Көңіл тербеткен «Күзгі бал»

Егемендік жылдары әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында аталған мәселені назардан тыс қалдырған емес. Себебі, тұрғындардың тұрмысын тіктеуде бұл бағыттағы шаруаларды ширатудың маңызы зор.

Мейірім ешқашан артық етпейді. Әсіресе, тағдыр тәлкегіне түскен, өмірдің ауыр соққыларына тап келген әлжуаз жандар үшін мейірім шуағы ауадай қажет. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді мына қоғамдағы пенде атаулының да алуан-алуан тағдыры, түрлі-түрлі ғұмыр жолы бар. Біреудің пешенесіне денсаулықтың кемдігі, енді екіншісінің жазмышына жалғыздық жазылатын кездер де жиі кездеседі. Ал дәл осындай жандарға ұдайы қол ұшын созатын жалғыз-ақ маман бар. Ол – әлеуметтік қызметкер. Мемлекет тарапынан қандай да бір әлеуметтік қорғау қажет болса, ең әуелі жұртшылықтың жүгінетіні – осы мамандар.
Денсаулық – адамның ең басты байлығы. Қашанда дертімізге шипа болатын ақ халаттылардың еңбегі зор. Өлім мен өмір таразыға түскенде алғаш қол ұшын созатын мамандық иелері қай кезде де құрметке лайық. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін олардың адалдығына басын иеді. Сондықтан да оларды «ізгіліктің нұрын сепкендер» деп орынды атап жатады. Бұл сөз тек дәрігерлер мен мейірбикелер қауымына айтылып келеді. Тек қана алғыс алуға тиіс мамандықтар санаулы десек, соның бірі һәм бірегейі – әлеуметтік қызметкерлер мен осы медицина мамандары екені сөзсіз. Бұл тұрғыда олардың басын бір арнаға тоғыстырып отырған Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін ерекше атап өткеніміз абзал.
Талас ауданының Ақкөл ауылында орналасқан бұл орталық 2022 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай пайдалануға берілген болатын. Бүгінде бұл мекемеде тағдырдың түрлі сынақтарын көтерген 200 адам қызмет алады. Мұндағы әрбір жан айналасынан мейірім мен жылулық күтеді. Еліміздің әр түкпірінен келіп, жолдары осы орталықта түйіскен тағдыр иелеріне қуаныш сыйлау, көңілін сергіту, қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіру, денсаулық жағдайын бақылау – орталық қызметкерлерінің басты міндеті.
Мұндағы 200 қызмет алушыға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 8 бағыт бойынша қызмет түрі ұсынылады.
Орталық директоры Жалын Баймаханов – еңбек жолын әлеуметтік салаға арнаған азамат. 13 жылдан астам уақыт осы салада жұмыс істеген жанның басшылық біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, өз ісіне деген сүйіспеншілігі айқын аңғарылып тұр. Содан болар, мекемеде қызметкерлер мен қызмет алушылардың арасында берік байланыс пен өзара түсіністік орнаған. Бұған орталықта әлеуметтік-мәдени бағыт бойынша ұйымдастырылған «Күзгі бал-2024» атты бөлімаралық сайыста тағы да көз жеткіздік. Аталған сайыстың басты шарты – орталықтың әр бөлімінен қатысқан 1 қызмет алушы мен 1 қызметкердің арасынан «Күз ханзадасы» мен «Күз ханшайымын» таңдап алу.
Байқау барысында мекеме қызметкері Аружан Әбу мен қызметтер алушы Алиби Бакажановтан құралған «Күз сыйы», мекеме қызметкері Құралай Егембергенова мен қызметтер алушы Руслан Сорсенов жұптасқан «Күзгі жемістер әлемі», қызметкер Мөлдір Атамбаева мен қызметтер алушы Ахат Бурбековтің «Күзгі бақ», қызметкер Ерлан Сайлау мен қызметтер алушы Жайдаркүл Байбулованың «Сабантой» және қызметкер Балнұр Смайыл мен қызметтер алушы Александр Олейниковтің «Алтын күз» топтары өзара бақ сынады. Қатысушылар «Сәлем сөздің анасы» (таныстыру), «Шебердің қолы – алтын қол» (өнер), «Өнерлі өрге жүзер» (ән, би, көрініс), «Аспаздық шеберлік» (ерекше күздік тағам үлгісі), «Сән үлгісі» кезеңдері бойынша сынға түсті.
Шараның ашылуында орталық директоры Жалын Ғалымжанұлы сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
Бұл сайыс көз үйренген көп мекемеде ұйымдастырылып жүрген іс-шараларға ұқсас болғанымен, берген әсері тым бөлек. Өйткені, әр қатысушының танымы басқа, қабылдауы әртүрлі, ойы әрқилы. Қазылар алқасы да осы жағдайға мән берді.
Өнер көрсеткен бес топтың тыңғылықты дайындығы, ізденісі, тіпті ішкі толқуы байқау барысында анық байқалды. Мәселен, қолөнер кезеңінде үміткерлердің қолынан шыққан дүниелер шеберлердің бұйымдарынан кем түскен жоқ. Ал өз өнерін көрсету кезінде сайыскерлер жанды дауыста ән шырқап, өзгеше әсер сыйлады. Қызмет алушылардың әрбір әрекетіне көпшілік қолдау білдіріп, тәнті болып отырдық. Сол үшін сайысқа қатысқан командалар ішінен «Күз ханшайымы» мен «Күз ханзадасын» анықтау оңайға соқпады.
Байқауға Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектер мен және ардагерлермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Нұрбек Алтынбеков, «Жамбыл облысының мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ахметова, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгүл Иманбаева қазылық етті. Нәтижесінде І орынды – «Күзгі бақ», ІІ орынды – «Күз сыйы», ІІІ орынды «Алтын күз» тобы еншіледі.

Мейізкүл ТОҚҚОШҚАРОВА,
Ақкөл ауылдық кітапханасының меңгерушісі

Comments (0)
Add Comment