Мамандандырылған ауданаралық сот шешімімен әкімдіктің бұрынғы қызметкері Бауыржан Хайруллинге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол бұрынғы әйелі Айнагүл Хайруллинді аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі ең жоғары абақтыда өтейді.
Сотталушы Бауыржан Хайруллин бұрынғы әйелінің туыстарына 15 миллион теңге моральдық шығынды төлеуге міндетті.
Алайда марқұм Айнагүл Хайруллиннің анасы сот шешіміне наразы. Себебі, күдікті тіпті сот отырысына келмеген. Алматыда отырып, сот процесіне онлайн қатысқан.
«Тым болмағанда 20-25 жылға сотталуы тиіс еді. Қызымды аса қатыгездікпен өлтірді. Соған қарамастан, 15 жыл ғана жаза арқалады. Жиендерім анасын іздеп, әлі күнге дейін жылайды», – дейді анасы Кәкима Қажипанова.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Күдікті Бауыржан Хайруллин Оралдағы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жұмыс істеген.