М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Журналистика және филология» кафедрасының оқытушылары А. Мұқашева, М. Абдиманапова және А. Иматаеваның ұйымдастыруымен “Көктем. Сағыныш. Махаббат. Сезім симфониясы” атты акустикалық кеш өтті. Шара 2.1 корпустағы Кітапханалық-ақпараттық орталықтың Creative zone аймағында ұйымдастырылды.
Махаббат пен көктем тақырыбы тоғысқан кеште жас таланттар сүйікті әндерін жанды дауыста орындап, поэзиялық шығармаларды көрерменге ұсынды. Кештің басты мақсаты – студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту және олардың ортаға бейімделуіне ықпал ету.
Әдебиет пен әуен үйлесім тапқан кеш барысында студенттер ұлы ақындардың, қазіргі танымал авторлардың шығармаларын оқып, өз туындыларымен бөлісті. Көрермен қауым көктемнің нәзік атмосферасын сезініп, ерекше эмоцияға бөленді.
Бұл кеш студенттерге тек шығармашылық шеберліктерін көрсету ғана емес, жаңа достар тауып, ортақ қызығушылықтарымен бөлісуге мүмкіндік берді. Университеттің мәдени өміріне белсене араласуға ықпал ететін мұндай шараларды ұйымдастырушылар алдағы уақытта дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
Өнер сүйер жастар үшін бұл кеш ерекше форматтағы мәдени кездесу ретінде есте қалды.