Шығыс Қазақстанда қыс түспей жатып көмір тапшылығы білінуде. Өскемендегі көмір сататын орында соңғы күндері кезек күткен адам көп. Тіпті кейбір тұрғындар қара отынға қол жеткізу үшін бірнеше күн көлік ішінде түнеуге мәжбүр болған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалада қазірдің өзінен қысқа қамданып, көмірге таласқан халықтың көлігінің даусынан құлақ тұнады. Қаншама күннен бері кезек күтіп, қара отынды ала алмай далада түнеген халық ашуға мінген.
«Міне бүгін екінші күн машинаның ішінде қондық. Кеше мүлдем көмір берген жоқ. Бүгін 3 тоннадан ғана береміз деп жатыр. Қаланың адамдарына әлеуметтік көмір бар. Ауылда да зейнеткерлер бар ғой. Оларға неге бермейді?», – дейді көмір алуға келген жүргізуші Марат Айтуаров.
Көмір ала алмаған ел бұл жағдайдың жылда қайталанатынын айтып ашынады. Жылда жыр болған мәселені облыс әкім Даниал Ахметов те біліп отыр дейді олар. Қала әкімі Жақсылық Омар да дәл осындай шу болған уақытта бір рет келіп те кеткен. Бірақ ол кездесуден кейін де мәселе шешілмеген.
Темір жол тұйығының басшысы өз кезегінде бар кінә Қаражыра кен орнында дейді. Көмір жеткілікті келмегендіктен кезек күткен адам көбейіп кеткенін алға тартады ол.
«Бізге Қаражыра кен орнынан көмір аз келіп жатыр. Тасымалдайтын вагондар да өте аз. Қазір көмір аз қалды, енді қашан келетіні белгісіз. Күтеміз. Осындай жағдайдан кейін кезек көбеймей қайтсін?», -деп түсіндірді «Терминал» ЖШС директоры Нұржан Қазиев.
Көмірге келген мына көліктердің араларында алыс аудандардан келгендері де бар. Олардың әлі қанша күн күтетіндері тағы белгісіз.
Айта кеткеніміз жөн, бұған дейін көмірге кезекте тұрғандар арасында бірнеше рет төбелес те болған. Тіпті Қаражыра кен орнында болған жанжал кезінде бір адам қаза тапқан болатын.