Көкжиегі кең конференция

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Мамандықтарды цифрлық дәуірге айналдыру» тақырыбында XXVII студенттік ғылыми-практикалық конференция өтті. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында адами капиталды және білім беру жүйесін дамыту арқылы еңбек нарығында жаңа көкжиектерді ашуды мақсат еткен басқосу жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық, педагогикалық және экономикалық ғылыми бағыттарды кең ауқымда қамтыды.

Бағдарлама аясында 8 пленарлық баяндама тыңдалса, 17 секциялық отырыста студенттердің 345 ғылыми жұмысы назарға ұсынылды. Конференцияға ұсынылған баяндамалар жоғары ғылыми маңыздылығымен ғана емес, сонымен қатар практикалық бағыттылығымен де ерекшелене білді. Айталық, қатысушылар жиында цифрлық трансформацияның, жасанды интеллектіні дамытудың, білім беру мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларына цифрлық шешімдерді енгізудің маңызды мәселелерін көтерді.
Конференцияның жабылуында университеттің Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев пен Ғылыми-зерттеу қызметі бөлімінің басшысы Мәртебе Жанқуанышев сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.
Сейітжан Әуесжанұлы өз кезегінде барлық қатысушыларға шын жүректен алғысын жеткізіп, марапаттарды табыс етті. Конференция жұмысының қорытындысы бойынша 26 студент – I, 28 студент – II, 35 студент III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар «Студент-зерттеуші» біліктілігін алуға арналған конкурстың жеңімпаздары да марапаттарға ие болды.

Гульсим БЕКЕЕВА,
«Жаратылыстану ғылымдары» факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары

Comments (0)
Add Comment