Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Таразда темір тұлпар тізгіндегендердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны кемімей тұр. Мұнымен қоса шаһардың шырайын бұзған лас көлік иелерінің ұқыпсыздығы да бас қатырарлық мәселеге айналып келеді.
Жолда жүру де, көлік жүргізу де қауіпті
2021 жылдың алғашқы 50 күнінде облыс орталығы аумағында 54 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 90 адам түрлі деңгейде жарақат алыпты. Мәселен, жуырда, 2021 жылдың 16 ақпанында сағат 11:08-де Тараз қаласы Полиция басқармасының жедел басқару орталығы кезекші бөлімінің «102» тетігіне Әл-Фараби – Ниетқалиев көшелерінің қиылысында орын алған жол-көлік оқиғасы туралы қоңырау түседі. Оқиға кезінде «BMW-520» және «Volkswagen Passat» маркалы екі автокөлік соқтығысқан. Осы уақытта «Жасыл Ел-Тараз» қалалық ұйымының қызметкері аталған жол қиылысындағы аумақты тазалап жатқан. Соқтығысу кезінде көліктердің бірі жол жиегіне аударылып, нәтижесінде әйел оқиға орнында қайтыс болды. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Мұндай оқиғалар тізбегі артпаса, кемитін түрі жоқ. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің мамандары мұндай оқиғалардың ұлғаюын шаһарда көліктердің күрт көбеюімен байланыстырады. Сондай-ақ жүргізушілердің жеке басының тәртіпсіздігі мен жылдамдық режимін бұзуы да жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне әкеліп соқтыруда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 1 айдағы жұмыс қорытындысы бойынша Тараз қаласы жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының саны 44,4 пайызға (27-ден 39-ға дейін), жарақат алғандар саны 85,7 пайызға өскен (35-65). Бұл сипаттағы оқиғалар санын азайту және төмендету мақсатында жыл басынан бері 2 мәрте жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Есепті кезеңде ППБ қызметкерлерінің жедел мәліметіне сәйкес, 7851 (2019 ж. – 5321) жол қозғалысы ережесін бұзу оқиғасын анықтап және жолын кескен, осылайша бұл бағытта жүргізілетін жұмыс саны да тиісінше артып отыр. Сонымен қатар жыл басынан бастап ППБ саптық бөлімшелері 16 мас күйіндегі жүргізушіні ұстаған. Бір ғана 2019 жылдың өзінде мас күйінде көлік жүргізгендер санының 29 екенін ескерсек, дәл осы көрсеткіштің тең жартысына екі ай ішінде жетіп отырмыз. Жыл соңындағы есепті ойлаудың өзі қорқынышты. Мұнымен қоса жыл басынан бастап 36 автокөлік (2019 ж. – 73), сондай-ақ АПК «Автоураган» көмегімен тоқтам салынған 29 (2019 ж. – 76) автокөлік арнайы айыппұл тұрағына жеткізілген.
Барлық жол-көлік оқиғаларының себебі жүргізушінің жасаған заң бұзушылығы екені анық. Жол-көлік оқиғасы кезіндегі жүргізушілердің жасайтын заңсыз әрекеттері: белгіленген жылдамдықты көтеру, көлікті мас күйінде басқару, басып озу ережесін бұзып, қарама-қарсы жолға шығып кету, жол қиылысы ережесін сақтамай жол кезегін бұзу, арақашықтықты сақтамау, жол жүрісі белгілеріне бағынбау, адамдарды тасымалдау ережесін бұзу, жаяу жүргіншілер ережесін бұзу, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өту және т.б. «Жол апаттарының жиілеуіне түрткі болатын тағы бір мәселе – жаяу жүргіншілердің арнайы жолақпен белгіленген жолдан өтпеуі» дейді мамандар. Жоғарыдағыларды қорытындылай келе, жол-көлік оқиғаларының алдын алудағы бірінші мәселе – жүргізушілердің кәсіби даярлығын арттыруда тұрақты түрде арнайы дәрістер жүргізу екеніне көз жеткіземіз. Сонымен қатар жол сапасының төмендігі мен тазалық мәселелері де көлік оқиғаларының негізгі себептеріне жататын көрінеді. Жолдарды бақылау техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру мен жол белгілерінің айқындығын қадағалау – құзырлы органдардың міндеті. Алайда бұл жағдайлардың да қараусыз қалуы талай адамның өмірмен ерте қоштасуына себеп болып отыр. Жаяу жүргіншілердің жолда көрінуін қамтамасыз ету мақсатында лазерлі жарықтандыру қондырғыларын қою да бүгінде кезек күттірмейтін мәселелердің бірі десе болады. Еуропа елдері мұндай технологияларды жаппай қолдану арқасында жол-көлік оқиғалары тым аз орын алатын мемлекеттер қатарына кіріп отыр. Ал бұл ретте біздің мақтануға мүмкіндігіміз көп емес.
Жүргізуші куәлігіне байланысты жаңа заң қабылданды
Ел аумағында жүргізуші куәлігінсіз жүруге рұқсат етілді. Бұдан былай жүргізушілер жеке басын куәландыратын құжаты, сондай-ақ автомобильге техпаспорт болған кезде Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүруге міндетті емес. Ағымдағы жылғы 1 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталмыш заң БАҚ беттерінде ертесі күні жарияланғанымен, 13 ақпанда, араға екі аптаға жуық уақыт салып өз күшіне енді. Басты құжаттағы негізгі нормаларға тоқталатын болсақ, «Жол жүрісі туралы» Заңның 54-бабынан жүргізушілердің өзімен бірге алып жүру және полицияны тексеру үшін Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі мен техпаспортты көрсету міндеті алып тасталды. Тиісінше, көрсетілген құжаттардың жоқтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Айта кетерлігі, қабылданған түзетулер шетелдік мемлекеттік нөмірлері бар автокөліктерге, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жүргізуші куәлігін алған адамдарға қатысты емес. Ол кезде жүргізуші куәлігін және техпаспортты көрсету міндетті болып қалады. Қаперде ұстайтын тағы бір жайт, емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларының 85-тармағына сәйкес, тұруға ықтиярхаты бар шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасының жүргізуші куәлігін ала алады.
Заң несімен оңтайлы?
Аталған заң жобасы жүргізушілердің көлік құралына берілген жүргізуші куәлігі мен тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды қарастырған. Жаңа нормаға сәйкес, көлік жүргізушілері өзімен бірге тек жеке куәлігін ғана ұстап жүре алады және көлікке қатысты барлық құжаттар электронды форматта тексеріледі. Бұл қабылданған заң жобасы жүргізушілерге және полиция қызметкерлеріне өте қолайлы. Себебі барлық әкімшілік құқық бұзушылық деректері электронды планшеттер арқылы толықтырылуда. Планшетке автомобильдің мемлекеттік нөмірін енгізген кезде оның тіркелуі және меншік иесі туралы мәліметтер, маркасы мен моделі, техпаспорттың сериясы мен нөмірі, автомобильдің түсі мен шарап-коды автоматты түрде көрсетіледі. Бұдан басқа, өткен аптадан бастап планшеттерге автомобильдерді қайта жабдықтау туралы мәліметтер көрсетілетін айрықша белгілер шығарылған. Енді полиция қызметкері планшет арқылы автомобильдің дизайнындағы кез келген өзгерістердің заңдылығын тексере алады. Сонымен қатар планшет арқылы көлікті тексеру бойынша техникалық тексерудің қолданылу мерзімі және берілген сақтандыру полисі туралы мәліметтер автоматты түрде көрсетіледі. Сол себептен жол жүрісі қағидасын бұзған адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын толтыру барысында ешқандай қиындықтар туындамайтын болады.
Лас көлік шаһар шырайын бұзады
Темірден келген апаттың қаупі бөлек әңгіме. Қалада ерсілі-қарсылы жүйіткіп жатқан қозғалыс құралдарының тазалығы бұл мәселеден кем түспей отыр. Жүргізушілер көктем не күз мезгілінде жердің батпағын сылтауратады. Оған қаладағы жол мәселесі тағы қосылады. Нәтижесінде жұмысқа асыққан тұрғындар көліктің сыртқы келбетіне, тазалығына мән берместен, орталықта емін-еркін қозғалады. Ал автокөлікті күн сайын жуу қымбат және түрлі қиындық тудырады. Көптеген жүргізушілер асфальттың кебуін немесе ауа райының салқындағанын күтеді. Бірақ полиция күтпейді. Мұндай күндері олар лас автокөлік иелеріне тексеріс жүргізіп, айыппұл салады. Тараз қаласы Полиция басқармасының мәліметінше, көлікті лас күйінде жүргізгені үшін автокөлік иелеріне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңның 620-бабы бойынша үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Әсіресе, көліктің нөмірі, айналары мен артқы терезесі автомобиль иесінің өз ыңғайлылығы үшін де мұнтаздай таза болуы тиіс. Бірақ Тараздың көшелерінен бұл талапқа жіті мән бермейтін жүргізушілерді жиі кезіктіруге болады. Соңғы екі-үш жылдықта «Яндекс Такси» базасында тараздықтар мен оңтүстік астананың тұрғындарына қызмет көрсетіп жүрген Самат Қалдыбеков өз тұлпарының тазалығына жіті мән береді. Такси қызметі тұтынушыларының талабынан бөлек, тәжірибелі жүргізуші лас, батпақ көлігімен қала ішінде жүруден қысылатынын айтады.
– Автокөлік – ер азаматтың отбасынан кейінгі жан жолдасы. Өмірінің көп бөлігін төрт дөңгелектің үстінде өткізеді. Көлікпен өз нәпақасын тауып жүргендер қазір өте көп. Мен де шаруадан қолым қалт еткенде «Яндекс Такси» қосымшасын пайдаланып, халыққа қызмет көрсетемін. Осы жылдар ішінде аңғарғаным, жылдан-жылға тұтынушылардың такси көлігіне талабы жоғарылап келеді. Діттеген нүктесіне жеткен соң, клиенттер такси қызметінің жұмысына, көлікке баға береді. Кейінгі кезде көліктің тазалығына жоғары баға беретін болған. Әлбетте, мен олардың ғана емес, өзімнің үйреншікті әдетім бойынша тұлпарымды екі күннің бірінде жуып тұрамын. Мүмкіндік болмай, көлігімнің тазалық жағдайы мәз емес болса, мүлде жолаушы тасымаймын. Қазір көлік жуу қызметінің түр-түрі дамыған. Өзіңізге-өзіңіз қызмет ететін түрін жаздыгүні жиі пайдаланамын. Кей жағдайларда олардың жұмысы көңілден шықпай жатады. Көлік ер азаматтың айнасы болғандықтан, оның тазалығы ең бірінші кезекте жауапкершілік екенін ұмытпаған абзал. Әлбетте, ауа райы әрдайым мұнтаздай болып жүруге мүмкіндік бермеуі мүмкін. Бірақ мен ең бірінші кезекте өзіме ыңғайлы болуы үшін көлігімнің тазалығын назарда ұстаймын. Оның үстіне ірі мегаполис пен тарихи қалаға кіргенде, лас көлікпен елдің сынына қалғым келмейді. Бір жағынан, «Яндекс Таксидің» өзі де базасында жұмыс істейтін көліктерге тазалық жағдайы қанағаттанарлық болғанда ғана жолаушы тасуға рұқсат береді. Себебі оларға тұтынушылармен кері байланыс орнату аса маңызды, – дейді Самат Қалдыбеков.
Әлемнің дамыған елдерінде лас көліктерді қалаға кіргізбеуге туралы ережелер бар. Бізге мұндай жаңалық әлі де таңсық. Дегенмен бүгінгідей даму қарқынымен әрі халық пен биліктің талабымен ол күннің де ауылы алыс емес сынды.