Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» мен Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысы өтті. Басқосуда «Жер аманаты» жобасы аясында өңірдегі заңсыз берілген, пайдалынылмаған жерлер мен жайылымдық жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылуы мен олардың тұрғындар арасында әділ бөлінуі, өңірдің көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы бірқатар өзекті тақырыптар талқыланды.
Өткен жылы партияның «Жер аманаты» жобасы аясында игерілмеген 80 мың гектар қайтару жоспарланған болса, біз 102,5 мың гектар жерді қайтарылды. Ал, биылдық меже 90 мың гектар. Әрине, қайтарылған жерді кәдеге жарату да өзекті. Оның барлығы мақсатына қарай елді мекендерге бөлініп беріледі.
Тағы бір өзекті мәселе, өңірдің көктемгі дала жұмыстарына дайындығы. Биыл 659,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Ол үшін 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникалары толықтай дайын болса, оларға қажетті 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай Үкімет тарапынан бөлініп қойған.
Десе де біршама мәселелер де жоқ емес. Мәселен, «Меркі қант» зауыты шаруа қожалықтармен әлі есептесіп бітпеген. Тіпті, өткізген балтамырдың тек 30 пайызының ғана қаражатын алып, қол қусырып отырғандар да бар. Сондай-ақ, осы қант қызылшасына берілетін субсидия бойынша 8 млрд. теңгедей қарыз бар. Ол берешекті өтеу бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы Республикалық резервтен қосымша қаражат сұратуда.
Тағы бір мәселе, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшіг шаруаларға «Кең дала» бағдарламасы арқылы берілетін 5 пайыздық несие. Әні-міне, дегенше көктем де келіп, қызу жұмыстың алдындамыз. Дейтұрғанмен, бағдарламаның жүру қарқыны көңіл көншітпейді. Сондықтан жауаптылар осы салалар бойынша жұмысты мейлінше күшейтуі тиіс.