Панфилов шекара аймағында бес жасөспірім мінген Nissan Cefiro көлігі аударылып қалды. Оқиға салдарынан үш кәмелетке толмаған бала көз жұмды, аман қалған екеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қираған көліктің видеосын оқиға куәгерлері әлеуметтік желіде жариялады. Видео авторы қаңтардың 2-нен 3-іне қараған түні Көктал – Әулиеағаш тасжолында жол апаты болып, бірнеше бала қаза тапқанын айтады.
Алматы облысының полиция департаменті тараған ақпаратты растады. Анықталғандай, Nissan Cefiro көлігін Көктал ауылының 15 жастағы жасөспірім басқарып, көлікті аударып алған.
«Көлікті 15 жастағы Көктал ауылының тұрғыны басқарып, Көктал-Әулиеағаш тас жолында шетелдік көліктің аударылуына жол берген. Оқиға орнында жүргізуші мен 14-15 жастағы кәмелетке толмаған екі жолаушы қаза тапты», – деді полиция.
Көлік иесіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 349-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі – «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды.