Әйгерімнің алтынға бергісіз қоласы

Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында түндігін түрген бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. «Сары құрлықтың» үздік былғары қолғап шеберлері сынға түскен дүбірлі дода жамбылдық спортшылар үшін де зор табыспен аяқталды.

Айталық, 48 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жерлесіміз Әйгерім Сәттібаева Азия біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді. Осылайша, ұзақ жылғы үзілістен кейін спортқа қайта оралған бес баланың анасы, белгілі боксшы Олжас Сәттібаевтың зайыбы Әйгерім өзінің спорттық мансабында осымен екінші рет құрлық жарысында қола медалді иеленіп отыр. Ол, сондай-ақ Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған.
– Бір ай оқу-жаттығу жиынына қатысып, үйде болған жоқпын. Осы уақыт аралығында бес балама қарап, еш алаңсыз жаттығу жасауыма мүмкіндік берген әуелі Аллаға, сонан соң ата-енеме алғысымды білдіремін. Әрбір жарыс алдында отбасымнан жігер аламын. Осы жолы балаларымды алтын жүлдемен қуантқым келген еді, алайда бұйыртқаны қола болды, еш өкінішім жоқ, – деді Ә.Сәттібаева жарыстан соң ағынан жарылып.
Байрақты бәсекеде Қазақстанның әйелдер құрамасы 5 алтын, 5 қола медалді еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment