Көк тудың желбірегені…

Осыдан 27 жыл бұрын 4 маусым ҚР Мемлекеттік рәміздері күні болып бекітілген болатын. Содан бері аталмыш датаны барша қазақстандықтар жоғары деңгейде атап өтіп келеді.

Толғанай АТАБАЙ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Айтулы мереке қарсаңында облыс орталығында мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге, құрметтеуге және насихаттауға бағытталған патриоттық акция ұйымдастырылды. ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан бастау алған шара «Жастар» аллеясында мерекелік концертпен жалғасын тапты. Бұл күні бір мезетте қаладағы барлық мекемелерде Мемлекеттік Гимн орындалды. Онда мемлекеттілігімізді нығайтуға және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға өз үлесін қосқан түрлі сала мамандары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында «Темірқазық» волонтерлік қозғалысының көшбасшысы Саманя Сұлтанбаева, облыстық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының төрағасы Дулат Абдисамат, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенді мүшесі Мадина Айнақұлова, «Тараз-Джип клуб» және «Темір тұлпар» автомотоспорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі бар. «Бір ту астындағы тәуелсіз Қазақстан» деп аталған салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз алып, қала тұрғындарын рәміздерді құрметтеуге шақырды.

– Мемлекеттік Елтаңба, Ту, Әнұран. Бұл – кез келген мемлекеттің елдігінің мызғымас белгілерінің бірі. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеуі қажет. Өйткені рәміздер тек елдігіміздің белгісі ғана емес, халқымыздың тәуелсіздік туралы арманының орындалу белгісі. Және біздің ұлттық мақтанышымыз, – деді ол.


Иә, егеменді еліміз Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Мемлекеттік Әнұранымыз түрлі деңгейдегі рәсімдер мен сайыстағы саңлақтар жеңімпаз атанған кезде шырқалып, оларға рухани күш-қуат беретіні белгілі.


Еліміздің әр қиырындағы бар қазақтың ел деп соққан жүрегінің лүпілін қосып, Әнұранды шырқатқан, бір уақытта атқарылған бұл шарадан жастар да қалыс қалмады. Бұл күні бойларын патриоттық сезім кернеген азат елдің ұландары көк байрағымызды көкке көтеріп, Қазақстан халқын татулыққа, ауызбіршілікке шақырды. «Елдің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді қашанда биік қоюы тиіс» дейді олар.


– Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеп, халықтық дәстүрлерімізді қастерлеу біздің, жастардың парызы деп білемін. Көк туымыздың биікте шарықтап, желбіреуі біздің қолымызда. Ел сенімін арқалаған жастар бүгінде әлемнің көптеген мемлекетінде қазақ Әнұранын асқақтатып, мерейімізді үстем етіп жүр, – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 1-курс студенті Саманя Мұхамеджанқызы.


Шара соңы облыс өнерпаздарының орындауындағы «Қазақстаным», «Мен қазақпын», «Туған жерім тамаша», «Қазағымсың», «Мен қазақтың ұлымын», «Егеменді ел бүгін – Қазақстан», «Дархан далам», «Қазағым-ай», «Қазақ елім» секілді рухты әндерімен түйінделді.

Comments (0)
Add Comment