Көкті тілген «Айдаһар»

Шаттл бағдарламасын аяқтағаннан кейін 9 жыл өткен соң, АҚШ Флорида қаласындағы Джон Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан Илон Масктың «Space X» компаниясы даярлаған ғарышкерлерді өз әуе кемесімен ғарышқа жіберді. Осылайша тарихта тұңғыш рет жеке меншік компания ХҒС-ға өз мамандарын жіберіп отыр.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл жаһандық оқиға коронавирус індетінің кесірінен жеке меншік компаниялар мен мемлекеттік агенттіктердің өз жұмыстарын тоқтатуға тура келгеніне және ауа райының қолайсыздығына қарамастан сәтті жүзеге асты. 2 ғарыш кемесін алғашқы сынақтан өткізгенде, нәтиже көңіл көншітпеген еді. Бұл күні старт ұшуға 15 минут қалғанда тоқтатылған болатын. Зымыранның көкке көтерілу сәтін АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі тамашаламақ болған. Дегенмен 30 мамыр күнгі тағы бір талпыныс өз нәтижесін берді. «Айдаһар» әуе кемесінің бортындағы насалық Дуглас Хёрли мен Роберт Бенкенді Халықаралық ғарыш кемесінде әріптестері ғарышкер Крисс Кэссиди мен ресейлік Анатолий Иванишин және Иван Вагнер күтіп алды.
ХҒС-ға аттанған «Crew Dragon» зымыраны – Илон Масктың «Space X» компаниясынан шығарылған өнім. Наурыз айында ғарыш аппаратының ұшып-қонуы бойынша экипажы бар борт сәтті сынақ жүргізген болатын. Оны орбитаға «SpaceX Falcon-9» зымыран тасығышы шығарған еді. Атаудағы «9» саны тасығыштың бірінші сатысында орнатылған зымыран қозғалтқыштарының санын білдіреді.


NASA және Америка бұл стартты шамамен 10 жыл күтті. 2011 жылдың 21 шілдесінде ғарышқа соңғы америкалық «Атлантис» көтерілді. Бағдарлама жабылып, қалған шаттлдар космонавтика мұражайларының экспонаттарына айналды. Зымырандарды тез арада құрастырып, ғарышқа жіберуде бірнеше рет сәтсіздікке ұшыраған NASA шаттлдарды алмастыратын құрылғы жасап шығарудан бас тартады. Оның орнына агенттік ғарышкерлерді Халықаралық ғарыш станциясына дейін және жерге кері қарай қауіпсіз жеткізуге қабілетті ғарыш аппаратын жасау ұсынысымен жеке секторға жүгінді. Бүгінгі күнге дейін бұл шешім мамандар арасында үлкен дау тудырған болатын. Себебі бұрын жеке бизнес мұндай міндет алмаған еді. Дегенмен жоспар бойынша бәсекелес коммерциялық компаниялар шығындарды қысқартып, жаңа инновацияларды ынталандырса, NASA өз уақыты мен ресурстарын Күн жүйесін тереңірек зерттеуге жұмсамақ болады.
NASA басшысы Джим Брайденстайн бұл тарихи оқиға жалғасып жатқан пандемиядан әбден қалжыраған халықтың еңсесін тіктеп, көңіл-күйін көтеретініне сенім білдірді. NASA атап өткендей, ХҒС бортындағы америкалық ғарышкерлердің жұмысы енді ресейлік «Союз» зымырандарының ұшырылуына байланысты болмайды. АҚШ-тың космонавтика саласы осы уақытқа дейін Конгрестің талқысына жиі түсетін Ресейге тәуелділіктен біржола құтылды. Осыған дейін америкалықтар әр ғарышкердің ғарышқа көтерілуіне 86 миллион доллар төлеп келген. Дональд Трамп бұл оқиғаға «Америка – ұлы ел» деген лозунгпен баға берді. Сөзсіз, қарашада өтетін президент сайлауының алдында Трамп бұл оқиғаны өзінің үлкен жетістіктерінің қатарына қосатын болады. Ғарыш саласындағы коммерциялық бастамалар 2014 жылы Барак Обаманың тұсында басталған болатын. 2014 жылы NASA «Starliner» зымыранын жасақтап жатқан Боинг концерніне 4,2 миллиард доллардың келісімшартын ұсынған болатын. Аталған соманың 2,6 миллиардын ғарышқа бірнеше жүк тасымалын сәтті жүзеге асырған Илон Масктың «Space X» компаниясы иеленді. Америкалық БАҚ-тың айтуынша, Боинг жасаған «Starliner» зымыранының капсуласында кемені экипажсыз сынақтан өткізген сәтте ақау пайда болған. Илон Масктың бұл салада көшбасшы атануына осы оқиға себепші болды десе де болатындай.
Жергілікті БАҚ-тың есептеуі бойынша жаңа кемемен бір ғарышкерді ұшырудың бағасы 55 миллион долларды құраған. Алайда бұл қаражат NASA мен Space X арасындағы келісімшарт бағасына кіреді. Сондай-ақ бұл сомаға алғашқы 6 ұшырылымға жұмсалатын қаржы еніп отыр. Planetary Society ұйымының бағамдауы бойынша бұл бағдарлама осыған дейінгі ғарыштық бағдарламаларға қарағанда экономикалық жағынан тиімділігін көрсетіп отыр. NASA-ның діттегені де осы еді. Дегенмен Space X осыған дейін бірнеше мәрте сәтсіздікке ұшыраған болатын. Тіпті банкротқа ұшырап, күйреуге сәл қалған. Алайда «Falcon-1» зымыраны ғарышқа сәтті қадам жасап, компания қайтадан қалыпқа келді.
Дональд Трамп өзінің президенттік мансабы басталған тұста коммерциялық ұшу бағдарламасын «Ғарышты игерудегі Американың көшбасшылығын қалыпқа келтіру» деп атаған еді. Сол үшін де осы салаға құйылатын инвестицияларды ұлғайтуға ұмтылды деп жазады «Politico» басылымы.
Трамп ғарыш бағдарламасының ренессансын өзінің басты басымдықтарының бірі деп атады, соның ішінде ол 2024 жылға қарай Айға адам ұшыру бойынша амбициялық мақсат қойды. Ғарышпен байланысты экономиканың дамуына көмектесу үшін федералдық шектеулерді алып тастады. Бұдан басқа, елдің әскери саласына жаңадан «Ғарыш күштері» деген жаңа бағыт енгізгенін жария етті.
Саясаттанушылардың пікірінше, АҚШ-тың ғарыш саласында көшбасшыға айналуы Ақ үй үшін сайлау алдындағы ең тиімді қадамдардың бірі болып отыр. Экономиканың құлдырауы, жұмыссыздықтың ұлғаюы, нәсілдік толқулар Трамптың президент ретіндегі беделіне үлкен сызат түсірген-ді.
NASA ардагерлері 49 жастағы Роберт Бенкен мен 53 жастағы Дуглас Хёрли орбитаға тарихи «39 А» старт кешенінен аттанды. Бұл нүктеден 1969 жылы «Апполон-11» кемесінің ғарышкерлері Айға ұшқан болатын. Аталмыш старт нүктесін «Space X» компаниясы жалға алып отыр. Space Dragon – АҚШ тарихындағы Mercury, Gemini, Аполлон және Шаттлдан кейінгі NASA-ның ғарышқа адам ұшыруға арналған қауіпсіздік сертификатына қол жеткізген бесінші компания. Және бұл – ең алғашқы жеке меншік компанияның ғарыш кемесі. Қос ғарышкер де – осыған дейін реактивті ұшақтарда ұшқыш болған тәжірибелі мамандар. Екеуі де ғарыштық шаттлдарда бақ сынаған. NASA екі маманды 2018 жылы таңдап алған болатын. NASA-да реактивті ұшақтарда жеткілікті мөлшерде ұшқан ұшқыштарды алу жөнінде нақты қағида бар. Аталған ғарышкерлер компанияның осы талаптарына сәйкес келгендіктен, бүгінде адамзат тарихындағы айтулы оқиғаның басты кейіпкерлеріне айналып отыр. Айта кету керек, бұл орбитаға адам жіберуден әлемді көшбасшыға айналып, монополист болып отырған Ресейге тағы бір тұсау болмақ. NASA жоспарына сәйкес, Crew Dragon мен Starliner XX ғасырдың 60-жылдары шығарылған ресейлік «Союз» кемелерін алмастыруы тиіс. 2011 жылдан бері Қазақстан территориясындағы «Байқоңыр» айлағынан ұшырылып жүрген ресейлік «Союз» кемелері америкалық ғарышкерлерге Халықаралық ғарыш станциясына жетудің жалғыз жолы болған.

Comments (0)
Add Comment