Көмірді енді банк қосымшасымен алдыруға болады

Қылышын сүйретіп кәрі құда  қыс айлары да таяп қалды. Мұндай сәтте қалың бұқара жылу қамына кірісетіні белгілі. Алайда жылда қатты отын бағасы шарықтап, ұзын-сонар кезектер орын алып жатады. Үкімет биыл осы мәселенің шешімін тапқандай.

Бұл жөнінде еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баян етті. Оның сөзіне сүйенсек,  2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 миллион  тонна көмір өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға көп. Көмір өндіруші кәсіпорындардың дерегіне сенсек,  көмір  құны өткен жылғы деңгейде сақталған көрінеді. Ал сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін  жеңіл көлікпен   елден тыс жерлерге әкетуге 6 айға  шектеу қою  жөнінде шаралар қабылдануда. Сонымен қатар ұзын-сонар кезекті болдырмау  үшін көмірді танымал маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы өткізу жолдары пысықталуда. Бұл бағытта еліміздегі ең ірі банктердің бірі пилоттық жобаны іске қосып та үлгерді. Егер жоба өміршеңдігін дәлелдесе, көмірге  үйден шықпай-ақ банк қосымшасы арқылы тапсырыс беруге болады. Бұл ортадағы алыпсатарлар саудасының да жолын кеспек.

Саян ТІЛЕУЖАН

Comments (0)
Add Comment