Күн көзінен балаларға нұр тамсын

Жазғы маусым – балалар үшін ең қуанышты кезең. Жаз жайнатып, күн күлдірген шуақты шақта көңілді шат-шадыман көтеріп қыдыруға, қойлы ауылда қозы бағып, тау-тасқа секіріп ойнауға, ауыл балаларымен асық атып, лагерьлерде демалуға таптырмас кезең. Күн көзінің сәулесінен нұр тамған биылғы жаз айын балалар қалай өткізбекші?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жер-жаһанның апшысын қуырып, бір қауым елді бір дәннің қауызына сыйдырғандай күй кештірген пандемия бала өміріне де өз кесірін тигізбей қоймады. Құлашын кеңге сермеп, бірде білім ордасында ойлы көзбен есеп шығарса, бірде ән айтып, би билеп, салтанатты кештің көркін қыздырған ойын баласына бәрінен де артығы – асыр салып ойнау ғана. Ал мектеп жасындағы балдырғандардың ең бір қызыққа толы, ойын құмарын қандыратын ерекше кездері ол жазғы демалыс уақыты болатын.

Пандемия кезінде балалар жазғы демалыстың қызығынан да қағылып қалғаны рас. Карантин кезеңі аяқталып, халық бәз баяғы қалпына түсіп, емін-еркін тыныс-тіршілігіне көшер болса, бұл олқылықтардың орны толып, алдағы уақытта көшіміз түзеле түседі деп сенеміз.

Бір жарым жылдан бері мектептер қашықтан оқыту режимінде жұмыс істеп келеді. Иә, көптеген қоғамдық іс-шаралар мен мерекелік күндерді тоқтатқан коронавирустық пандемия балалардың да еркіндігін ұрлады. Егер жақын аралықта бәрі оң шешімін тапса, жазғы демалыс лагерьлерінің маусымы ашылмақшы. Бірақ қазіргі кезде карантин талаптарына сәйкес көптеген факторларды ескеру қажет.

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтан балалардың жазғы демалысы туралы айтып беруін өтінген едік.
– Қазіргі уақытта облыста саяжай лагерьлеріндегі балалардың жазғы демалысына мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланды. Олардың 12-сі облыста, сегізі жекеменшік және төртеуі мемлекеттік, мұнда бюджет есебінен біздің бағалауымыз бойынша 7600 бала демалмақшы. Бұл аз қамтылған, толық емес отбасылардың балалары. Сонымен қатар девиантты мінез-құлықты балалар да әлеуметтенуден өтеді. Әрі қарай демалыс лагерьлерінде көтермелеу түрінде бюджет есебінен үздік оқитын балаларға да көңіл бөлінді. Әрине, ата-аналар балаларын ақылы, коммерциялық негізде де демалысқа жібере алады, – деді Талғат Салқанұлы.

Жалпы 1 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер ашылды. Олар үш апта бойы жұмыс істейді. 275 осындай лагерь бар, оған 28 327 бала барады. Әрине, мұндай лагерьге бару үшін ПТР сынағы қажет екен. Бұл балалардың денсаулығын қорғау үшін аса маңызды.

Тараз, Жаңатас, Қордай, Шу қалаларында 30 мыңға жуық мектеп оқушылары ауылдағы туыстарына (ауылдағы ата-әжелеріне) демалуға барады деп жоспарлануда. Ал қалада қалғандар да төрт қабырғаға қамалып отырмасы анық. Олар карантин кезінде спортпен белсенді шұғылданып, түрлі үйірмелерге барып жүр.

Әр ауданда спорт мектебі бар, сондықтан қалалық балалар үшін, мысалы, түрлі ойындар ұйымдастырылуы қажет-ақ. Сондықтан мектеп оқушыларының жазғы демалысын физикалық және ақыл-ой дамуына байланысты өткізуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылады.

Бір жарым жыл аз уақыт емес. Осы уақыттан бері балалар мен мұғалімдер қашықтан оқытуды дағдыға айналдырғанына қарамастан, ұстаздар кей пәндер бойынша оқушылар арасында білім деңгейінің төмендегенін айтып, дабыл қағуда. Осындай келеңсіздікті жою үшін жазғы мектеп бағдарламасы іске қосылды. Оқушылар әдеттегідей сабаққа қатысады, кейін лагерьге қиындықсыз көше алады. Мысалы, мұндай схема №24 гимназияда енгізіліпті.
– №24 гимназияда мектеп жанындағы «Росинка» (тамақ ұсынылмайды) жазғы лагері, спорттық профиль және лингвистикалық профилі бар «Парус» мектеп алаңы ұйымдастырылған. 158 оқушы лагерьге, ал 110 оқушы мектеп алаңына барады екен. Мұнда жаратылыстану, математикалық цикл, тілдік пәндер, дене шынықтыру сабақтарындағы білім кемшіліктерін толықтыру кестесі енгізілген. Бұл жерде балалар білім алып қана қоймай, сонымен қатар үйірмеге қатысып, шығармашылығын да дамытуға мүмкіндік алған, – дейді гимназия директоры Марина Гладченко.

Лагерьде «Акварель» бейнелеу өнері, вокал «Конфетти», «Теннис», «Баскетбол» спорт клубы, ағылшын тілі, қазақ тілі үйірмесі бар. Жазғы мектеп лагері жұмыс жоспарына сәйкес 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай ашылған.

Сондай-ақ аталмыш білім ордасында экологиялық жарыстар, спорттық эстафеталар, ойындар (қазына іздеу, ұлттық спорт түрлері), асфальтта сурет салу байқауы, байланыс сағаттары) және көптеген қызықты іс-шаралар қолға алынған. Оқушыларды рухани байыту мақсатында театрға, тарихи-өлкетану мұражайына, галереяға бару да жоспарға қойылған. Бұл балалардың ой-өрісінің кеңейіп, кемелдене түсуіне, ақылының дамуына ықпал етері сөзсіз.
Осы орайда жазғы демалысты қалай және қайда өткізуді жоспарлап отырған балалармен де тілдесіп, жылы мезгілдегі жаймашуақ күндері жайлы сұраған едік.

– Мен би үйірмесіне қатысамын. Пандемияның алдында жазғы демалыс кезінде Алматы және Көкшетау қалаларына барып, биден концерт қойдым. Енді міне, карантин басталғалы екінші жыл. Яғни бізде бос уақыт өте көп. Мен жаз кезін демалысқа арнағаннан гөрі пайдалы нәрсеге жұмсағым келеді. Жазғы демалысымды тиімді өткізу мақсатында әлеуметтік желі арқылы оқушылар арасындағы байқауға қатысып, жеңімпаз атандым. Сөйтіп, маған корей тілін тегін игеру мүмкіндігі берілді. Былтырғы жазды корей тілін меңгеруге арнадым. Ал биыл да бос жүрмей, өзіме қажетті өнер үйренуге бел будым, – дейді Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Алина Орынбасар.
– Мен былтырғы демалысымда үйде отырдым. Ал биыл үйірмеде дойбы ойынына барамын. Жүзуге «Дельфин» бассейніне барып жүрмін. Тамыз айында әке-шешеммен бірге атам мен әжемнің ауылына барып, таза ауада серуендеп қайтуды жоспарлап отырмыз. Пандемия алдында жазғы демалысымда жоспар көп болатын. Ал қазір ерсілі-қарсылы жүрудің өзі қауіпті болғандықтан, анамның шешімімен көп уақытты үйде өткіземін, – деді Максим Горький атындағы №13 орта мектептің 7-сынып оқушысы Бекзат Азен.

«Жазғы демалыста балаңыздың көңілін аулау үшін қайда апарасыз? Қайда демалдырасыз?» деген сұрақты бала тәрбиелеп отырған бірнеше ата-анаға қойған едік.

– Менің Құдай берген жеті балам бар. Жазғы демалыс басталысымен, балаларымды ауылға жіберемін. Оның себебі қыс бойы күн көзін көрмей, тас үйге қамалып отырған балалар ауылға барып, асыр салып, күнге күйіп, кең даланың құшағында емін-еркін ойнап келеді. Ауылдың құшағын көрген бала кеңпейіл, мейірбан болады. Оның үстіне ол жақта бала қарап отырмайды, тауыққа жем беріп, өріске сиыр айдап, еңбекке пісіп өседі. Ауылдың дәмі де бөлек. Қолдың құрт-майы мен бақшадан үзіп жеген шие мен алмада дәрумен көп-ақ. Міне, ауылды сондықтан жақсы көреміз, – дейді көпбалалы ана Айсәуле Мүсілімқызы.

– Бойымызда пандемияға қатысты үрей басым болғандықтан, балаларымның ешқайда қыдырмай, көз алдымда жүргенін қалаймын. Өзім барған жерге ғана алып барамын. Мәселен, отбасымызбен бірнеше күнге тауға шығып, таза ауада серуендейміз. Көлдерге барып, балық аулап, жүзуді үйренеміз. Ауылға да апарып, отын жарғызып, мал союды да үйретемін. «Әке көрген оқ жонар» демекші, мен төрт ұлымды спорт, мейлі еңбекке өзім баулимын. Шешесі екі қызыма кесте тіккізіп, тоқыма үйретіп, торт және түрлі тағамдар пісіртеді. Балаларыма ер азаматтың табыс тауып, нәзікжандылардың қамқоры, мал тапқышы болуды мықтап үйретуді қолға алдым. Ал біздің үйдің қыздары ер азаматтар тапқан қаражатты ұқсатып бағуды өз мойындарына алған, – дейді Нұрман Оңғарбай.

Comments (0)
Add Comment