Әйгілі едің әлеміңмен әдемі…

Тәлімді ой-тумалары санаға рухани нәр болып құйылатын белгілі қаламгер Ғалия Аюпованың «Әйгілі қазақ әйелдері әйгіленуді мақсат тұтпаған…» деген терең тынысты толғамы бар. Осы бір жүйелі сөз отбасылық өмірдің берекесін баптап, ер азаматының қадір-қасиетін кие тұтып, абырой-беделін ардақтаған, етегінен өрбіген өренімен елінің өрісін марқайтып, күллі әулеттің дәулетке кенелуіне саналы ғұмыры мен парасатты пейілін арнай білетін қазақ әйелдерінің тұғырлы тұлғасына тән ақиқатты айшықтап тұрғандай.

Ұлттық тәрбиенің уызына жарып өскен қазақ қыз-келіншектерінің «әйел бақытын» сомдау ерекшелігінің шынайы болмысы тап осындай.
Жарық дүние табалдырығын аттаған сәтте азан шақырылып қойылатын кісі есімінің адамның рухани да, заттық та болмысына әсер-ықпалы жайында аз айтылмаған. Содан да болар, тағдыр талайы гүл біткеннің төресі саналатын Райхан есімін еншілеген ханымымыз затына аты сай жан ретінде айрықшаланатын. Жан сарайының жылуы ай көркін арайландырып тұратын асыл әпкеміздің фәни-жалғанда сүрген өмірін «ГҮЛ ҒҰМЫР» деп бейнелесек те жарасады. Өйткені гүл текті ныспысынан бастап ол кісі жайындағы есіліп жатқан естеліктердің әрбір сәті әсемдік сырларымен терең астасып жатыр. Өзі де гүл атаулыға шексіз ғашық еді. Өзіне біреу гүл шоқтарын тарту қылғанда, құдды бір балмұздаққа қолы жеткен бала сияқты мәз болатын. Өзгелерді де өзіндей көретіндіктен туған күн, той-томалақ, әйтеуір қуаныштың қандайы болса да міндетті түрде сыйлыққа гүл алып жүретін әдетінен бір жаңылмапты. Сондықтан да шығар талғампаз, аса сезімтал, әдемілікке аңсар жан ретінде әпкемізге сыйлық таңдау мәселесінде, әсіресе, гүл жағына басымырақ мән беретінбіз. Адам түгілі табиғат-ананы да алуан түрлі гүл шоқтарымен безендіруден жан рахатын табатын әпкетайымыздың ауласына бас сұққан кісі ғайыптан тайып иран баққа еніп кеткендей болады. Қай жаққа сапарламасын, тіпті шет мемлекеттерге саяхаттап барғанында да, біздің жақта кездесе бермейтін гүлдердің ұрығын ләжі болса өзімен алып қайтуға тырысатын.

Ол жүрген жерін күн сияқты шуағымен, гүл сияқты жұпарымен абаттандырып жіберетіндей сезілуші еді. Кісі баласы жайында жаман пікір білдіруден бойын биік ұстайтын тәкаппар тектілігімен пейіштің перизатына ұқсап тұратын. Және ол парасаттылығымен, мәдениеттілігімен, жан-жақтылығымен, ең бастысы, жатты да жатырқауды білмейтін көл-көсір мейірбандылығымен кез келгенді өзіне магнитше тартып тұратын. Өзінің білгендерін өзгелер де білсе екен деген қамқор көңілдің жетегінде жүретін әпкеміз ақылыңа ақыл қосып, білмегеніңді үйретуге келгенде шаршап-шалдығу дегенді білмеді. Кісіні тәнті қылатын тағы бір қыры – өмір бойына талмай ізденіп, өзін-өзі жан-жақты жетілдірумен айналысуы. Салауатты өмір сүру салтын берік ұстанып қана қоймай, тіршіліктің алғышарты ретінде елдің барлығына насихаттаудан жалыққан емес. Жаспен жас, баламен балаша шүйіркелесіп кете беретін Райхан әпкемізбен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет. Бір қызығы, көпшілігіміз жүрек түбінде тығылып жататын сыр-сандықтың есігін тек осы кісінің алдында ғана айқара аша салады екенбіз. Себебі оның тыңдау, кеңес беру, айтқандарыңды таразылау мәдениеті тым жоғарытұғын. Содан да шығар онымен аралас-құралас, дос-жаран болғысы келетіндер сырт көзге гүлге ұмтылған бал аралары сияқты болып көрінетін. Бөтеннің басындағы проблемалары үшін бас қатырып, уайымдау, жабыққанға жанашырлық танытып, тарыққанға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Адамға өзі үшін қалай қуанса, өзге үшін де дәл солай қуана білудің өзі бақыт. Бір таң қалдыратыны, Райхан ханымның бойында сол қасиет те болды. Ондай болу үшін міндетті түрде жүректің жомарттығы керек шығар адамға. Әркімге бұйыра бермейтін осы бір баға жетпес қасиетке иелік етудің өзі Райхан әпкеміздің басындағы ен байлықтың бір парасы деп бағалар едім. Содан да болар, оның табан ізі самаладай сайрап қалған өмірінің әр соқпағы «қадамыңа гүл бітсін» деп берілетін ақ батаның айнасы секілді.

Тіршілігінде бергенінен берерінің көбін үлестіріп үлгірмеген Райхан әпкеміздің «әйел бақыты әлемін» сомдаудағы шеберлік сырларының сабақ болатын қырлары қыруар. Ата-ана үшін үкілеген үмітімен үлбіретіп өсіретін перзентінің өмір асуларында биіктерден көрініп, көптің батасын алғанын көргеннен үстем мерей жоқ шығар. Бала жасынан үлгілі отбасынан шыққан озат оқушы, тәрбиелі-тәртіпті қыз баласы ретінде ата-анасының атына алғыстан басқа сөз ілестірмеген Райхан мақтан тұтарлық болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата тек әулетіндегі әйел балаларына тегіс даритын ісмерлік, яғни тігін шеберлігінен бұл қызды да құралақан қалдырмапты. Мектеппен қоштасқаннан кейін бойдағы сол табиғи дарынын кәсіби біліктілікпен ұштастыра дамыту мақсатында Одақ көлеміндегі ең таңдаулы оқу орындарын қарастырады. Сөйтіп, Мәскеудің технологиялық институтына тоқталып, «сәндік-қолданбалы технология» мамандығы бойынша оқуға түседі. Қаршадай қыз баланы қияндағы қалаға жалғыз-жарым жібере салуға жүрексінген ата-анасы алғашында жергілікті институтта оқуға үгіттейді. Бірақ ішкі сенімнің серіппесі Райханның алған бетінен қайтуына дес бермейді. Ақырында сырттай құптамаған кейіп танытқанымен, іштей оның өжеттігіне риза болған ата-анасының ақ батасын арқаланып Мәскеуге аттанады. Одақтың әр түкпірінен жиналған студент жастардың ішінде алдыңғы қатардан көрініп, Мәскеудің мүйізі қарағайдай профессорларына «қазақ қызы» деген абыроймен таныла білген Райхан оқу орнын үздік аяқтап, елге оралады.

Мамандығы бойынша кәсіби-шығармашылық дарыны мен жоғары сападағы теориялық білім деңгейінің арқасында келе салып Жамбыл технологиялық институтына оқытушылық қызметке қабылданады. Кафедраның жас маманы ретінде еңбек жолын ассистенттіктен бастаған Райхан сол кезден алдына биік мақсаттар қоя білді. Оны, әсіресе, отандық сән индустриясын жаңа қырынан көркейту проблемалары қатты қызықтырды. Келешекте өз саласы бойынша ғылыми жаңалықтар ашып, сән әлемінде өзіндік бренд жасап қалыптастыру жағы да ойында бар еді. Алдына қойған сол арман-мақсаттарын жүзеге асыру үшін оқытушылық қызметін кәсіби-шығармашылық ізденістермен сабақтастыра отырып тәжірибесін арттыруға бар күшін салды. Әлемнің әдемілікке, эстетикалық мәдениетке беталысын жаңа деңгейге көтеруге байланысты ғылыми жобалардың алғашқы нобайларын, идеяларын өз бетінше қағазға түсірумен шұғылданды. Жалындаған сол жігермен аспирантураға түсуге даярланды. Сөйтсе, оның ғылым айдынынан таппақ болған бақытын адал жардың махаббат айдынынан табуға тағдыр-төреші әу баста-ақ бұйрық шығарып қойған екен.

Сонымен Райхан ханымның сән әлеміне байланысты құрған арман-жобалары «әйел бақыты әлемін құру» жобасында жүзеге асты. Асылында, ол «әйел бақыты әлемін» құрудың алғышартымен ата-анасының арасындағы сыйластықтан көріп танысса, одан арғы жөн-жосығына өскен ортасы – текті әулеттің тіршілік тынысы арқылы кеңінен қанығып өсті. Ұяда берілген сол қазынаны Райхан ханым кезі келгенде өз әлемін сомдаудағы игілігіне жаратты. Текті атаның баласы ретінде келін болып қонған елінің көсегесін көгертуге терін төгіп, пейілін арнады. Үлкенге ізетімен, кішіге құрметімен қадірлі келін атанды. «Бағалай білгенге бақ қонады» дегендей, ағамыздың алақанына қондырған бақ құсын басынан асыра бағалай білгендігі араларында болған мына бір әңгімеден аңғарылады. «Арманым – ғылымның жолына түсіп, әуелі ғылым кандидаты, сосын одан әрі қарата ғылым докторы дәрежесіне жету болатын» деген сөзіне Қасекеңнен: «Сенің қызымыз Жанарды дүниеге әкелуің кандидатскийге, ұлымыз Секерді дүниеге әкелуің докторскийге бергісіз жетістік», – деген жауап алған екен. Осы бір әңгіменің үзімін Райхан әпкеміз ризашылық сезіммен үнемі қайталап айтып отыратын.

Қас-қабағына кірбің шалдырмай, ханның қызы секілді үлде мен бүлдеге орап, мөлдір махаббатымен мәпелей білген жан жары Қасымбай ағаның арқасында Райхан ханым өмірінің ақтық сәтіне дейін «әйел бақытының» бал-дәмін сезініп, шырынына шомылып өтті. Қашанда жаңа қосылған қос аққудай жұптары жазылмайтын Қасымбай ағамыз бен Райхан әпкеміздің махаббаттың құдіретімен бой көтерген шаңырақтары ырыс ұялаған құтты мекенге айналған. Көздерінің ағы мен қарашығындай қастерлеп өсірген ұлы мен қызы – бүгінде елге еңбегімен елеулі тұлғалар. Табысты кәсіпкер, іскер әйел ретінде облыс көлеміне кеңінен танымал қыздары Жанар халықтың қалауымен қалалық мәслихаттың депутаттығына сайланып, талай түйінді мәселенің шешімін табуына мұрындық болып жүр. Ал прокуратура саласындағы лауазымды қызметтердің тізгінін ұстап келе жатқан Секер бауырымыз халықтың көз алдындағы мәртебелі азаматтардың қатарында. Райхан әпкеміздің өзегін жарып шыққан өз баласындай бауырына басып, туған анасындай әлпештеп, қамқорлығын аямай аялап келген Майра келініміз көргенділігімен алыс-жақын туған-туыстың алғысынан алтын алқа тағынған отбасылық берекенің ұйытқысы. Жарқ етіп өмірге келуімен әпкемізге әже бақытын сезіну мүмкіндігін сыйлаған немерелерінің төлбасы Аия тек жақсы жағынан қуантып келе жатқан өнегелі өрен. Бүгінде Гонконгтың белді университетін үздік аяқтап, қызыл дипломын қолына алды. Күні кеше ғана атасы мен апасының көз қуанышы болып құлдыраңдап жүрген Аиясы енді олардың мақтанышына айналған ару. Ал Секерден тараған асылдар – Алуа, Адэля, Сафия Бүркітбаевалар отбасының базары мен ажары.

Осындай мағыналы, мазмұнымен шалқып жатқан өмір-дариясынан небәрі алпыстың жетеуіне қараған шағында жеті қат көктен жоғарғы ұшпаққа (ұшпақ – жеті қат көктен кейінгі космостық кеңістік қабаты) қарата қанатын сермеп ақ шағалаға айналып кете барған әпкеміз өлді деуге сыймайды. Өйткені оның артында өлмейтін, өшпейтін сазы қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап, назы қалды әйелдің сұлтанынан ғана көрінетін жарқылдап! Алла алдыңыздан жарылқасын, Әйелдің сұлтаны – асыл Райхан!

Рахат Саламатова,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің доценті., ф.ғ.к.

Comments (0)
Add Comment