептерде 76 952 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде 7 402 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ. Бүгінге дейін 1-сыныпқа 5 510 бала қабылданды. Бұл жұмыс «Egov» порталы арқылы 31 тамызға дейін жалғасады. Мектептердің 32-сі қазақ, 1-і орыс, 32-сі аралас білім береді. Оқу процесінің ұйымдастырылуына келсек, 61 мектеп 2 ауысым, 1 мектеп 1 ауысым, тағы 1 мектеп 3 ауысымда жұмыс істейді. Аталған 3 ауысымды жалғыз оқу ордасының мәселесін алдағы оқу жылының ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 1 200 орынды білім ошағының пайдалануға берілуі арқылы шешуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ аталған жоба шеңберінде «Шөлдала» алқабында бой көтерген 600 орынды мектеп ел игілігіне берілсе, №55 орта мектептегі орын тапшылығы да өз шешімін табады. Сонымен қатар бүгінгі күні оқу мекемелеріндегі косметикалық жөндеу жұмыстары толық жасалды. Сондай-ақ биыл 10 мектептегі 3 765 білім алушыны тасымалдауға жалпы саны 24 автобус жүргізіледі. Оқушылар тасымалына арналған мектеп автобустары жақын арада Тараз қаласының полиция басқармасы тарапынан техникалық тексеруден өтеді. Тасымалдауға қатысты сақтандыру шаралары жүргізіліп, келісімшарт жасалды, – дейді Раушан Пернешқызы.
Бұдан бөлек, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу мен жеткізу үшін 10 баспамен келісімшарт жасалып, оқулықтарды балаларға үлестіру 28 тамызда толық аяқталмақ. Бұған қоса 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында көмек берілетін 1 000 баланың тізімі жасалып, демеушілерге жолданған. Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мақсатында білім бөлімінде «Жедел желі» іске қосылып, бүгінгі күнге 471 көмекке мұқтаж оқушының тізімі әрбір бөлім, басқарма, департамент, банк саласы, техникалық, шығармашылық, өндірістік мекемелерге берілген. Тағы бір айта кетерлігі, балаларды 1-сыныпқа даярлау алдында олардың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру мақсатында мектептерде ағымдағы жылы тамыздың 14-28 күндері аралығында «Балақайлар мектебі» жұмысын істесе, жаңа оқу жылында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру деректер қорында (НОБД) педагогтарды мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модуль іске қосылады.
Келесі кезекте депутаттар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ