Көне шаһар – шежірелі жылдардың жылнамасы

Құрметті Тараз қаласының тұрғындары! Қадірлі қонақтар!

Сіздерді сүйікті қаламыздың төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қос мыңжылдықтан тамыр тартып, дәуірлер түкпірінен сыр шерткен көне шаһар өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Даласы гүлге, қойнауы жырға толы шаһарымыз бүгінде күннен-күнге құлпырып, тотыдай таранып, сұңқардай сыланып келеді. Келбетіне күн сүйсініп, ажарына ай қызыққан қаламыздың қазіргі көркі тұрғындар мен қонақтардың да таңданысын тудырмай қоймайды.

Облысымыздың бет-бейнесі саналатын Тараз төрінде көптеген денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандары бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Жаңаша кейіпке енген саябақтар да көрген жанның көңілін жадыратып, ерекше сезімге бөлейді. Абаттандырылған аулалар мен балалар асыр салып жүрген ойын алаңшалары облыс орталығының шырайын кіргізіп, ажарын аша түсуде. «Таразға тарту» жобасы аясында да көрсе көз тоймайтын нысандар ел игілігіне ұсынылып, сәулетті орындардың санының артуына оң серпін берді. Мұның барлығы – жерлестерімізге қолайлы орта туғызу мақсатында атқарылып жатқан ілкімді істердің бір парасы. Ұлт руханиятының алтын бесігіндей болған қаламызда Елбасы мен Мемлекет басшысы айқындап берген межелі міндеттер де сәтімен іске асуда. Соның нәтижесінде дамудың даңғыл жолына бет түзеген, өркениет көшіндегі озық қалаға айналып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмек емес.

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды осы бір айтулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Бейбітшілік бесігінде тербелген еліміздің тыныштығы бұзылмай, керегесі әрдайым кең болсын. Шежірелі шаһарымыздың мерейі үстем болып, айбыны асқақтай берсін! Ержан ЖыЛҚыБАЕВ,Тараз қаласының әкімі

Comments (0)
Add Comment