«Көмекке әрдайым әзірміз»

Жанна Алшынбаева, Жамбыл облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы:

Заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыру жолында кәсіподақ ұйымының атқарар рөлі зор. Рухани және заңды тұрғыдан үлкен салмаққа ие ұйымның бүгінгі таңдағы беделі арта түсіп, биылғы жылдан бастап 10 қазан – Кәсіподақ күні ретінде тойланатын болды.

Екі ғасырға жуық тарихы бар маңызды ұйымның негізгі міндеті еңбек адамының құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайын көтеру болып табылады. Бұл ретте Жамбыл облысындағы 15 салалық кәсіподақ ұйымы табанды түрде қызмет етіп келеді. Кәсіби мереке қарсаңында Жамбыл облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы Жанна Алшынбаевамен сұқбат құрып, саладағы соңғы серпілістер турасында әңгімелестік.
– Жанна Тұрарқызы, қазіргі таңда мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағына қанша адам мүше?
– Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Жамбыл облыстық филиалында бүгінгі таңда 120 бастауыш кәсіподақ ұйымы тіркелген. Олардың 61-і мәдениет, 41-і дене шынықтыру және спорт, 8-і ақпарат тарату мекемелері. Есепті кезеңде жаңа 22 ұйым қатарымызға қосылды. Биыл кәсіподаққа мүше қызметкерлердің саны 5208 адамға жетті. Бұл – біз үшін тамаша жетістік.
– Жалпы кәсіподақ мекемелерінің жұмысы қалай жүйеленеді?
– Азаматтық қоғамдағы кәсіподақ бірлестіктерінің маңызы мен басымдылығын арттыру мақсатында еңбек адамының беделін өсіруде филиал тарапынан аз іс атқарылып жатқан жоқ. Филиалға мүше бастауыш ұйымдарда жыл бойына бірқатар ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды. Кәсіподаққа мүшелікке салтанатты түрде қабылдау рәсімдері де өткізілді. Жыл сайын ұйымның жұмысы облыстық кәсіподақ ұйымында өтетін кеңес барысында талқыланады. Жұмыс жоспарына кәсіподақ мүшелерінің экономикалық, әлеуметтік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гендерлік саясат пен жастар саясатын жүргізу, филиалдың қаржылық әлеуетін реттестіру мәселелері енеді. Жарғыға сәйкес кеңес жылына екі рет ұйымдастырылады. Жартыжылдықта бір рет азаматтардың өтініштері бойынша талдау жұмыстары жүргізіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік пен бұқараның арасындағы байланысты нығайтудың маңызын жіті назарға алғанын білеміз. Бұл ретте ұйым қандай нақты жұмыстар атқарды?
– Еліміздегі қазіргі жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ең бірінші кезекте әлеуметтік серіктестікті нығайту бойынша жоспарланған іс-шаралар кешенін әзірлеуді талап ететіні анық. Бұл ретте мемлекет билік пен жұмыс берушілердің және кәсіподақтардың бірлесуімен мәселені үшжақты комиссияның келісімімен шешуге әзір болуы тиіс. Филиал тарапынан спорт, мәдениет, ақпарат салаларын тізгіндейтін мекемелермен әлеуметтік серіктестік жөнінде келісім жасалынған. Бұл келісім 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асады. Жасалған келісім еңбекақысына, жұмыс уақытына, демалыс күндеріне, қосымша әлеуметтік төлемдерге, ұжымдық шарттарға қатысты мәселелерді оңтайлы шешуге мұрындық болады.
– Кәсіподақтың еңбек адамының құқығын қорғауда үлкен нәтижелерге жеткен ұйым екенін жақсы білеміз. Сіздер осы уақытқа дейін қандай сипаттағы заңсыздықтарға тосқауыл қойдыңыздар?
– Мысалдар жетіп артылады. Атап өтсек, 2016 жылы «Тараз қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ әкімшілігінің тарапынан еңбек талаптарына сәйкес жұмыс орындары аттестацияланды. 2017 жылдың алғашқы тоқсанында қызметкерлерге зиянды еңбек жағдайы үшін төлем толық төленген. Ал екінші тоқсанда бұл төлемнің тоқтатылғаны анықталған. Кәсіподақ ұйымы мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшылығына осы төлемді қайтару оңайға соққан жоқ. Кітапханадағы кітап сақтау бөліміндегі шаңның залалына төленетін қаражатты 30 пайызға көтеру үшін де көптеген қиындықтарды жеңуге тура келді. Табандылықтың арқасында бүгінде мекеменің 14 қызметкеріне негізгі лауазымдық қызметақыға қосымша үстемақы төленіп отыр. Есепті кезеңде кәсіподақ мүшелеріне 1700 ауызша, 25 жазбаша өтінішке еңбек заңнамасының нормативті актілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Ал дәл сіз басқаратын сала қандай жетістіктерге жетті?
– Салалық кеңес жыл сайын «Үздік филиал», «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» сынды байқауларды ұйымдастырып тұрады. 2017 жылы біздің салалық ұйым «Үздік филиал» сайысында 1-орынға ие болды. «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауында Жамбыл облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың кәсіподақ ұйымы жеңіске жетті. 2018 жылы осы байқауда Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеті редакциясының кәсіподақ ұйымы қанжығаларына бас бәйгені байлап қайтты.
– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек білдіресіз?
– Қазіргі таңда әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру қазақстандықтардың жаңа замандағы жаңғыру үдерісіне үлкен серпіліс береді. Бұл жағдайда бұқараның жалақысын жоғарылату, жаңа жұмыс орындарын ашу, баспана мәселелерін реттеу маңызды рөлге ие. Кәсіподақ ұйымдары бұл жұмыстарды жүйелеуге қос ғасырдан астам уақыт бойы мүдделі болып келеді. Әрі қарай да табанды түрде қызмет етуге әрдайым әзірміз. Қай жұмыста, қандай ұжымда жүрсек те, өз құқығымызды білу арқылы біз қоғамдағы орнымызды айқындаймыз. Сол себепті заң шеңберінде әрбір еңбек адамының құқығының тапталмауына жауаптымыз. Бізге ұжымдармен қоса, жекелей адамдар да заң тұрғысынан көмек сұрап келеді. Көмек қолын созуға тәулігіне 24 сағат дайынбыз. Өтініштерге әрдайым ашықпыз. Бұл ретте заман көшінен қалмау, бүгінгі адамзаттық құндылықтарды сақтауды естен шығармауымыз керек. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еңбек адамдарының лайықты өмір сүруі жолында жасаған әрбір оңтайлы бастамаларымыз өз жемісін бергей.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments (0)
Add Comment