Көкжиегі кеңейген кадрлық резерв

Көкжиегі кеңейген кадрлық резерв

Кез келген мемлекет өзінің стратегиялық дамуы жолында кәсіби, білімді әрі жасампаз кадрларға арқа сүйейтіні белгілі. Біздің де еліміздің келешегін айқындайтын негізгі факторлардың бірі мемлекеттік басқару жүйесінің сапасы мен тиімділігі екені даусыз.

Осы ретте, мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамай, белсенді араласатын, жаңашыл ойлайтын және кәсіби біліктілігі жоғары жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту маңызды басымдыққа ие болып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығымен «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы бастау алған болатын.

Жарқын жобаның басты мақсаты – дарынды жастарды анықтап, оларды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту. Бағдарлама мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, басқару құрылымына жаңа көзқарас пен инновациялық шешімдерді енгізуге септігін тигізеді. Сонымен қатар бұл бастама әлеуметтік лифт ретінде қызмет етеді. Яғни, кез келген жас азамат өзінің кәсіби білімі мен біліктілігі арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне ене алады. Нақтырақ тоқталсақ, жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.

Бұл баянды бастаманың тиімділігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Айталық, ел Президенті жастар форумында сөйлеген сөзінде: «Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын. Мен экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз, – деп жастарға зор сенім артқан болатын.

Жарқын жоба бүгінде өз жемісін беріп, 2019 жылы өткен іріктеу бойынша резервке – 300, 2021 жылы – 50, 2023 жылы тағы 50 адам алынды. Осылайша, республика бойынша сұрыпталған 400 жас маманның қазіргі таңға дейін 316-сы немесе 79 пайызы жұмысқа орналастырылған. Олардың барлығы дерлік орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарда, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Ерекше атап өтерлігі, резервке алынған 400 адамның ішіндегі 2 жас Жамбыл жерінде еңбек етуде. Атап айтсақ, олар – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директоры Берік Манасов.

Баянды бағдарлама биыл да өз жалғасын табады. Кезекті іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Жоба талабына сәйкес резервке алынуға ниетті жастар ҚР азаматы болуы, жасы 35-тен аспауы, жоғары білім алуы, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесінің болуы және мемлекеттік тілді «В1» деңгейінен төмен емес меңгеруі тиіс. Өз кезегінде іріктеуге қатысуға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған шенділер, саяси және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, бұған дейін жастар кадрлық резервінде тұрған адамдар жіберілмейтінін айта кету керек. Биылғы іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау pkrezerv.gov.kz арнайы сайтта онлайн режимде жүзеге асырылады.

Осы ретте іріктеудің қалай жүргізілетініне кеңінен тоқтала кетейік. Алғашқы кезең – құжаттарды қабылдау. Жоғарыда айтылғандай құжаттар онлайн-платформада (pkrezerv.gov.kz) кандидатты тіркеу және оған жеке нөмір беру арқылы қабылданады.

Тіркелу кезінде үміткерлер жеке құжаттарын және орта деңгей үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетін нәтижесімен мемлекеттік тілде тестілеуден өткені туралы белгіленген үлгідегі жарамды ресми куәлікті жүктейді.

Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін үміткер Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (ҚАЗТЕСТ) не ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «QAZAQ RESMI TEST» тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет.
Үміткерге өтініш берген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаты болмаған жағдайда, «KAZTEST» немесе «QAZAQ RESMI TEST» жүйесі бойынша тестілеуден өтуге сілтемелер ұсынылады. Ал үміткер тиісті сертификатты алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркелуді аяқтай алады.
Екіншісі – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау.
Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға және оның нәтижелерін тексеруге мүмкіндік беретін екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау ұсынылған мәтін фрагментін зерделеуге және оның мазмұнына сәйкес жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын қамтиды.
Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кестелер, графиктер және диаграммалар түрінде ұсынылған ақпаратты зерделеуге және мазмұнына сәйкес жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын қамтиды. Қажет болған жағдайда үміткер қағазды, қарындашты және калькуляторды пайдалана алады. Әр бағалаудың ұзақтығы 25 минуттан аспайды. Бұл кезеңдердегі нәтижелерді есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Ең жоғары балл жинаған 1 мыңға жуық үміткер тестілеуді верификациялауға жіберіледі. Үміткерлерді бағалаудың нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде және сайтта әкімшінің жеке кабинетінде жарияланған келесі күні сағат 18.00-ден кешіктірілмей орналастырылады. Тексеру (Верификация) – үміткерлердің қабілеттерін тексерудің қысқаша нысаны және тестілеу үдерісін аудио-бейнежазба арқылы үміткерлердің қабілеттерін қайта өлшеуге бағытталған. Тестілеуді тексеру тілі үміткердің бағалаудың алғашқы екі блогынан өткен тілге автоматты түрде орнатылады. Тексеруге қойылатын сұрақтардың жалпы саны – 30 (15 мәтін және 15 сан), олар кездейсоқ түрде таратылады. Тексеру процедурасының ұзақтығы 30 минуттан аспайды.
Тексеру белгіленген тәулік ішінде Астана қаласының уақыты бойынша оған ыңғайлы уақытта интернет байланысы арқылы жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша келесі кезеңге ең жоғары балл жинаған 500-ден аспайтын үміткер жіберіледі. Тексеру кезеңінің нәтижелерін орналастыру механизмі қабілеттілікті тексеру нәтижелерін орналастыру механизміне ұқсас.
Үшіншісі – ситуациялық есептерді шешу. Бұл кезең ситуациялық тапсырмалар түрінде құрастырылған нақты мәселелерді шешуге үміткерлердің көзқарасын бағалауға бағытталған.

Кезең үміткерге ыңғайлы уақытта Астана уақыты бойынша белгіленген күні онлайн платформада эссе жазу форматында өтеді. Бұл кезең онлайн-платформада аудио және бейнежазбамен сүйемелденеді. Ұзақтығы – 45 минуттан, көлемі 500 сөзден аспайды. Сарапшылардың жалпы пулы кем дегенде 105 адамды құрайды.

Төртіншісі – құзыреттерді бағалау. Ситуациялық есептерді шешу кезеңінен кейін 250 үздік үміткер құзыретін бағалау кезеңінен өту үшін онлайн-платформаға тіркеле алады. Олардың әрқайсысы ұсынылған нұсқалардан рәсімнің күні мен уақытын таңдай алады. Бұл кезең екі бағалау блогынан тұрады: ассессмент-орталық және құзыреттілік сұхбаты.

Ассессмент-орталық Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол үміткерлердің мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерін (стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталған. Құзыреттіліктерді бағалауға барлығы кемінде 20 сертификатталған бағалаушы мен 5 супервизор тартылады. Ассессмент-орталық рәсімінің ұзақтығы 6-дан 8 сағатқа дейін созылады. Нәтижесінде құзыреттерді бағалаудың келесі блогына құзыреттер бойынша сұхбатқа ең үздік нәтиже көрсеткен 125 үміткер жіберіледі. Құзыреттілікке негізделген сұхбат кәсіби HR менеджерлерін тарта отырып, жеке тереңдетілген сұхбаттың онлайн форматында өткізіледі. Әңгімелесуге тіркелу ең жақсы нәтиже көрсеткен 125 үміткер үшін онлайн-платформадағы алдыңғы блокқа ұқсастық бойынша жүзеге асырылады. Әңгімелесу нәтижелері бойынша іріктеудің келесі кезеңіне үздік нәтиже көрсеткен 100 үміткер іріктеледі.

Бесіншісі – сараптамалық комиссияда сұхбаттасу. Бұл кезеңге өткен іріктеу кезеңдерінің жалпы ұпайлары бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен 100 адам жіберіледі. Сараптамалық комиссияда кадр жөніндегі менеджер комиссия мүшелеріне тереңдетілген әңгімелесу нәтижелері бойынша қысқаша есеп береді. Қажет болған жағдайда осы кезеңде комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылуы мүмкін. Сараптамалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 кандидаттан аспайтын тізім жасалады, олар Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады.
Іріктеудің осы кезеңінің нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде орналастырылады.
Алтыншысы – Ұлттық комиссияның отырысы. Ұлттық комиссияның отырысына сараптама комиссиясы ұсынған ең жоғары баллмен 65-тен аспайтын кандидат жіберіледі. Ұлттық комиссия қажет болған жағдайда кандидаттармен әңгімелесу өткізе алады. Бұл ретте, үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді.

Іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша сайтта жарияланып, қатысушылар туралы ақпарат баршаға қолжетімді болмақ.

Ел Президенті Жастар форумында мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі үшін кадр резервін өңірлерде де қалыптастыру керектігін қадап айтқан болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде аймақ әкімдері аталмыш жобаның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуі керектігін және кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескерудің маңыздылығын тілге тиек еткен еді. Соған орай «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің тікелей сүйемелдеуімен 2024 жылы «Өңірлік кадр резерві» жобасы бастау алды.

Департаменттің ресми мәліметінше, аталмыш жобаның іріктеуіне қатысушылардың жалпы саны 478 адамды құрап, олардың 443-і заңнамаларды білу бойынша тестілеуден өткен. Сондай-ақ, 224 үміткер жеке қасиеттерін бағалау бойынша сынақтан сүрінбеген. Сонымен қатар, Ассессмент-орталық уәкілетті орган белгіленген кестеге сәйкес Астана қаласындағы Академия базасында офлайн форматта өтетін Құзыреттерді бағалау кезеңіне 53 үміткер жолданып, оның 49-ы оң нәтижеге қол жеткізді. Ал құзыреттерді бағалау қорытындысымен 38 жас Жамбыл облысының кадр комиссиясынан құрылымдық сұхбаттан өтіп, оның ішінде 25 үміткер өңірлік кадр резервіне алыныпты. Қазіргі таңда 6 жас маман кадр резерві арқылы түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған.

«Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда», – деген Бауыржан Момышұлының нақыл сөзі бар. Қиындық демей-ақ қоялық, бірақ өзгермелі әлемде шапшаң әрі шебер қимылдау қажет-ақ. Оның әр жағында білімің мен білігіңнің болуы тағы бар. Бұл – әсіресе басшылық, оның ішінде мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Сондықтан Президенттің жастар резервін құру бір күнде пайда болған дүние емес. Айта кету керек, бұған дейін де елімізде құқық қорғау органы саласында осындай тәжірибе енгізіліп, өзінің жетістігін де берген. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметте мықты әрі құбылмалы әлемде кез келген жағдайға бейімделуге қабілетті жастар қатарынан әлеуетті кадр жасақтау мәселесі тұрғаны айқын.

Президенттің игі бастамасы жастарға жол ашумен қатар, еліміздегі кадр саясатын да оңтайландырмақ. Тек қабілетің мен қарымың жетсе болғаны. Бұл тәжірибе көршілес Ресейде, Кореяда және АҚШ-та да қолданылатынын айту керек. Президенттік жастар резерві жасақталар болса, қоғамның дамуына ықпал етер лауазымды орындарға білікті жастардың келеріне сенім мол. Біздің бағамдауымызша, Мемлекет басшысының да көздегені – осы.

Аман ЕСЕН

 

Comments (0)
Add Comment