Аудан орталығымен іргелес жатқан Көкбастау ауылдық округінің тұрғындары арасында үй іргелік жерді тиімді пайдаланып, бақша өнімдерін өсіру жақсы жолға қойылып келеді.
Округке қарасты Көктөбе ауылының тұрғыны Қуанышбек Қалдыбеков құлпынайды бірнеше жыл бақшасында өсіріп, жемісті баптаудың қыр-сырын үйреніпті. Былтырдан бері құлпынайды үй іргесінде жатқан үш гектар алқаптың бір гектарына отырғызып, алған өнімін орталық базарда саудалауда.
– Кезінде Өзбекстанның Ташкент облысында тұрғанымызда, біздің шаруашылық жеміс-жидектер өсіретін. Сонда бақшамен жақын айналыспасақ та, өсіріп жүргендерді көрдік. Отбасымызбен атамекенге, Жуалы ауданына қоныс аударғанда, бұл жақта мұндай кәсіптің кенжелеп қалғанын байқадық.
Содан бертін келе, ауылда құлпынайға сұраныстың көп болып жатқанын білгеннен кейін алдымен үйдің жанындағы бақшалық жерден тұқымбақ жасадық. Онда құлпынайдың «Қара принц» деген түрінің көшетін жинап, бір орнында көбейтіп алдық.
Тұқымбақ бізге тәжірибе алаңы іспеттес болды. Құлпынайдың нені қалайтыны, қалай тыңайтылатыны, жемісті қалай беретіні, осының бәріне біз көшеттерді баптау барысында көзімізді жеткіздік.
Құлпынай – негізінен өзінен өсіп-өнетін бақша жемісі. Көктемде қалың гүлдейді. Үлкендігіне қарай бір шоғырда 30-50 гүлге кейін болады. Сол кезде сабақтарда түйін пайда болады да, әр түп шоғыр өзінен бірнеше мұртшалар тастайды. Егер құлпынайдан көшет алғыңыз келсе, тамыр жайып үлгерген мұртшаларды әрі қарай өсірсеңіз, одан жақсы көшет алуға болады. Ал егер де салған жемістері ірі болсын десеңіз, мұртшаларды дер кезінде қиып отыру керек, – деп тәжірибесімен бөліседі бағбан.
Бағбан өткен бақша маусымында плантацияға тамшылатын суғару технологиясын қолдануға әрекеттенген көрінеді. Ол үшін қондырғысын да сатып алыпты. Ағын суға сорғысын жалғап, әр түптің тұсына тамшылап тұратындай етіп құбыр орнатқан екен. Алайда, ағын судың құрамы лайсаң болып, құбырдың сүзгілері бітеліп, іске жарамайды. Ал қондырғыға таза мөлдір су қажет. Оған қоса үйден шығатын электр кернеуі сорғының шектен тыс жүктемесіне шыдамай, істен шыға берген.
– Қазір плантацияны ағын сумен суғарып жатырмыз. Қолмен қопсыту көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан шағын механиканың күшімен қопсыту оңай болсын деп, қатар аралығын 70 сантиметрден салдық. Биылдыққа қопсытқыш жүйектен бір мәрте жүріп өтті. Дегенмен алқап басынан бір ұңғыма қаздырып, сорғыны таза сумен қамтамасыз ету керек болып тұр. Сонымен бірге үш фазалы электр желісі қажет, – дейді Қуанышбек.
Бағбан келешекте құлпынай плантациясын ұлғайтып, өнімді еселеп арттырғысы келетінін айтады. Піскен жемістер күніне бірнеше мәрте теріледі. Олар пластмасса контейнерге салынып, тұтынушыға жөнелтіледі. Құлпынай теруге үйде қалған бала-шаға мен ауыл тұрғындары жұмылдырылады. Терімшілер еңбегіне қарай күнделікті ақысын алады.
Плантациядан жеткізілген ірі, дәмді құлпынай жемістері балғын күйінде «Айдана» сауда орталығындағы жеміс-көкөніс бутигінде Қуанышбектің жұбайы Гүлзада жүйелі бағамен саудалауда. Алқап басынан үзіліп, дер кезінде жеткізілген құлпынайға тұтынушы тарапынан сұраныс әркез жоғары.
Біз ауылда Қуанышбек секілді табыстың көзін тауып, бейнетінің рақатын көріп жүрген азаматтардың көп болуына тілектеспіз.