Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,
Өмір сәуле көрсетер судай тынық, – деп жырлаған ақын, философ Абай Құнанбаев әннің жарығы шам жаққандай жарқырап тұратынын меңзейді. Әр адам дүние есігін ашқаннан өле-өлгенше тербетіп, тебірентіп, бірге өмір сүретін музыканың сана-сезімге, көңіл-күйге әсер ететінін ескеріп, «Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің» деп толғанған. Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында өзіндік өрнегі, терең тынысы бар, көңілге қонымды һәм сырлы сезімге толы мұра қалдырды. Қазақ музыкасының зерттеушісі, көрнекті ғалым Ахмет Жұбанов: «Абай әндерінің өзгешелігі – мелодиялық ырғақтың жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында», – деп баға берген.

Философиялық ой орамдары тұнық, иірімдері терең ақынның әндерін нақышына келтіріп орындаушылардың бірі жерлесіміз, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашевамен Абай әндері туралы сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ұлы Абайдың әндерін жеткізу барысында Абай болып мұң кешпей, Абай болып толғанбау мүмкін емес шығар. Сіз ақынның неше әнін орындайсыз?
– Өкінішке орай, барлығын демейін, 15-ке жуық әнін орындаймын. Абай болып мұң кешу, Абай болып толғану деген, менің ойымша, менмін деген ақынның да қолынан келмейтін шығар. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» сол кезеңдегі қазақтың қым-қуыт тұрмыс-тіршілігі жіті көрсетілгенін ойласақ, осы орайда «сол заманның адамы болып өмір сүру керек болар» деген пікірдемін. Мұнда үлкен парасат-пайым жатыр. Бала кезімде ұлы ойшылдың «Желсіз түнде жарық ай» мен «Көзімнің қарасы» әндерін орындадым. Сол уақытта терең түсінбеген шығармын. Ал қазіргі таңда Абай философиясына қабілет-қарымымыз жеткенше үлкен сүйіспеншілікпен, әрбір сөзін ұғынып орындап, жеткізуге тырысамын. 40 жастан асқаннан кейін Абайдың өлеңін оқыған сайын: «ойпырмай, рас екен-ау! Қалай дөп басып айтқан? Дана, ойшыл ғана емес, сонымен қатар сәуегей-ау» деп ойлайды екенсің. Абай поэзиясы, қара сөздері қандай керемет екенін оқып, біліп жүрміз. Ұлы ғұламалардың сөз саптауын кейінгі ұрпаққа біз, үлкендер қауымы жеткізуіміз қажет. «Тыңдаушы, сен де түзел!» деп өзі айтпақшы.

– Абайдың әндері несімен ерекше?
– Адам аз мұны біліп, ән саларлық,
Тыңдаушы да аз, ол әннен баһра аларлық, – деп Абай бекер айтпаған. Оның себебі Абайдың әндерін түсініп орындау қиын екенін меңзеген. «Менің бұл әндерімді әлі қабылдап үлгермедіңдер, сендерге менікіндей терең мағыналы әндерді ұғу үшін уақыт қажет» деген сияқты астарда айтылған өлең жолдары. Бұл жерде нені ұғамыз? Абай әндерінің халық әндеріне ұқсамайтын тіптен бөлек жаңа ырғақ пен өзгеше әуенді қалыптастыра білгенін байқаймыз. Міне, бұл – орындаушыға һәм тыңдаушыға оңай соқпайтын туынды. Жаңа ырғақ, өзгеше мелодия, күрделі құрылымнан тұратын Абай әндері өзіндік қолтаңбасы бар, ерекше мектеп болып қалыптасты деуге болады. Сонау орыс ұлтының ақындары Лермонтов, Пушкиндерден аудармасы өз алдына, өз өлеңдерінің күрделілігіне қарай әндері де күрделі болып келеді. Абай әндерін кез келген әншінің орындай бермейтіні де сол себептен. Жалпы Пушкин, Крылов, Онегин сынды орыстың классик ақындарын аударғандықтан, орыс ұлтының әдет-ғұрпын, қалаберді музыканың ішіндегі романстарын тыңдап, ізденіс үстінде толығып, сусындап, үлгі алды десек болады. Созылып, байыппен, баяу, салиқалы әні мен сөзі үйлескен, үндескен әндері орыс халқының романс-тарына көптеп келетіні сондықтан болса керек. Абай әндерінің тағы бір ерекшелігі– кез келген илеуге көне беретін ғажап құбылыс. Домбыра, симфониялық оркестр, фортепиано сүйемелдеуімен опера болсын айта беруге болады.

– Абайдың сөзіне жазылған өлеңдерге тоқталып өтіңізші?
– Абай атамыздың өлеңдеріне ән арнаған қазақ композиторлары өте көп. Әрине, біз 1939 жылдары Абай әндерінің түпнұсқасын Мәкен Мұхаммеджанова орындағанын білеміз. Бүгінде біз сол Мәкен апамыздай орындай алмасақ та, Абайдың өзі «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп айтпақшы, барынша Абай шығармашылығын мәдени-ағарту шараларының аясында әндерін нәшіне келтіріп орындауға тырысып жүрміз. Жалпы Абай әндерінің жинақталуына алғаш Александр Затаевич, Борис Ерзакович, Латиф Хамиди үлкен еңбек сіңірді.

– Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай қаладағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композиция өтті. Сіз кештен қандай әсер алдыңыз?
– Бұл кеште Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы өнерлерін ортаға салды. Сол концерт барысында әнші Сұлужан Әбенова екеуміз «Сегіз аяқ» әнін орындадық. Бұл ән кешіне келген тыңдаушы концерт-композицияны өзінің пайымымен, көзқарасымен шомып, шолып өтсе деген оймен жасалған үлкен дүние болды. Сазды кеш қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылса, «Мерей» тобы және «Шолпы» би ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» әнін жүрекке жеткізе орындады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысын орындады. Абай операсынан «Ажардың ариясы», ақынның Александр Пушкиннен аударған «Евгений Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас» атты сазды шығармалары да, «Есіңде бар ма жас күнің?», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты терең философиялық һәм лирикалық өлеңдері орындалған бір тамылжыған жоғары дәрежедегі әсем кеш болды. Абай тек мұңайып, зарланып қана жүрген жоқ. Абай да жас болды. Сол бозбала Абайдың алтыбақан басында күліп-ойнаған шақтары сәтті бейнеленіп, ән, өлеңдерімен өріліп отырды. Көзге жас алуға болатын әсерлі сәттер де болды. Маған қатты ұнады. Ал осы кештен әлдекім мін іздесе, Абайдың өлеңін қайдан түсінсін деген ой келді.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!


Сұхбаттасқан
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment