Күллі қазақтың Күләші бес томдығын шығарды

Қазақ поэзиясының ақ гүлі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, көрнекті ақын Күләш Ахметованың бес томдық шығармалар жинағы оқырмандарға жол тартты.

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, нәзік те сыршыл ақынның көптомдығы «Дәуір» баспасынан 10000 данамен жарыққа шықты. Алаштың абыз жазушысы Әбіш Кекілбаев Күләш Ділдәқызының поэзиясы туралы: «Ол ананың пейіліндей дарқан, ғашықтың жүрегіндей отты, сәбидің еңбегіндей нәзік, қарындастың көз жасындай мөлдір», – деп толғанған еді. Расымен де, қаламына мөлдір өлеңнің киесі қонған, өмірге деген терең құштарлықты шығармашылығының өзегіне айналдырған, отаншылдықтың асқан үлгісін жүрегінен жарып шыққан отты жырларымен көрсете білген қаламгердің осы күнге дейін жиған қазынасы салмақты. Бес томдықтың алғашқы үш кітабында ақынның өлеңдері мен поэмалары, қалған екеуінде ақын хақындағы мақалалар мен арнау өлеңдер, автордың өз естеліктері және сұхбаттары басылған. Тау бұлағының мөлдірлігіндей саф тазалықты, даналық пен әйел жанының нәзік қырларын өлеңге арқау етуден жалықпаған қазақ поэзиясының ақ гүлінің бұл жинағы көзі қарақты оқырман үшін құнды дүние болары анық. Алаштың арда әдебиетіне енген жаңа жинақ құтты болсын, ағайын!

Comments (0)
Add Comment