Таразда кеше басталған «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық қолөнершілер фестивалі бүгін де жалғасуда.
Бүгін аталған фестиваль аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі өкілдерінің қатысуымен борт митинг өтті.
Басқосуда әуелі шаһар басшысы сөз алып, қолөнер саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2014 жылдан бері қалыптасып келе жатқан қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізіміне бүгінде әлемдегі 25 мемлекеттен 65 қала енген. Ал бұл мерейлі мәртебеге Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы қол жеткізді. Демек, бұл – тек өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің рухани-мәдени оқиға деп санауға болады.
Бүгінде қолөнерді дамыту мақсатында Таразда ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, қазіргі таңда көне шаһарда қолөнермен айналысатын «Өшпес мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктері мен 190-ға жуық қолөнерші жұмыс істейді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған тағылымға толы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Осы бағытта жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерге де жарқын жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар күні кеше шаһарда «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады. Мұнда қолөнер шеберлеріне барлық жағдай жасалған. Жастардың осында келіп, шеберлерден тәлім алуына да мүмкіндіктері мол. Осының нәтижесінде өскелең ұрпақтың қолданбалы өнермен айналысуға дейін қызығушылықтары артып келеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мәртебелі меймандарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар шара аясында дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының 60 жылдығына орай қай мемлекеттің қай қаласы қолөнершілер тізіміне енетін және Тараз қаласының аккредитациядан өткені туралы талқылануда. Шешімі бірер сәтте белгілі болады.
Еске сала кетсек, үш күнге жалғасатын көрме шеңберінде шеберлік сабақтары, кәдесый бұйымдарын сату жәрмеңкесі, Тараздың көрікті жерлеріне экскурсиялық тур ұйымдастырылады.