Шымкентте әуежайға тым жақын орналасқан үйлердің тұрғындары әкімдерге наразылықтарын білдірді. Жуырда әуежайды тексерген Азаматтық авиация комитеті Шымкент әуежайының санитарлық аумағына кіріп кеткен 91 нысан комиссиясының тиісті қорытындысын алмағанын, құрылысқа азаматтық авиация саласының өкілетті органы рұқсат бермегенін анықтаған. Бұл ұшақтың көтерілу жолағын ұзартуға, жарықшамдарды айнала орнатуға кедергі әрі жолаушылардың өміріне қауіпті деген шешімге келген, деп хабарлайды Stan.kz
Заң талаптары дереу ретке келтірілмесе, Шымкент әуежайының жабылуы мәселесе де қаралатынын айтқан. Осыдан кейін әкімдік заңсыз үйлерді анықтауға кіріскен. Алайда тұрғындар баспаналарының сүрілгеніне түбегейлі қарсы. Тіпті нарық бағасы бойынша үйдің құны да қажет емес дейді. Сөздерінше, Түркістан облысы бөлінбей тұрған тұста бас сәулетші Шымкенттің жаңа әуежайына жер бөлініп, көшіріледі деп айтқан.
“Ереже бойынша қаланың сыртына 10-15 шақырым жерге көшірсе деген талап. Мына елдің барлығын шулатып, үй бұзамыз басқа қыламыз демесін. Қазақта «Үйің бұзылсын!» деген қарғыс қарғыстың ең жаманы” дейді. Аң да құс та ұясын қорғайды ғой”, – деді Шымкент қаласы «Қызылжар» шағын ауданы тұрғыны Смайыл Сейтімов.
“Үйінің жоспарын сыздыра алмағандар қазір сыздырып ала алмай жатыр. Себебі үйлер бұзылады дегендіктен рұқсат бермей жатыр. Әуежайдан рұқсат қағаз алу керек дейді. Ал әуежай рұқсат қағазын бермей отыр”, – деп қосты Рая Жетпісбаева.
бастапқыда адам тасымалын жүргізбеген шағын аумақтағы әуежай бертін келе жолаушылар тасымалдауға көшкен. Қазір аумағы 364 гектар болатын халықаралық әуежайға айналған. Ал үйлердің әуежайдан 100 метр қашық болуы заңмен міндеттелген. Ұшақтың әуеге көтерілу жолағы да ұзарған. Азаматтық авиация комитеті әуежайдан осы талаптарды орындауды міндеттеп отыр.
Комитет өкілдері талап сақталмас ұшаққа да, жолаушылар өміріне де қауіп бар дейді. Ал әкімдік өкілдері әзірге үйлердің санын нақтылауға кіріскенін мәлімдеді. Сосын мемлекет мұқтаждығына алу қаулысы шығатынын айтты. Кейін бағалаушы компаниялар құнын анықтап, соңғы сатыда сатып алу жүргізіледі. Ал жерінің не үйінің құжаты жоқ заңсыз баспана үшін ақша төленбейді деп кесті.
“Жобамен 7-8 миллиард теңге болады деп есептеп жатырмыз. Ондай ақша қалалық бюджетте жоқ. Біз бағалау шыққаннан кейін оны республикалық бюджеттен өтінім жасаймыз. Республикадан ақша сұраймыз. Республикалық бюджеттен ақша бөлінген кезде біз оны сіздерден сатып аламыз”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Әкім орынбасары қазан айының соңында үйлерді сатып алу жүргізіледі деді. Бағалауға келіспеген тұрғын сотқа жүгінсін деп кеңес береді. Ал әуежай маңындағы үйлерге бұдан былай құжат рәсімдеуге әкімдік тыйым салған. Құжаты жер участкесі күйінде қалып, тұрғызылған баспанасы үшін мемлекеттік акт алып үлгермегендер қаржыдан қағылмақ.