Көне шаһар, қоңыр кеш, қою кофе…

«Ақын – өзінің ішкі дертін, жан ауруын інжуге айналдыратын жұмбақ жан», – дейді Қадыр Мырза Әли. Расында, олардың кеудесінде замананың зары мен дүниенің дүрмегі дүмпу жасап, өміршең өлең тудырады.
Әулиеатаның әдемі кешінде өн бойына ғасыр демін жиған ақындар «Авангард» деген атаумен ұйымдастырылған әуезді кеште бас қосты.

Думан САХИ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Әр адамның бір ғалам екенін ескерсек, ақынның бойына күллі кеңістік сыяры сөзсіз. Ол кеңістікте аңсау мен сағыныш, үздігу мен үміт, болашаққа деген зор сенім қатар ұштасып жатады. Жуырда ғана ашылған «Global Coffee» деп аталатын кофехананың иелері ақындарға төрін берді. Өлеңи өлкеде бір кеменің ескегін есіп жүрген Әулиеатаның ақындары еркіндік пен жастық демін бір жұту мақсатында ұйымдастырылған кешті өткізбекке дәл осы орынды таңдап алыпты. Себебі де жоқ емес.
Жыл сайын 21 наурыз Дүниежүзілік поэзия күнінде Еуропаның көптеген кофеханаларында «Кофе ақысын өлеңмен төле» атты акция ұйымдастырылады. Бұл акцияның ауқымдылығы сол, 34 елде атап өтіледі. Кофе ішу мәдениеті ерте қалыптасқан мемлекеттерде осылайша өлеңге зор мәртебе беріледі. Кофенің жұпарына мас болып отырып жыр оқудың ғанибетін еуропалықтар жақсы білсе керек-ті. Міне, сол керемет аураны сезінбекке «Авангард» атты кешке бас қосқан өлеңсүйер қауым аталмыш кофеханада жиылды. Жиылды да жыр оқыды. Поэтикалық думанның «Авангард» аталуында да мән бар. Бұл кешке қатысқан әрбір ақын – өз әлемінің авангардтары. Бүгінде Тараздан қанат қағып, Түркияда білім алып жүрген жас ақын, кешті ұйымдастырушы Файзулла Төлтай шара атауына былай деп түсініктеме берді:

– Әсілі, өлеңді ешқашан түсінудің қажеті жоқ. Оны сезіну керек. Ал сезіну үшін өзіңізге белгілі бір атмосфера қажет екені тағы бар. Мәселен, сіз таң алдында мыңдаған жапырақтардың құшағында еркелеп жатқан құстардың дауысын естисіз.

Сол сәтте сіз ол құстың қай нотада я не деп жатқанына мән бермейсіз ғой. Оны жай ғана тыңдайсыз, тыңдау арқылы ләззат аласыз. Тіпті сол алған ләззатыңыз сізді Семирамида бағына жетелей түседі. Өзіңізді кеше ғана сүлдеңізді әрең көтеріп келіп құлаған төсегіңізде емес, құстардың мекеніне тап болғандай сезінесіз. Әрине, бұл бір сәттік немесе бір сағаттық сезім болуы мүмкін. Дегенмен бұл жерде уақыттың ешқандай маңызы жоқ. Алған әсеріңіз маңызды. Дәл осы сынды Тараз ақындарының ұйымдастырған поэтикалық кеші де оқырман қауымды барынша тәтті сезімге бөлеп, әдемі бір атмосфера жасауға бағытталды. Әйтпесе, бір метрге жуық биіктіктегі сахнада тамағы қарлыққанша айғайлап жыр оқитын кеңестік ақындардан оқырманның жалыққаны қашан?! Бұл кешті Тараз ақындарының өткізген кеші емес, социалистік реализм әдебиет шеңберінен шыққысы келіп, еркіндікке ұмтылған оқырман қауымның кеші деп білеміз. Біз енді қабырғалары қатаң қағидалармен қаланған «Хрущев» үйлердің ішінде емес, сол құстар сайраған бақтың ортасында болғымыз келеді. Осы үшін де кештің атын «Авангард» деп қойғанды жөн көрдік.

Тараздағы біраз өнерсүйер жас «Авангардтың» төрінен көрінді. Әуелден жамбылдық жас қалам иелеріне қолдау көрсетіп, аға болып жөн сілтеуді қаламгер әрі азамат ретіндегі асқақ парызы санайтын жазушы Несіпбек Дәутайұлы кешке жиылған көпшіліктің ортасынан табылып, бұл бастамаға ризашылығын айтып, ақ тілегін жаудырды. «Шабыт» халықаралық фестивалінің «Поэзия» аталымы бойынша бас жүлде иегері, ақын Батырхан Сәрсенхан да кешке Алматыдан арнайы асыға жетіп, тараздық өлеңсүйер қауыммен қауышып, көзайым болды. Жас ақындар Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Жолдасбек, Арайлы Жақсылық, Әлімжан Шөңгербай, Файзулла Төлтай, Нұрболат Сатымқұл, Данияр Әлімқұл бастаған өзге де қыз-жігіттер жаңа өлеңдерімен жүректерден жол тапты.

Кеш барысында ақын Ерлан Жүністің, Маралтай Райымбекұлының көзі қарақты оқырманның жадында жатталған жырлары оқылды. Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Нурадин Рақай, Жазушылар одағының өңірдегі филиалының басшысы Хамит Есаман, облыстық орыс драма театрының режиссері Камат Қасенов сөз алып, өнерге деген, өлеңге деген құрметтерін көрсетіп, «ақындардың қаламдары қуатты болсын» десті. Облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Мұратхан Әлімхан, «77 ТВ» телеарнасының тілшісі Нұрлан Әбдікерім, жас әнші Бекарыс Қоштаев сынды өнерпаздар өлеңи думанды әнмен әрлеп, көпшіліктің көңілін тербеді.

Ән мен жырдың бойға сезім болып төгілуіне қою латтенің жұпары дем беріп, көрермен қауым өзгешелеу күйге бөленген бұл кешті қалыптасқан қағидаларды бұзған бірегей әрі тартымды шара деуге болатындай. Расында, бұл өлкеде бұрын-соңды мұндай думан болған емес. «Армысыз»-дан басталып, «кездескенше»-мен аяқталатын таптаурын концерттерді ескіліктің белгісі деуден аулақпыз. Десек те, бүгінгінің жастары үшін еркіндік пен аяулы атмосфераның жөні бөлек екенін осы бір кофеханада өткен поэтикалық кештен аңғардық. Мұндай мазмұны сүйкімді, әсері ғажап шаралар Тараз төрінде талай өткізілетініне шүбәміз жоқ. Тек жастар жаңашылдықтан тартынбаса дейміз.

Comments (0)
Add Comment