Көктемдi қондырып қаламына

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркемсурет галереясында 1 наурыз – Алғыс айту күнінде «Алғыс айта жүрейік!» атты көрме өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жаймашуақ көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы күнге орай көрмеге қаладағы 20 нәзікжанды қылқалам шеберінің 132 туындысы қойылды.
Көрмеде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері Гүлнар Қоспақова, Рахат Сапаралиева, Галина Шумилина, Қосым Аманқосов және Надежда Гулина сөз алып, суретшілерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта өнер иелерімен байланысты нығайтатынын жеткізді.

Бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемнің түрлі түсін байланыс-тырып, табиғатқа жан бітірген талантты суретшілердің еңбектері шамшырақтай жарқырап тұр. Түрлі-түсті алуан гүлдер таңғы самалмен тербеліп, терезеден тысқа үлбірей қарап тұрғаны қылқалам шеберінің ішкі әлемін, танымын танытады. Бояуымен өмірдің өзін көрсетіп, көздің жауын алардай әсемдікті жеткізе білген суретшілер әлемі қашанда биік, қашанда терең.

Көрмеге арнайы келіп, суретшілердің туындысымен толық танысқан Қарақат Асқарқызы көрме жайлы өз ойын білдірді.

– Көрме – бұл ғажап әлем. Картиналардың қай-қайсысын қарасаң да нәзіктігі, жылылық пен мейірімі көзге оттай басылады. Биыл 15-ке жаңа толған жас болсам да, суреттерді бірден түсініп қоямын. Өйткені менің де жаным сурет салғанды сүйеді. Мұнда суретшілердің қылқаламынан шыққан кез келген туынды – ғажап көрініс. Сезім мен нұрға, жақсылыққа тұнып тұр, – деді Қарақат.

Comments (0)
Add Comment