Көк тудың желбірегені…

Егемен ел атанып, мемлекеттік тәуелсіздік мәртебесін төрткүл дүниеге танытудың адамзат өркениеті мойындаған бірнеше алғышарты бар. Солардың бірі – тәуелсіз елдің төл рәміздерінің болуы. Бұл – аса маңызды нышандық фактор. Сайып келгенде, астарында «өз тағдыры үшін жауапкершілікті өз қолына алған елміз» деген сертті сыр түйген саяси айырым белгісі, мемлекеттік тәуелсіздіктің рухани болмысының аса жарқын көрінісі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері!

Арайлым Шабденова

Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым, – деп жыр сүлейі Сүйінбай бабамыз текке айтпаған-ау. Жаугершілік заманды бастан өткеріп, жау келгенде «Аттан!» десе, атқа қонатын бабалар рухы асқақтап-ақ тұр осы бір қарапайым үш жолда. Баһадүрлер бойындағы батырлық пен өрлік, қайсарлық пен ерлік бөрілі байрағын бөтеннің қолына ұстатып көрмепті. Керісінше қайраттанып, тұлпарының тізгінін ұстағанда айбаттанып шыға келетінін қарт тарихтың қатпар бетінен сан мәрте оқып, санамызға тоқып келеміз. Содан бері де күндер сынаптай сырғып, апта бұлақтай жылжып, айлар бұлттай аунап, жылдар желдей есіп, ғасырды ғасырға жалғап, жаңарған заман, жаһанданған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қолына алса бабаларымыздың өткенін естеріне алып, делебесін қоздыратын бөрілі байрақ тарихи жәдігерге айналып, мұражайдағы құнды мұра болып, тарих қойнауына енді де кетті. Ал қазір аспан түстес көкпеңбек көк туымыз көкке өрлеп, еңсесі биік, еркін ел атандық. Әнұранымызды асқақтатып, туымызды көкке көтеріп, әлемге паш ететін – еліміздің спортшылары. Талай бәсекенің жеңіс жолында қолдарын жүрекке қойып, марқая, мақтана Гимнді бірге орындаған қазақ спортшыларының ішінде жерлестеріміз де жетерлік. Айтулы дата қарсаңында талай белесті бағындырып, ұлттық нақышымызды күллі әлемге танытқан бірқатар ел мақтаныштарын әңгімеге тартқан едік.

Бала күндерінен спортқа бейімделіп, талай белестерді бағындырған спортшылардың ішінде Жамбыл өңірінің тумалары жетерлік. Әр додада өздерінің ерік-жігерімен, жеңіске деген талпынысымен, ұлтқа деген сүйіспеншілігімен еліміздің ғана емес, туған жерінің атын шығарып жүрген ұл-қыздарымыз көп-ақ. Спортшыларымызға «Жеңіс тұғырына көтерілгенде қандай сезімде болдыңыз?» деген сауал қойған едік.

Оксана Борисюк, акробатикадан Азия чемпионатының алтын жүлдегері:

– Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қатты толқыдым. Жеңіс тұғырына көтерілген сәтте елім үшін үлкен жеңіс сыйлағаныма іштей мақтандым. Негізі мен 1996 жылы әлем чемпонатында қола жүлдені иеленіп, алғаш рет әлем алдында ту төбемнен көкке көтерілді. Сосын 1997 жылы да қола жүлдені иелендім. Тек 1998 жылы алтын алып, байрағымызды өзге мемлекеттердің алдында жоғарыға көтеруге мүмкіндік туды. Ол сәт қанатсыз құстайсың, тек биікке самғап бара жатқандай сезімде болдым. Мен арада қаншама жылдар өтсе де, сол сезімді әлі ұмытпадым. Бүгінде өзім қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысымын. Біздің салада жүрген барлық әріптестерімнің еңбегі еленіп, әрбір жарыста туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз асқақтап жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Айтулы мерекеде тілерім, байрағымыз ешқашан тұғырынан түспесін.

Зульфия Габидуллина, Қазақстан Республикасының жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан паралимпиадалық командасының капитаны:

– Тұғырға әр көтерілген сайын менің артымда менің елімнің барын білемін, сеземін және онымен мақтанамын. Көпшілікке көбірек көрінетіні – әрине, көк байрақ. Туды көргенде толқымайтын адам жоқ. Көк ту – бүкіл ұлттың азаттығының белгісі. Көк тудың көкке көтеріліп, желбіреуі – біздің еңсеміздің көтерілуі. Ол желмен жарысып жазыла түскенде, теңіздей толқитын бауырынан біздің асқақ, азат рухымыздың дауысы естіледі. Көк туға көз тоқтатқанда, одан мемлекетіміздің азаттығы, біздің жанымыздың тазалығы көрінеді. Рио-де-Жанейрода байрақ көтерілгенде, менің ең үлкен армандарымның бірі орындалды. Әр белесті бағындырған сайын тағы бір жетістікке жетуді тоқтатпау керек. Мемлекеттік рәміздер күнінде әрбір азамат елім үшін не істедім және не істей аламын деген сауалға жауап беру қажет.

Виталий Трубин, армрестлингтен халықаралық спорт шебері, Азияның үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– 2007 жылы Қырғызстанда өткен бірінші Азия чемпионатына келгенде, әрине, жеңіске бел будық. Онсыз байқауға барудың еш мәні жоқ еді. Мен сол жерде бірінші чемпиондық атақты жеңіп алдым. Спортшы үшін бұл тек жеке жетістік емес. Бұл – біздің еліміздің, бүкіл қазақстандық спорттың жетістігі, болашаққа қадам. Қазіргі уақытта мен жастарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытамын. Алыс-жақын шет мемлекеттерде, Еуропа мен АҚШ-та, Латын Америкасында болғанда, біздің мемлекеттік рәміздерімізді танып, көк туымызды біліп жатқанда, көкірегіңді мақтаныш сезімі билейді. Патриоттық тек сөзде ғана болмау керек. Әрбір ісіңде сен соны дәлелдеуің қажет. Ол тек біздің спорт саласына қатысты емес. Тіпті Гимнді туымызға қарап мақтана, марқая айтудың өзі ұлтжандылықтың кішкентай бөлігі деп білеміз. Біздің туымыз – бәріміздің мақтанышымыз!

Comments (0)
Add Comment