«Үйімнің алдында торуылдап, ұрып жерге құлатты»: Өскеменде әйел құқық қорғау қызметкерлерімен кездесуден соң мүгедек болып қалды

Өскемен қаласынының 50 жастағы тұрғыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерімен “кездесемін деп” мүгедек болып қалды. Заңгер Жанна Диез қоқыс тастауға шыққанда Ұлттық ұлан қызметкерінің шабуылынан соң тізесін жарақаттап, жүре алмай қалады. Ал өзін мұндай күйге түсіргендер түк болмағандай қызметтерін жалғастыруда, ал азаматша өз еміне қаражатын өзі төлеп, ауыр күйге түскенін айтып шағымданып отыр. Өскемен гарнизоны әскери прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулы шығарған. stan.kz

Жанна Диезтің туысы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде жұмыс істейтін қызметкер екен. 2020 жылы ол ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген. Алайда оны екі жылдан кейін сот қылмысы дәлелденбегендіктен толық ақтап шығады. Ал ақталмай тұрып, ол күдікті болып тұрған кезде Жанна осы іске қатысты куәгер ретінде анықталған. Дегенмен құқық қорғау органдары куәгер емес күдікті ретінде қарады дейді әйел. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті (СЖҚІҚА) 2020 жылдың 5 ақпанында Диездің үйін тінтуге келген.

Диезтің айтуынша, оны 5518-әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы жасағының сарбазы үйінің алдында торуылдап тұрып, шабуыл жасаған. Азаматшаға арнайы әскери қимыл жасап, мұз үстіне құлатқан. Оның жерге қатты құлағаны, жасалған шабуылдың ауыр болғаны соншалық әйел тізеден алған зақымнан ақырында мүгедек болып қалған.

“Әдеттегі күн еді. Таңертең жұмысқа кетпей тұрып, қоқыс тастауға шықтым. Алдыма бейтаныс ер адам жүгіріп келді. Оны бірден байқамадым. “Тоқтаңыз”, “күте тұрыңыз” деген де, ештеңе түсіндірген де жоқ. Жүгіріп келді де қолымнан ұстады, содан соң аяғымнан ұрып, құлатты. Бір секундтан соң жерде жатыр екенмін. Содан соң бетперде таққан, форма киген, қаруланған ер адамның түр сипатын анықтап көрдім. Оның жанына 5 ер адам жақындады. Қатты шок алдым, бірақ орнымнан тұра алдым. Содан соң олар маған іске қатысты куәгер екенімді айтты”, – деп есіне алады ол сол күнді.

Жанна осыдан соң адвокатына хабарласқан. Алайда құлаған соң аяғының қатты ауырғаны батса керек, жедел жәрдем шақырмақ болған. Алайда СЖҚІҚА қызметкерлері оған мүмкіндік бермепті.

“Мені өтірік істеп тұр, процессуалды әрекеттерді созу үшін жасады деп ойлады. Олар осы әрекеті арқылы мені қорқытпақ болған сияқты. Моральдық тұрғыда сындырып, қандай да бір мәлімет айтқызу олардың мақсаты болған сияқты”, – дейді ол.

Диез қызметкерлердің өзі туралы бәрін біліп келгенін айтады.

“Немен айналысамын, қайда тұратыным туралы деректерді де білген. Олар ақша іздеді. Әмиянымдағы бар ақшаны алып кетті. Әлі күнге дейін қайтарған жоқ. Бірақ қазір туысымның ісі аяқталды, оны ақтады. Сондықтан барлық сома қайтарылуы тиіс.

Ешқашан арнайы жасақ сарбаздармен бетпе-бет келіп көрмегенмін. Мен өткерген жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін еді. Көрші-қолаң, дос, құрбы, жора-жолдас, қарапайым азаматпен дегендей. Бұл оқиғаны – құқық қорғау органдарының кемшілігі дер едім”, – дейді Өскемен тұрғыны.

Сөзінше, үйінде тінту болатыны туралы ешкім ескертпеген де. Құқық қорғаушылар өзіне агрессивті түрде бұзақылар сияқты шабуыл кезінде ештеңе айтпаған, сұрамаған.  Бұл оқиғадан соң Жанна тізесіне ота жасайды. Ал ақырында мүгедектік алуға тура келген, себебі өздігінен жүре алмай, таяққа сүйеніп жүретін болыпты.

“Физикалық зақымнан бөлек, психологиялық зақым да алдым. Құқық қорғау органдарынан көңілім қалды. Есеңгіреп қалдым, алғашында қатты ауырған жоқ. Бірақ тобығым сынғанын және тізе буынындағы ішкі және сыртқы шеміршек жыртылғаны анықталды”, – дейді ол.

Диез алған жарақатын сот-медициналық сараптама да растады. Шығыс Қазақстан облысы бойынша сот-сараптама институтының қорытындысында дене жарақаттары денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян әкелген. Бұл үш аптадан астам уақытқа созылатыны әрі денсаулықтың құртылуына әкеп соғатыны жазылған.

Мұндай жарақатты алу үшін Жанна Диез аяғынан соққы алуы керек еді делінген құжатта. Осының нәтижесінде жәбірленуші мүгедектіктің үшінші дәрежесін алып, уақытша еңбекке жарамдылығын жоғалтқан.

“Мен тек куәгер ретінде қатысушымын. Маған келіп, өздерін таныстырып, түсіндіру қажет еді. Олар құқық қорғау орындарында істеп, қызметін әлі де жалғастырып жатыр. Яғни, өздерін ешқандай жазаға тартылмайтындықтарын біліп, адамдардың құқықтарын бұзып жатыр”, – дейді ол.

Азаматша мәселені жайдан-жай қалдыра алмаймын деп отыр. Себебі құқық қорғау органдары жасап жатқан бассыздықтан өзгелер зардап шегуі мүмкін.

“Орын алған жағдай өте қорқынышты. Бірақ ең сорақысы одан кейін басталды. Шабуыл 5 ақпанда болды, мен жедел-жәрдем шақыртып, гипс салған соң арыз жаздым. 16 наурызда істі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне қосты. Десе де 13 ақпанда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірілгені туралы сарамтама жүргізілген. Осының өзінде СЖҚА-да қызметтік тергеу жүргізіледі деді. Алайда бұл қызметтік тексеру жүргізетін жағдай емес, себебі барып тұрған қылмыстық құқық бұзылушылық. Жалпы бұл процесс өте баяу жүріп, алға жылжымай қойды. Біз осыған да шағымдандық. Қылмыстық іс 1,5 ай бойына қозғалмаған. Себебі олар құқық қорғаушылар ғой”, – дейді жәбірленуші.

Жаннаның сөзінше, тіпті тергеушінің Сыбайлас жемқорлық қызметкерлерін жақтауға ынтасы білініп тұрған.

“СЖҚІҚА қызметкерлеріне тергеушілер тікелей сұрақтар қоймады. Тек адвокат арқылы сұрақтарға жауап іздеуге мәжбүр болдық. Бұл тұста тергеу шараларының барлығы түптеп келгенде Сыбайлас жемқорлық қызметкерлері қылмыстарын жасыруға, бұл істі жылы жауып қоюға келіп тіреледі. Демек бұл қылмыскерлерді жасыру. Яғни, бір сөзбен айтқанда оларды бұл істе ақтап алуды көздеді”, – дейді ол.

Әрине, көптеген арыз түскен соң ҚР Бас прокуратурасы 362-бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда Жаннаның айтуынша, күш көрсету фактілері бойынша Шығыс Қазақстан сотынан мүлде жауап жоқ.

“Барлығы күш қолданылмады дегенге келіп тіреледі. Тіпті Семей әскери соты аяғымды сындырған “Бүркүт” арнайы жасағының кінәсіне қатысты сұрақты тағы тергеуді қажет етеді деп қайта жіберді. Бұл тұста да кінәлілерді ақтап алу мәселесі тұрды. Бұл істі де өздері жәй ғана жаба салды.

Прокурорға мен келіп, барлығын түсіндіріп жүргеніме қарамастан салқынқандылықпен істі жапты. Маған шабуыл жасаған қызметкердің кәнісін айғақтайтын үш түрлі сараптама нәтижесі бар. “Бүркіт” жасағы сарбазының оқиғаны түсіндіру шындыққа сәйкес келмейді. Мұның барлығын сарапшылар мақұлдаған. Графологиялық сараптама аяқ-киімнің оң жақ бөлігінде расымен де соққының ізі бар екенін анықтады. Барлық сараптама менің өз-өзімнен құлап жарақат алуым мүмкін емес екенін растап отыр. Алайда әскери прокурор қызметкердің тек ауызша айтқан сөздеріне қарап істі жапты. «Мен тиіспедім, мен ұрмадым» деген сөздерге сеніп, сараптама нәтижилеріне қарамаған да”, – дейді Өскемен тұрғыны.

Ұлттық ұлан сарбазы Қажымұқан Бұхар Болатұлы өз сөзінде, жер тайғақ болғанын айтып, әйелдің қолынан ғана ұстағанын мәлімдеген. Осылайша ол қорыққаннан тайып құлап кеткен екен-мыс.

Сарбаз бұйрықты орындағаны түсінікті дейді әйел. Алайда соның өзінде арықша денелі әйел екенін көре тұра, ешқандай қарсылық таныта алмайтынын түсіне отыра өзіне күш қолданғанына наразы. Заң бірінші кезекте бізді қорғауы керек еді, бірақ әсте олай емес екен дейді жәбірленуші.

“Бізде қылмыстық іс тергеушіге түссе, ол толыққанды тергеу шараларын жүргізбей, сараптама нәтижелеріне қарамай-ақ, көзді жұмып істі жаба салады”, – дейді ол.

Жаннаның қорғаушысы тек ҚР Бас прокуратурасы тарапынан ғана үміттің бар екенін айтып отыр. Шығыс Қазақстан облысы деңгейі бойынша бұл іс шешімін таппайтынына Жанна сенімді.

“Бұл жақта барлығы бірін-бірі таниды, бір бірінің артын жауып отыр. Формальды түрде бұл істі бастады да, тыныш қана істі тоқтатуға шешім шығара салды”, – дейді Диез.

Ал сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулысында мынадай деректер келтіріліпті.

“Департамент офицері Б. Нүрпейісов жасақ сарбазына оны тоқтату керектігін айтқан. Бұйрық бойынша ол физикалық күшті қолданбай Диезді тоқтатуы керек еді. Алайда Нүрпейісов сарбазға оның әйел не еркек болатынын айтпаған. Сарбаз бойы 155-160 см болатын арықша денелі Диезді көрген кезде ғана дәл осы әйелді тоқтату керектігін түсінген”, – деп жазылған сотқа дейінгі тергеді тоқтату туралы қаулыда.

Осылайша қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Б.-ның тікелей немесе жанама қасақаналық түріндегі әрекеттерін, сондай-ақ қылмыстық қудалау органымен қылмыстық әрекет пен одан туындайтын салдар арасындағы байланысты сипаттайтын нақты деректер анықталған жоқ. Біріншіден, Б. Диезге қарсы ешқандай күш, күрес әдістерін қолданған жоқ, оны жай ғана тоқтатқан. Кейіннен ол артқа кетіп бара жатқанда құлап, жолдың ойық жерінде тайып құлаған”, – делінген сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулыда.

Сондай-ақ, Жанның айтуынша, бастапқыда жасақ мүшелері оны ұстау сәтін, жерге құлатқанын видеоға түсіріп алған. Алайда ол видеоны жәбірленуші тарап алған кезде ол сәттің өшірілгеніне куә болған.

“Екі камерамен түсірген. Бірақ олар оны өшіріп тастаған деп топшылап отырмыз. Біз сұрағанда ол видеоны екі ай бойы бермеген. Содан соң ақыры бізге жібергенде дәл мені құлатқан сәт видеода жоқ болып шықты, – дейді әйел.

Қазіргі уақытта Өскемен тұрғыны өздігінен жүруге қиналады. Барлық ем-дом шарасы үшін де толықтай өз қаражатын жұмсаған. Тіпті ешкім келіп кешірім де сұрамапты.

“Өзіңіз кінәлісіз дейді. Сараптама нәтижелері бойынша дәл бұлай құлап жарақат алу мүмкін емес. Ғылыми түрде мүмкін емес. Қазір әлі күнге дейін аяғым ауырады. Тез жүре алмаймын, жүгіруге болмайды. Денсаулығымды қайтып қайтара алмағаным бір болса, қылмыскерлер жазасыз кеткені одан ары батады”, – деп қынжылады Жанна.

Қазіргі Жаннаның мақсаты – кінәлі тарап жазасын алуы, әділдікті орнату.

“Біріншіден, Қажымұқан Бұхар Болатұлын жазаға тарту.  СЖҚІҚА қызметкерлері тіпті өз істерін адвокатсыз-ақ жүргізуден тайсалмайды. «Сізге жедел жәрдем керек емес» деп қатігездік көрсеткендері өз алдында. Өздерінің ешқандай жауапқа тартылмайтындарын біліп отыр. Неге мұндай әділетсіздікке жол беріліп отыр? Осы істі шешкім келеді. Кімнің бұл істе кінәлі екенін анықтауым керек”, – дейді Өскемен тұрғыны.

 

Comments (0)
Add Comment