«Күйді түсінбеген қазақты түсінбейді»

Нұркен Әшіров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Осынау қазақтың жүрегінің дүрсілін, даласының сазы мен анасының назын, көктемінің күні мен көк бөрісінің үнін жеткізген домбыраны жанына серік еткен жандар аз емес. Солардың бірі де бірегейі Нұркен Әшіров Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылында дүниеге келген. Қара домбыраның сан ғасырды куә еткен күмбірлеген үнін халыққа жеткізіп, көрермен көзайымына айналып үлгерген.
Сонымен қатар Нұркен – 30-ға жуық күйдің, бірнеше аспаптық пьесаның, күй-поэмалардың авторы. Оның оркестрге жазған «Кемел», «Жырқисса», «Балдырған», «Абылай», «Аңырақай шайқасы», «Шұғыла» туындылары тыңдарман қауымның зор қошеметіне бөленіп, мамандардың оң бағасына ие болған. Домбыра күніне орай ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері, Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Нұркен Нұрғалиұлымен сұхбаттасқан едік.

– Ұлттық аспап қара домбыраны әуелетіп, танытып жүрген жансыз. Қазаққа етене жақын осынау ұлттық аспапқа бала жастан жақын болып өстіңіз бе? Кішкентай Нұркеннің балалық шағындағы талап-мақсатына тоқтала кетсеңіз?
– Бала күніңде шексіз қиялға тұсау жоқ, арман көп қой. 4-5 жастан домбыраны серік еттім. Әкем Нұрғали, нағашыларым да домбыра тартып, ән салатын өнерлі жандар. Жапан далада қой бағып жүріп, көп нәрсені армандаушы едім. Ұшқыш та болғым келетін, географ пен тарихшы болуды да қатты армандадым. Ал күйшілік өнер бала жастан бойда болды. Ол мені, мен оны тастап кете алғаным жоқ.
– Ата-анаңыз, жалпы жанұяңыз туралы айтып беріңізші? Кім неге әуес? Отбасыңызда өнерге, музыкаға сізден өзге де кімдер жақын?
– Әкем де менің күйші болуымды дүниеге келген күннен армандаған екен. Оған дәлел – мені бесікке бөлегенде ырымдап бесігімнің басына домбыра іліп қойғаны… Екі інім кәсіби музыканттар: үлкені Төлеби – домбырашы, кіші інім Фараби – фагот аспабының шебері. Жұбайым Әсем – қобызшы, қызым Шұғыла – пианист, ұлым Нұрғиса – скрипкашы, одан кіші ұлым да А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-дің бірінші сыныбына барғалы отыр.
– Домбыраның сіздің өміріңіздегі орны қандай? Сіз қандай домбыраны серік еттіңіз, қолыңыздағы киелі аспаптың атауы бар ма?
– Бірінші домбырамды бұрынғы Тараз қаласының әкімі болған Болат Сауранбаев сыйлаған. Екіншісін Мейрамбек Бесбаев, үшіншісін тағы бір қазақ өнерінің меценаты Жангелді деген ағамыз сыйлаған. Домбыра, ол – мен! Домбырама ат қойғаным жоқ. Үш домбырам бар. Бірінен бірі асып түседі. Өте қымбат. Негізі домбыраның ең арзаны – 2000 АҚШ доллары, бірақ жұрттар 50 000 АҚШ долларына дейін бағалап, сатуымды сұраған кездер болды.
– Күйдің құдіреті туралы айтып беріңізші? Репертуарыңызда қандай күйлер бар?
– Күйдің құдіреті туралы айту үшін күйді тыңдап, ұғына білетін адам болса жақсы. Құдіретін сезінсең, қара тастың да қасиетін сезесің! Домбыра – қазақтың өзі. Ал күй – қазақтың жаны, тарихы, тілі, бары деп білемін. Күй жоғалса – қазақтың өлгені. Күйді түсінбеген қазақтың жанын түсінбейді. Күйді мазақ қылған адам – қазақтың сезімімен ойнаған, қорлаған адам. Сондықтан тәуелсіздігімізді алып, арқамызды кеңге салған кезде барлық ұлттан домбыра мен күйге зор құрметпен қарауды талап ететін кез келді.
– Әуелеген ән, сырлы сазға отбасыңызбен жақын екенсіз. Саз құдіретіне деген сүйіспеншілік бір шаңырақтағы, бір атаның балаларына қалай дарыды? Тәрбиеден бе әлде бір сыры бар ма?
– «Аюға әріп үйреткен – таяқ» дегендей, тәрбиелеп, жіті назарда ұстап, «тепкімен» маймылға да өнерді үйретуге болады. Бірақ Алладан келген, Алла берген табиғи өнердей ешқашан болмайды. Алланың сыйымен, атаның қанымен, ананың сүтімен келетін қасиет қой өнер деген.
– Домбыраның шанағын шаң басып, кесір қонған заман туса қайтпек керек?
– Рухани құндылықтың дәнін баланың бойына бала кезден егу керек. Ол үшін балабақшаларды тек қазақша етіп, мектептерде домбыра пәнін міндетті етіп енгізсе жетіп жатыр.
– Туған жердің төсіне ат басын қашан тірейсіз? Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?
– Карантин кедергі келтіруде. Әйтпесе, жоспар өте көп.
– Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Киелі аспапқа сән беріп, сахна төрінен күмбірлете күй төгіп жүрген жан үшін бұл күн ерекше мереке деп ойлаймын. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment