Тараз қаласы бүгінде күн санап көркейіп келеді. Әсіресе тұрғындардың тұрмысын түзеп, инфрақұрылым игілігін арттыру бағытында қолға алынған ілкімді істер көңіл қуантады. Бұған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында тағы да көз жеткіздік. Басқосу барысында шаһар басшысы бір жылдың бедерінде атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Бас жоспар – дамуға даңғыл жол
Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 433 мыңнан аса халық тұрады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады.
Ағымдағы жылғы 29 қаңтардаҮкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған.
Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 тұрғыны бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде. Аталған құжат ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін қабылданады деп күтілуде.
Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етпек.
– Әлеуметтің әлеуеті артуы үшін өндіріс өркендеуі қажет. Сондай-ақ экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз керек. Осы бағытта ағымдағы жылы құны 6,9 миллиард теңге болатын «Alina Group» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде, 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар толығымен жүзеге асқанда, 944 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олардың қатарында «Kisc» – металл құю цехын жаңғырту», «СП-Тараз PET» ЖШС – Полиэтилентерефталат рециклингілеу бойынша зауыт салу», «Alima Delux» ЖШС-нің «Тұрмыстық техника зауыты», «South Holiday» ЖШС – Зербұлақ демалыс орталығы ІІ кезеңі» және «ОРЦ Тараз» ЖШС-нің «Көкөніс қоймасы» секілді жарқын жобалар бар. Әрине, аталған жобалар халықты тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің өндірісін өрістетуге мол мүмкіндік берері сөзсіз, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Тараз қаласының жаңа Бас жоспарына сәйкес, шаһардың батыс бөлігінен «Шөлдала» алқабына барар жолда 1 150 гектар жер өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа беріледі. Осы мақсатта қазіргі таңда жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобамен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қатысушылар ретінде 74,1 миллиард теңгеге 7 жоба айқындалған.
Жұмыссыздықпен жүйелі күрес
Жұмыссыздықты жою мақсатында қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес 2024 жылы 21 035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған еді. Бүгінгі күнге нақты 12 250 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 3 185 адам – субсидияланатын, 6 071 адам бос жұмыс орындарына жолданса, 671 адам тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында жұмыспен қамтылған. Осының нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеген.
Бұған қоса шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгеге 386 жоба қаржыландырылды.
Қазіргі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеуде. Бұл сауда базарларында (модернизация) жаңғырту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде. Жаңғырту жұмыстары 2026 жылға дейін толық аяқталады.
7 мектеп – балалар игілігіне
Шаһар басшысы брифингте білім саласын да назардан тыс қалдырмады.
– Тараз қаласында биыл 7 мектептің құрылысы жүруде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында – 4, республикалық бюджет есебінен 3 білім ордасы салынуда. Нәтижесінде, «Арай» алқабындағы 600 орындық және «Казарма» алқабындағы 180 орындық мектептердің құрылысы толық аяқталып, Білім күніне орай пайдалануға берілді. Қалған мектептер жыл соңына дейін өз жұмысын бастайды, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараты күрделі жөндеуден өтсе, ағымдағы жылы №19 орта мектепті күрделі жөндеуге тиісті қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
30 жыл жөндеу көрмеген жолдар асфальтталды
«Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да, жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек. Бүгінде облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген.
– Былтыр 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселіп, Саңырық батыр мен Д.Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Осының нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61-ден 65 пайызға дейін артты. Ал биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол да жаңғыртылуда. Осының арқасында қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз, – деген Б.Орынбеков шалғай алқаптардың жолдарына да айрықша назар аударылғанын тілге тиек етті.
Оның айтуы бойынша, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, былтыр «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің 13-і асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көше асфальт жолдың игілігін көреді. Сондай-ақ ағымдағы жылы қала көшелері мен шағынаудандардың ішкі жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарына да қаржы 5 есе көбейтіліп, мердігерлер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салу да жоспарланып отырған көрінеді. Олардың біріншісі – «Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу» жобасы. Құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын құрылыс ірі құрылыс бойынша қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Екіншісі – «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы. Оның құны 24 миллиард теңгені құрайды. Бұл бойынша да қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылыпты.
Кәріз суларының мәселесі көп ұзамай шешіледі
Қазіргі таңда Тараз қаласында кәріз суларын тазарту кешенін салу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Бүгінгі күні кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Аталған сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Оның үстіне қоршаған ортаға тигізер зардабы да аз емес. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Аталған құжатқа сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме даярланып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Келесі кезекте салалық және экономикалық сараптама жүргізіліп, ЕРС мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Бұл құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарлануда. Оның қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болады деп болжануда.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім» деген тәмсіл бар. Сондықтан әр азамат өз баспанасына қол жеткізуді мақсат тұтады. Бүгінгі күні облыс орталығында 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген.
Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы 3 279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде, 754 отбасы баспаналы болды.
– Қазіргі таңда Тараз қаласында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 50 үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Оның ішінде 34 тұрғын үй №15 шағынауданда, 16 тұрғын үй А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан. Бұдан бөлек, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 669 пәтер сатып алынады. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаражат қаралды. Бүгінгі таңда сатып алу жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталып, оларды жыл соңына дейін толық аяқтау күтілуде. Бұған қоса №14 шағынауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына қаржы бөлініп, конкурсқа берілді. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деген шаһар басшысы жер кезегіне тіркелген тұрғындардың да мәселесіне назар аударды.
Айталық, Тараз қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекке 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат тіркелген. Былтыр «Құмшағал», «Қарасу» алқаптарынан 1 497 жер учаскесі беріліпті. Қазіргі таңда жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жаңғырған үйлер – шаһар шырайы
Күннен-күнге өркендеген Тараз қаласы шұрайлы шежіресімен қоса, шырайлы көркімен де талайдың таңданысын тудырып келеді. Бұл, бір жағынан, көне шаһардың туризм орталығына айналуын жеделдете түседі. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қалаға аялдаған әрбір адамның назарын бірден аударары сөзсіз. Сондықтан Таразда осы бағытта ілкімді істер қолға алынды.
Ерекше айта кетерлігі, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы және «Нұрлы жер» 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап қолға алынып, республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражат есебінен 489 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға төмендеді. Сондай-ақ Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша 2024 жылға 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енбек. Бұл бойынша бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылып, биыл тиісті қаржының бөлінуі қарастырылды.
Бұған қоса, 2025 жылы 54 үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне тапсырылған. Сонымен қатар «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» ЖШС-нің мердігерлігімен «Қаратау» ықшамауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» ықшамауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына ішкі әрлеу, су, жылу, кәріз, электр қуатын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» ықшамауданындағы №5, 8, 12, 14, 31, 39 үйлерге «Арқас-А», «Юг-ТехСнаб» ЖШС мердігерлігімен жөндеу жұмыстары қолға алынды.
– Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тек шағынаудандар ғана емес, орталықтағы үйлерге де басымдық берілуде. Соның айқын айғағы – «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС мердігерлігімен Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59 – жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлары күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айының ішінде аяқталады. Ал қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Осы ретте айта кетерлігі, Абай даңғылындағы №117, 121, 123, 128, 129, 130, 132, 134, Желтоқсан көшесіндегі №71, Әйтеке би көшесі, №1, 2 және Қазыбек би көшесі, №103, 113, 120, 140 тұрғын үйлерді жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде, – деген қала әкімі Тараз қаласының тұрғын үй қорында тіркелген 1 438 көппәтерлі тұрғын үйдің барлығы келешекте жоспарға сай кезең-кезеңімен жаңа кейіпке енетінін баса айтты.
Жылу желілерін жаңғырту – жауапты жұмыс
Соңғы бірер жылдың бедерінде қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында орын алған апаттар жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жедел қолға алу керектігін айқын аңғартты. Осыған орай, 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленген болатын. Аталған жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырымды құрайды.
Ағымдағы жылға аталған жобаны жүзеге асыру масқатында қазынадан тиісті қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың бірінші қазанына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал «Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жалпы тозығы жеткен кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілген. Аталған жобалардың жоспарланған мерзімде әрі сапалы орындалуы облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тікелей бақылауында.
Тараздықтар тіршілік нәрінен тарықпайды
Еліміздің барлық елді мекенінде таза ауызсу қолжетімді болуға тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселе.
Бұл мақсатта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүруде. Шаһар басшысының сөзінше, былтыр «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етілсе, биыл «Шалғай Қарасу 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптары орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізеді. Осылайша, шаһар халқын орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 100 пайызға жетеді. Сондай-ақ осы мақсатта жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленген. Жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған. Сонымен қатар магистральды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржол су-Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алынып, қазіргі таңда жаңғырту бойынша тиісті жоба әзірленуде.
Шағынаудандар самаладай жарқырап тұр
Тараз қаласының тұрғындары тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға барар жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшеге жарық жүргізілуде. Сондай-ақ облыс әкімінің пәрменімен қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылған. Нәтижесінде, 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 79 кіреберіс жолдар және 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асырылмақ.
– Бұдан бөлек, С.Сейфуллин көшесінің бойына, нақтырақ айтсақ, Д.Қонаев көшесінен Саңырық батыр көшесі аралығы және Жамбыл даңғылына, Қ.Сәтбаев көшесінен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Сондай-ақ «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, 5 775 тұрғын үй абоненттеуден өтті. Енді ағымдағы жылы қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды. Құны 8,7 миллиард теңгені құрайтын жоба 2025 жылы аяқталады, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бір жылда 140 автобус пайдалануға беріледі
Қоғамдық көлік саласы да тұрғындарды жиі алаңдатады. Мәселен, бүгінде Тараз қаласында жолаушы бағытында 9 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді.
Автобус паркін жетілдіру мақсатымен жыл басынан бері Тараз қаласына 100 бірлік автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қосымша 40 жаңа автобус әкелу көзделуде.
Жалпы Тараз қаласын дамытудың 3 жылдық жоспарында 200 автобус әкелу жоспарланған болатын. Жүйелі жұмыстың арқасында екі жылдың көлемінде 215 қоғамдық көлік ел игілігіне берілді. Бұл, әрине, тасымалдаушы мекемелердің шығындарын өтеуге берілетін субсидияның арқасы десек, қате емес. Сондай-ақ биыл облыс орталығында 75 аялдама орнатылды.
Бар жақсылық – балаларға
Аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие. Бұл, бір жағынан, шаһардың шырайын кіргізсе, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне таптырмас мүмкіндік. Бүгінде бұл бағытта шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, биыл аулаларды абаттандыру, оның ішінде ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, 25 мекенжайда абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Дені сау ұрпақ қалыптастыру бұқаралық спортты дамытып, спорт алаңшаларын көптеп салумен ұштасып жатыр. Бұған қол жеткізу мақсатында Тараз қаласында ілкімді істер қолға алынған. Айталық, қаланы дамытудың 3 жылдық жоспарында шаһар бойынша 24 шағын футбол алаңшасын салу қажеттілігі туындаған болатын. Соған орай, биыл облыс орталығында 9 алаңша ел игілігіне берілмек. Қазіргі таңда 8 шағын футбол алаңшасының құрылысы аяқталса, 1 алаңшаның құрылысы әлі жалғасуда. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 14 спорт алаңшасы қалпына келтіріліп, жаңа кейіпке енеді. Осылайша ағымдағы жыл соңына дейін тұрғындар жаңа шағын футбол алаңшаларының игілігін көреді.
Каналдар қараусыз қалмайды
Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесін жақсартуға да ден қойылып келеді. Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Аталған жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз.
Айталық, шаһарды көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып, көктем мезгілінде 10 мың түп ағаш көшеті егілді. Қалған 10 мың түп ағаш күз мезгілінде отырғызылады. Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқа да аллеялар мен скверлерге жалпы саны 10 мыңға жуық әртүрлі ағаш егілді.
Шаһардағы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні қаланы ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Өткен жылы осы мақсатқа қазынадан қаражат қарастырылып, шағынаудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді.
Ал биыл 8 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен қаржы бөлініп, шағынауданда құрылыс жұмыстары жүруде. Бұл нысан келер жылға өтпелі болып есептеледі.
Бұған қоса шаһар аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 миллион теңге бөлініп, жұмыстар қолға алынды. Осының нәтижесінде, каналдар толығымен абаттандырылады.
Қазіргі таңда облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен «Түйте» каналының («Ұлы Дала» шағынауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабының ортасы) бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Аталған каналдың аталмыш бөлігінің ұзындығы 1 шақырым 738 метрді құрайды. Мұнда қазір 10 техника, 20-дан аса адам еңбек етуде.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылуда. Акция аясында 10 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып, талдарды балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру және күл-қоқыстарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы бүгінгі күнге дейін 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қатысты.
Тұрғындар тілегі – басты назарда
Бүгінгі уақыт талабына сай халықтың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желіден алатындықтан, қала әкімдігі де сондағы жұмысқа жіті назар аударып келеді. Айталық, Тараз қаласы әкімдігінің желідегі парақшаларында шаһардың тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар дер кезінде жарияланып отырады. Тұрғындар шағымына да барынша «Алтын сағат» қағидасын ұстанып, жауап берілуде. Мәселен, жыл басынан бері әкімдіктің әлеуметтік желілерінде 1 473 жазба, 358 бейнебаян, 827 баннер жарияланды.
– Дегенмен жұмыс жүрген жерде мәселе де болатыны анық. Осы жылы «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желілеріндегі түрлі парақшаларда қалалық әкімдіктің ресми парақшасын белгілеу арқылы 1 600 сын жазба жарық көрді. Сондай-ақ жыл басынан «Жамбыл-109» порталына 6 937 өтінім келіп түскен. Оның 6 402-сі өтінімі уақытысында орындалса, 375 өтініммен әлі жұмыс жүргізілуде, – деген қала әкімі Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері және азаматтарды жеке қабылдауы тұрақты түрде өткіп келе жатқанын жеткізді.
Осыған орай, 2023 жылы қаланың 11 аумақтық округінде 11 кездесу өткізілсе, биыл 8 кездесу өткен. Басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлерлер бойынша қолға алынған жұмыстар кезең-кезеңімен орындалуда. Сонымен қатар шаһар басшысы 2023 жылы жалпы 62 жеке қабылдау өткізіп, 643 азаматты жеке сұрақтарымен қабылдаса, 2024 жылдың 7 айына 37 жеке қабылдау өткізіп, жалпы 540 азамат жеке сұрақтарымен жүгінген. Олардың барлығына қолданыстағы заңдардың аясында жауаптары жолданып, түсініктемелері берілді.
Бұған қоса былтыр облыс әкімінің төрағалығымен 79 кеңес өтіп, қала әкімдігіне барлығы 96 тапсырма берілген. Бүгінгі таңда 16 тапсырма орындалса, 80 тапсырма бойынша жұмыстар қолға алынған. Ал биыл қала әкімдігіне 61 тапсырма тікелей жүктеліп, бақылауға алынған.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Басқосуды қорытындылаған қала әкімі көне шаһарды көркейту баршаға ортақ екенін баса айтты.
– Облыс орталығында атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен алдағы уақытта жүзеге асатын жоба-жоспарларымыз одан да ауқымды. Әрине, бюджет мүмкіндігіне байланысты қаладағы барлық мәселені бір-екі жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Барлығы кезең-кезеңімен өз шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы журналистерді шаһар дамуына белсене атсалысуға шақырды.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ