Қыс аязы тарқап, Жер-ана бусанған шақта ғарышта да көктемге тән ерекше құбылыстар орын алады. Ғалымдар бұл кезеңді галактика маусымы деп атайды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Дәл көктем мезгілі – әуесқой астрономдар үшін көктегі тұманды жұлдыздарды бақылауға таптырмас уақыт. Ондай құбылыстардың бірін Мессье каталогы (Мессье марафоны) деп атайды. Бұл жұлдыздар шоғырына 110 нысан кіреді. Олардың ішіндегі ең ірілері – Бикеш, Арыстан, Вероника. Сонымен қатар бұл аймақ Құс жолының жазықтығына перпендикуляр бағытта орналасқан және бұл жерде алыс жұлдызды жүйелерді жасыратын шаң тұмандары жоқ. Сондықтан көктемді галактика маусымы деп атауға әбден болады.
Ежелгі грек мифтері көктемгі шоқжұлдыздарды ұлы Гераклдың (Геркулес) ерліктерімен байланыстырады. Олардың қатарында Арыстан, Лерней гидрасы мен Шаян бар.
2020 жыл күнтізбе бойынша кібісе жылына жатады. Бұл жылы әлемнен бөлек, ғарышта да түрлі өзгерістер орын алып, адамзат баласы астрономиялық құбылыстарға кеңінен куә болмақ. Соның бірін күні кеше ғана адамзат баласы бірге тамашалады. Мамыр айының алтысынан жетісіне қараған түні Жер тұрғындары осы жылдың ең жарық айын көруге мүмкіндік алды. Роскосмостың берген мәліметіне сүйенсек, осы түні Жер мен Айдың арақашықтығы 360 мың шақырым болған. Мамыр айындағы бұл құбылысты «гүлді ай» деп те атауға болады. Себебі дәл осы уақытта жер бетінде гүлдердің бәрі күлтесін ашып, табиғатқа күннен ерекше энергия тарай бастайды. Мұндай күйге енген айды адамзат үш күн бойы тамашалай алады. Одан әрі аспан денесі Жерден алыстай бермек. Аспан әлеміндегі мұндай құбылысты жыл сайын тамашалауға болады. Және ол әрқашан сәуір-мамыр айларына тұспа-тұс келеді. Сол себепті де көктегі мұндай өзгерісті көктемгі аспандағы ең басты ғарыштық оқиға деп атауға болады.
Жыл соңына дейін адамзат Күн жүйесіндегі бірнеше планетаны тамашаламақ. Көктемде аспаннан ерекше көрінетін жұлдыз – Венера. Қазақша жұлдызнамада бұл планетаны Шолпан деп атайды. Күн мен айдан кейінгі ең жарық жұлдыз аспанда ашық ауа райында, тіпті күндіз де көрінеді. Сәуір айының соңында Венера толыса жарқырап, мамыр айының соңында кешкі аспаннан көрінбейтін болады, бірақ маусым айының соңында Шолпанды бәз баяғы қалпында таңертеңгілік тамашалайтын боламыз. Венера өзінің жаңа көз тартарлық келбетін Жер тұрғындарына 10 шілдеде көрсетеді де, жылдың соңына дейін таңертеңгілік жұлдыз болып жарқырай береді.
Марсты жылдың басында таңертең, ал маусымнан бастап түннің екінші жартысында көруге болады. Әсіресе, қызыл планета күзде жарқырай түспек: 14 қазан Марс Балықтар шоқжұлдызында күнмен қарсы тұрады. Қазан айының бірінші аптасында Марс Жермен барынша жақындайды. Жер мен Марстың арасы 62 миллион шақырымға жақындай түспек.
Ал Юпитер мен Сатурнның жарқырауы осы көктемге сәйкес келіп тұр. Телескобыңыз бар болса, бұл қос аспан денесің жазға дейін таңертең тамашалай аласыз. Ал шілдеден бастап қос алып түні бойы көзге қуаныш сыйламақ. Мерген шоқжұлдызына тұспа-тұс келген Юпитер мен Сатурн жылдамдық жағынан бір-бірімен жарысқа түседі. Екеуінің ғарыштық бәйгесіне 21 желтоқсанда нүкте қойылып, қос алып осы түнде бір-бірімен қауышады. Юпитер Күнді 12 жыл, ал Сатурн 30 жыл айналатынын ескерсек, қос алыптың қауышуын жиырма жылда бір-ақ рет көре алады екенбіз.
Ал Күн жүйесінің ең кішкентай планетасы Меркурий аспанда жылына бірнеше рет қана көрінеді. Оның өзінде түнде емес, тек күндіз ғана. Ақпан айының басы мен мамырдың соңында Меркурий күндіз ғана жылт етсе, шілде мен қарашаның ортасында тек таң алдында ғана адамзатқа бар екенінен хабар бермек.
2020 жылдың жол сілтегіш жұлдыздарының қатарын Үлкен ит, ең жарық көгілдір Сириус, аспан аңшысы Орион толықтырмақ. Аспанның қақ ортасына сары түсті Капелла мен Аурига шоқжұлдызы жайғасады. Ал қысқы аспанға Торпақ шоқжұлдызындағы Альдебаран мен Гиада және Плеяда жұлдыздарының шоғыры көрік бермек.
Көктемнің үш айында көкте Арыстан, Бикеш және Волопас шоқжұлдыздары ерекше жарқырай түспек. Бұл шоқжұлдыздардың ең ірі әрі ең жарық жұлдыздары Регулус, Спика және Арктур бірігіп жол сілтеуші үшбұрышты құрайды. Ал жазда Аққу және Қыран шоқжұлдыздарының басты жұлдыздары Вега, Денеб және Альтаир-Лира бірігіп үшбұрыш құрамақ. Ал күздігүні Андромеда шоқжұлдызының оң бұрышынан басталатын Пегас жұлдызы аспанға ажар бермек. Ол Жерден кішкентай ғана тұман секілді көрінетін болады.
Аққан жұлдызға қарап тілек тілеуді жақсы көретін әуесқойларға тамыз және қараша айларына демалыс алуға болады. Жыл сайын Персей шоқжұлдыздарынан самсап ағатын жұлдыздардан сағатына 100 аспан денесінің белгісіз маңға құлағанын байқауға болады. Бұл жолы персеидтер 9 тамыздан 13 тамыз аралығында аса белсенді болмақ. Ал қараша айының бел ортасында Леонид метеорлық ағыны астрономияға қызығушыларды өзгеше құбылыстармен қуантпақ.
Күн – ең тыныш планета
Құс жолындағы төрт жүзге жуық күн тәрізді жұлдыздардың мінез-құлқын талдай отырып, астрономдар күннің магниттік белсенділігі аз және күнге ұқсас аспан денелерімен салыстырғанда Күн жарық тербелісінің өте төмен деңгейін көрсетеді деген қорытындыға келді.
Күн белсенділігінің өзгеру дәрежесі әртүрлі әдістерді пайдалана отырып, белгілі бір уақыт кезеңінде қайта құрылуы мүмкін. Мысалы, Күннің бетіндегі дақтар туралы шынайы 1610 жылдан бері сақталып келеді, ал осы күнге дейін сақталған ағаш сақинасындағы көміртегі мен бериллийдің радиоактивті изотоптарының шоғырлануы соңғы 9 мың жылда Күн белсенділігінің деңгейі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Күннің белсенділігін ағымдағы жарық дәрежесімен салыстыру мүмкін емес. Сол себепті ғалымдар күн іспеттес планеталардың жағдайын бақылауға алып, Күнмен салыстырмалы түрде зерттеулер жасап отырған. Зерттеулер нәтижесі Күннің соңғы тоғыз мың жыл ішінде ешқандай тосын қылық көрсетпегенін дәлелдеп отыр. Ескере кететін жайт, аспан денелері үшін 9 мың жыл қас қағым сәт қана.
Жер маңынан қауіпті астероид ұшып өтті
Биылғы жылдың 29 сәуірінде Жер маңынан 6 миллион қашықтықта аса қауіпті 1998 OR2 астероиды ұшып өтті. Көлемі 2 км алатын аспан денесін аспаннан аңғармау мүмкін емес еді. Сол себепті астрономдар қарапайым әуесқой телескоппен-ақ Жер маңынан ұшып өткен астероидтың қозғалысын бақылаған.
Аталмыш аспан денесі 1987 жылы 30 маусымда ашылған. Ол астероидтардың Амур тобына жатады. 1998 OR2 Күнді 1345 күнде немесе 3,68 жылда 561 миллион километр қашықтықта алыстап, 152 миллион километр қашықтықта жақындап, айналып өтеді. Ғалымдар жүргізген есеп бойынша Жер мен аталмыш аспан денесінің жақындауы 2079 жылдың 16 сәуірінде жүзеге аспақ. Ол кезде біздің планета мен астероидтың арасы бар-жоғы 1,77 миллион километр қашықтықты құрайтын болады.
Жерге жақын қара құрдым табылды
Халықаралық астрономдар командасы жерден 1000 жарық жылындағы қашықтықта орналасқан қара құрдымды тапты. Бұл нысан Күн жүйесіндегі өзге қара құрдымдарға қарағанда үшінші планетаға өте жақын орналасқан. Астрономдар аталмыш аспан денесін «Чили» телескобының бірнешеуінен түсірілген кадрлар арқылы көрген. Олардың пайымдауынша, бұл қара құрдым Күн жүйесіндегі өзге қара құрдымдардың кішкентай ғана бөлшегі болуы мүмкін. «Бұл көзге көрінетін қара құрдым жұлдыздардың бірнеше еселенген жүйесі екенін түсінген кезде қатты таң қалдық. Ол Телескоп шоқжұлдызында орналасқан және бізге тым жақын, оңтүстік жарты шарда оны арнайы құралдарсыз бұлтты аспанда ешбір кедергісіз көруге болады», – дейді Чехия Республикасының Ғылым Академиясының ғалымы Томас Ривиниус.
Бүгінгі күні астрономдар галактикада ондаған қара тесік бар екенін анықтаған. Олардың барлығы дерлік өз ортасымен белсенді әрекеттеседі және материяны жұтқан кезде олардан қуатты рентген сәулесі пайда болады.