Көктегі жұлдызға көз салсақ…

Әлемде әр халықтың өз дүниетанымы болады. Соның ішінде біздің көшпенділердің дүниетанымына тоқталсақ, олардың уақыт өлшемі, жыл санауы мүлдем бөлек болған. Олар өз өмір тәжірибелері арқылы әр нәрсеге атау беріп, қолданысқа енгізіп отырған. Ал аспан туралы айтыла қалса, бір жұлдыздың атын айтып қалуға тырысады әр қазақ баласы. Өйткені жұлдыздар турасында да қазақтың болжамдары көп. Тіпті «бір жұлдыз сөнсе, бір адам қоса сөнеді» деп есептеген немесе «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан» деп тілек білдіріп жатуының да өзіндік мән-мағынасы бар.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Қазақ жұлдызға мезгіл тұрғысында да, медициналық тұрғыдан және астрономия ғылымы тұрғысында да қарап, бағасын берген. Сондықтан да болар, қай жұлдыз, қайда, қанша уақыт тұрады? Соның бәрін біліп отырған деуге болады. Ендеше, қай жұлдыз қай айда туады, оның атаулары қандай? Осы сынды сұрақтарға 10 мамыр – Халықаралық астрономия күніне орай түрлі ғылымдардың материалдарынан жауап іздеп көрген болатынбыз.

Әуелі қазақ үшін жылдың басы наурыз десек, Ұлыстың ұлы күні Қадір түніндей қадірлі болған. Тіпті көктемнің келу-келмеуін де сол күнмен байланыстырған. Ол туралы Серік Қауымбайұлы «Наурыз» сөзінің тегі қайда жатыр?» атты мақаласында: «Ежелгі қазақтар Ұлыстың ұлы күні қар жауса, «нұр жауды, жыл жақсы болады» деп есептеген әрі сол күнгі жауған қарға «Ақшақар» деп ат қойып, есепшілер бұл қардың үстінен құмалақ жүгіртіп көрген. Құмалақ қыдырып кетсе, «көктем қырық күн кешігеді» деп, ал бармақ бойы батып кетсе, «көктем ерте келеді» деп түйген. Дәл осы айда күн көзі Зауза (Егіздер) шоқжұлдызынан өтіп, Саратан (Шаян) шоқжұлдызының тұсына келеді», – деп келтіреді. Демек, қазақтың «Саратан-зауза» деген амалы дәл осы мезгіл болса керек.

Сонымен қатар қазақта «Таразы туса таң суыйды, Үркер туса су суыр» деген сияқты сөз тіркестерінің де мәні ауа райын аспан әлемі арқылы болжауы деуге болады. Сонда мұндағы Таразы деген қай жұлдыз? Үркер деген қай жұлдыз? Осы сұрақтар мазалап, біраз материал ақтардық. Ол туралы Серікбол Қондыбайдың 10 томдығының ішінде Махмұт Қашқаридің Мизан-Таразы жұлдызы, яғни «Қарақұс» деп аталатын да осы жұлдыз деген анықтама береді. Бірақ осы кітапты қазақшалаған Асқар Егеубаев қазақ арасында «Қарақұс» деп Өлкі (Таразы) шоқжұлдызын атайтынын көрсетеді. Ал К.Жүністегінің «Ана тілі» газетінің 22 наурыз 1996 жылғы санында жарық көрген «Бөлек туып, бірге батқан үш жұлдыз» атты мақаласында: «Үркер шілдеде, Таразы тамызда, Үшарқар қыркүйекте туады. Одан соң қыс бойына аспанда бірінен соң бірі тізбектеле туады. Бұл жұлдыздар мамырдың алғашқы онкүндігінде күнбатыс көкжиекте бір қатарға тізіле бастайды. Мұны жұлдыз тоғысуы деп атайды. Сол шамада (мамырдың 8-9 арасы) күн бұзылады. Қыс бойы бірінен соң бірі тізбектелген шоқжұлдыздар енді қатар тізіліп, Құралай өткен соң біржола бірге батады», – деп көрсетеді. «Ал Г.Н.Потанин болса: «Таразының туу уақытын Үркер көрінгеннен кейін 20 күннен соң, Сүмбіленің туу уақыты тағы 20 күн өткеннен соң деп жазып қалдырыпты», – деген деректерді алға тартады.

Ал енді осы Таразы жұлдызының атауына келсек, жалпы «Таразы» деген сөз – қазақта өлшем жасайтын аспап. Ал енді оның жұлдызбен не қатысы бар деген сұрақ туындайды. Ал кей деректерде «Таразы» сөзі парсынікі делінеді. Не болса да аспанда Таразы атауымен бір жұлдыздың бар екені айқын. Ал Серікбол Қондыбайдың жазбасы бойынша: «Түнгі аспандағы Құс жолы тұмандығының аспан экваторын кесіп өтетін тұстағы шоғырланған жұлдыздар мен шоқжұлдыздар тас ғасырында үлкен рөл атқарған. Олардың ішіндегі аса маңыздысы Орион белдеуі деп аталады, оған Ерентұз деп атау береді. Яғни Ерен дегеніміз – Орион. Ерентұз дегеніміз – Орион белдеуі жұлдыздарының жалпы атауы. Бұл – Орион белдеуіне Құс жолы тұмандығының солтүстік жарты шардағы экваторлық бөліктегі тұсы. Жеке атауы бар шоқжұлдыздар, яғни Үлкен арлан, Кіші арлан, Қоян, Торпақ пен Үркер, Тоқты, Егіздер, т.б. жұлдыздар. Тағы қазақтың халықтық атауларына қатысты осы белдеуге Босаға, Үркер, Үшарқар, Сүмбіле, Қарақұрт, т.б. жұлдыздар да осы белдеуге орналасқан» (С.Қондыбай, «Арғықазақ мифологиясы», 10 том, 250 бет) Орион шоқжұлдызын қазақ Үшарқар, Таразы, Шідер деп те атаған. Мейлі, не болса да, Қазақ энциклопедиясының мәліметі бойынша Таразы жұлдызы шілде-тамыз айларында туады. Бұл туралы Болат Бопайұлының kerey.kz сайтында жарияланған «Қазақ таныған жұлдыздар» атты мақаласында: «Қазақта «Таразы туса, таң салқын, тары-бидай піседі», «Таразы туса, шөп буыны қатаяды, гүл қартаяды», «Таразы туған түні шөп сабағы дәрі», «ем іздесең, Таразының шөбінен ізде, жем іздесең, Таразының шөбін күзе» деген сөз мәтіндері бар.

Қазақ есепшілері жаз ортасы ауа бастағаннан жұлдыздарға көз сала бастайды. Қай күні аспаннан жарқ етіп Таразы жұлдызы туа қалса, күздік жиын-терімді бастайды. Малдарды қырдың ақ отына қарай айдап бағады. Бір жұма ойдың көк отына, бір жұма қырдың ақ отына баққан малдың еті мен сорпасы дәріге айналады, емдік қуаты жоғарылайды деп есептейді. Күз айы басталды деп ұйғарады. Сосын қыс қамына жедел кіріседі. Қазақ аналары бұл кездегі айран, сүт, құрт, ірімшік, іркіт, шұбат кереметтей дәрі деп балаларына мейлінше ішкізіп-жегізеді. Әсіресе, қымыздың дәмі келді, Таразы туды, қымыз дәрі, сары қымыз ауруға ем, дәрі қымыз деп біледі. Осы күнгі ғылымда «Орион жұлдызы» деп жүргені – осы Таразы жұлдызы. Қазақ есепшілері Таразы жұлдызы жаздың ең ыстық кезі қырық күн шілде өткен күні түнде туады деп есептейді. Кей жылдары отыз тоғыз күн, кей жылдары қырық бір күн өткен соң, көк аспанда Таразы жұлдызы көрінеді. Қазақтың «Қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдайды», «Қырқына толмай қыдырған – жаман ырым» деген тәмсіл сөзі бар. Бұл – осы жұлдыздардың аңызына байланысты туған сөздер. Расында, әр жылы жаз айларында Таразы жұлдызы туған күннен бастап, жаз таңы салқын тарта бастайды. Таулы өңірлердегі шөп, гүл бастарына таңға жақын қырау не мөлдір шық қонады. Осы кезден бастап диқандар егінге орақ қоя бастайды, күз өнімдерін қауырт жинайды. Күз шабындықтарын шабады, төрт түлік малдың жем-шөптерін әзірлейді. Міне, осындай қажетті жұмыстарды бастау үшін аспанға қарап, Таразы жұлдызының тууын күтіп жүреді. Қазақта «Таразы жұлдызы – күз жұлдызы, салқын жұлдыз» деп атайтыны да содан. Қазақ есепшілері Таразы жұлдызының тууы жаз айының өткендігінен, күз айының басталғандығынан берілген аспан белгісі ретінде қараған. Таразы жұлдызы жаз бен қыстың, көктем мен күздің, ыстық пен суықтың, салқын мен жылының арасын таразылап тұрады. Сондықтан бұл жұлдызды қазақ «Таразы жұлдызы» немесе «Қазы жұлдыз» деп атап кеткен екен. Таразы жұлдызы туған күннен бастап күздің алғашқы ұсақ маржан, салқын жаңбыры басталады. Қырдың қара оты Таразы жаңбырымен қайта жайқалып өсіп толады. Артынан тез сірге айналады. Сосын жайылым малға ерекше жұғысты бола бастайды. Төрт түлік мал тез қомданады, жұп-жұмыр болып семіреді», – деген деректерді келтіреді. Демек, Тараз жұлдызы күзде туады деген тұжырым жасаймыз осы тұста.

Ал енді «Сүмбіле туса, су суыр» деп неге айтады, ол қандай жұлдыз?» дегенге келсек: «Сүмбіле – Сириус – Үлкен арлан шоқжұлдызына кіретін, түнгі аспанның ең жарық (альфа) жұлдызы. Ол аспанның оңтүстік жартысында орналасқан. Ол қазақ даласында тамыз айының соңына таман көкжиектен шығып (29-30 тамыз), қыс бойы көрініп тұрады. Мамыр айының басында көкжиектен төмен түсіп көрінбей кетеді, яғни бұл да күздің қара суығын білдіріп туатын жұлдыз болған себепті «Сүмбіле туса, су суыр» делінген» (С.Қондыбай «Жауынгерлік рух» кітабы, 377 бет, 8 том).

Бұл туралы Болат Бопайұлының kerey.kz сайтында жарияланған «Қазақ таныған жұлдыздар» атты мақаласында: «Қазақ тәжірибесінде аспанда Таразы жұлдызы туып, жиырма күн өткен соң Сүмбіле жұлдызы туады», – деп келтіреді. Ал араб тілінен аударғанда Сүмбіле «бикеш» және «бидай басы» деп аударылады. Демек, күзде туатынының бір белгісі осы болса керек. Бір жағынан, қазақ Сүмбіленің өзін үшке бөлген екен. Оны Б.Бопайұлы: «Лақ сүмбіле» – бұл айдың бастапқы жартысы, бұл кезде лақ еті дәріге айналады, ауруға шипа болады, «лақ пышаққа ілінді» деп топшылайды. Бұл өткен соң «Теке сүмбіле». Бұл – айдың орта кезі. Бұл кезде қошқар мен текеден күйек алады. Ауылдағы даңсалы бәйбішелер мал төлі көп болсын деп қошқар мен текенің аузына бидай мен тары құйып, ырым етеді. Осыдан кейін «Соңғы сүмбіле». Қазақ Сүмбіле жұлдызы туған түні аспанды қара қою бұлт торлап тұрса, жел азынап соғып тұрса, сарнаған желдің салқыны сүйектен өтсе, малдар қораға қарай ығыстаса, онда алдағы қылышын сүйретіп келе жатқан қыс қатты болады, қар қалың жауады, қыстай сарышұнақ аяз бет қаратпай тұрады, бәлкім, ойылған жұт болуы мүмкін деп есептейді де, сол есептерін айлар бұрын малшылар қауымына ұқтырады. Малшылар қауымы болар апаттан сақтанып, малдың жем-шөбін молынан жинайды. Қора-қалтқыларын қалыңдатады. Алысқа жолаушы баратындар жер қара, күн жылы кезде қыс түспей барып келіп алады. Міне, қазақ есепшілері әр жұлдыздың туған күнінің мінезіне қарап, табиғатта болатын тосын құбылыстарды алдын ала біліп, күн ілгері болжап айтып отырған», – деп келтіреді.

Ал енді Үркерге келсек, тағы сол С.Қондыбайға соғып, «Арғықазақ мифологиясы» мақаласында: «Үркер – Торпақ (Сәуір, Телец) зодиактік шоқжұлдызының ауқымына кіргізілетін шашыранды галактикалық жұлдыздар шоғыры. Оның жұлдыздық шоғырында екі жүзден астам жұлдыз бар. Ал оның қасына ұйысқан жұлдыздардың мынадай аттары да бар: Альциона, Астеропа, Атлас, Электра, Меропа, Плейона, Целено, Астерия. Олардың ішіндегі ең жарығы Альциона жұлдызы екен. Ал Үркер шоғырындағы барлық жұлдыздар кеңестікте параллель траекториямен қозғалады. Күзде күншығыстан, қыс басында іңірде төбеден. Көктем басында күнбатыстан көрінеді. Ал жаздыгүні шілдеде Үркер Күннің жанында болып, түнде көрінбей кетеді екен.

Ал қазаққа танымал Есекқырған жұлдызына келсек, «Есекқырған» – шөлді жерлерде күндізгі дағдылы аңыздық келтірім бойынша, ыстыққа ұрынбас үшін керуеншілер Шолпан туа жүріп кетіп, күн ыси бастағанда көліктерін шалдырып, демалтатын болған. Сондықтан Шолпан «керуен жұлдызы» деп те аталған. Ол әрдайым таң алдында туады. Юпитер іңірде де, түн ортасында да, таң алдында да тууы мүмкін. Ол да Шолпан сияқты жарық жұлдыз. Ертегі бойынша, ертедегі ортаазиялық саудагерлер қателесіп, Юпитер көрінгенде «Шолпан туды» деп асығып, жүктерін есектері мен түйелеріне қомдап артып, жүріп кетеді. Тынығып үлгірмеген көліктер тез болдырады, бірақ көпке дейін таң атпайды. Өйткені керуеншілердің көрген жарық жұлдызы Шолпан емес, түн ортасы болмай туған Юпитер екен. Ақыры оты мен суы жоқ шөлдалада түйелер шыдайды да, есектер тып-типыл болып қырылып қалады. Аңыз бойынша «Есекқырған» атауы осыдан шыққан екен», – дейді С.Қондыбай («Арғықазақ мифологиясы», 614 бет).

Ал ғалымдар Есекқырғанды жер шарына ең жақын жұлдыз ретінде санайды екен. Қазақта жұлдызды айтсаң, құс жолын айтып, аңыз етіп отыратындар аз емес. Ендеше, ол «құс жолы» қандай жол деп іздегенімізде, тағы да сол Серікбол Қондыбайдың кітабынан мынадай қызықты дерек пен дәлелді сөзді кездестірдік.

«Түнгі жұлдызды аспан күмбезін кесіп өтіп жатқан, белгілі бір пішіні жоқ, әлсіз жарық жолақтың бар екендігін білеміз. Осындай жолақты адамдар өздерінің танымындағы нәрселерге ұқсастырып атайтын болған. Бүгінгі қазақтар оны «құс жолы» деп атайды. Халық арасындағы қалыптасқан көзқарас бойынша, жыл құстары құс жолын бағдарлап ұшады. Құс жолы орнын ауыстырып отырады. Мысалы, күзде және көктемде кешке жақын оңтүстік-солтүстік, ал түн ортасында шығыс-батыс, таңертең қайтадан оңтүстік-солтүстік бағытта өңірде оңтүстікке қараған басы солтүстікке және керісінше орналасады. Құс жолы құстар қауырт ұшатын кездерде меридианмен бағыттас болып отырады. Құс жо- лы – киіз үй туырлығы. Энциклопедиялық сөздікте «құс жолы аспанның оңтүстік бағыты арқылы өтіп, киіз үйдің басқұры тәрізді аспанды тегіс орағытып шығады» дегенді білдіреді. Басқұр – киіз үйдің уықтарын төменгі жағынан орап, бекітіп тұратын жалпақ таспа. Ал осы басқұрдың үстінен жабылатын киізді туырлық деп атайды. Егер «басқұр» сөзін «туырлық» сөзіне алмастырып, әлгі анықтамалықтағы сөздерді қайтадан оқыр болсақ, «құс жолы киіз үйдің туырлығы тәрізді аспанды тегіс орағытып шығады» дегенді көрер едік, яғни туырлық – құс жолы. Оны жақсы түсіну үшін киіз үйге жабылатын тағы бір киіз – «үзік» атауының этимологиясын қарастырамыз. Үзік – туырлықтан жоғарырақ жабылатын, түндік пен туырлық аралығындағы киіз жабын. Енді «Күлтегін» жазуындағы «үзе», «көк», «үз» сөздеріне көңіл бөліп көрелікші. Бұл сөз «теңрі» сөзіндегі бүгінгі қазақ тіліне «биік, биікте» жоғары, жоғарыда деп «үс» үсті, үстіңгі, үстінде, яғни осы сөзді «аспан» мағынасында қолдануға болады. Сонда киіз үйдің үзігі – «аспан күмбезі» болса, одан төменіректегі туырлық – «аспанды тегіс орағытып жатқан құс жолы» болып табылады», – дейді.

Міне, біздің іздеп жүрген аспани дүниетанымымыз да – осы. Бұл жерде бір айта кететініміз, біз астролог емеспіз болмаса аспан денелерін зерттеуші де емеспіз, бар болғаны елдегіні елге жеткізушіміз, аспан денелеріне қазақи болжам жасалған материалдарға қызығушылардың қатарынанбыз. Қазақ аспан денелерін телес- коптан да бұрын көріп-біліп, сезіп отырған деп кесіп айтуға болады. Бір өкініштісі, біздің сол дүниетанымнан алшақтап қалғандығымыз. Ендеше, жердегі жұлдызды түгендей бермей, көктегі жұлдыздарға да бір сәт назар аударып тұрсаңыз артық болмайды, құрметті оқырман.

Comments (0)
Add Comment