Үйдегі есепті базардағы баға бұзуда

Қыркүйек айы жақындағаннан ата-аналар мектеп жасындағы балаларына мектеп формасын жаңартып, оқуға қажетті құрал-жабдығын дайындауға қамданады. Бірді-екілі баласы бардың жарасы жеңіл. Мұнда бір шаңырақтан бірнеше баласы мектепке баратын отбасының ұйытқысы болып отырған ата-анаға бұл дайындық жеңіл тимесі анық. Осы орайда «Көпбалалы отбасылардың мектепке даярлығы қалай?» деген сұрақ туындайды. Әлеуметтік желілерде оқу жылы барысындағы көпбалалы ата-аналардың наразылығы ойды сан-саққа жүгіртеді.

Оңғарбай Нұржан мен жұбайы Айткүлдің шаңырағында 9 бала бар. Олардың жетеуі мектеп жасында. Жыл сайын қыркүйек айына таман бұл шаңырақ перзенттерін мектепке даярлау барысында қаржылай қиындықтарға кездесетінін айтады. Айткүл үй шаруасында болса, Нұржан – механик.
– Әйелім үй шаруасында. Үйде жұмыс жасап, нәпақа тауып отырған мен ғана. «Бір қой егіз тапса, бір түп жусан артық өседінің» керімен, Аллаға шүкір, келіншегім «Алтын алқа» иегері атанды. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз бар. Мектепке қажеттіліктерін дайындау барысында, құралдарын тоздырмай ұстағандары, ұқыптап киген форманың үлкендерінен қалғанын кішісі пайдаға асыруды үрдіске айналдырып отырмыз. Оның үстіне бала тез өседі. Дегенмен аяқ киім мен керекті құралдары тез ескіріп қалатындықтан, міндетті түрде бірсыпыра әпересің. «Ақша жұмсамадым» дегенде, бір балаға аз дегенде 30 мың, үлкендеріне 80 мыңдай қаражат шығады. Бұл – үнемдеп жұмсағандағы қаражаттың қарасы. Оның үстіне бәрі қымбаттап, нарық бағасы көкке ұшты, – дейді отағасы Нұржан.
Отанасы Айткүлдің де өз айтары бар:
– Үкіметтен алатын әлеуметтік жәрдемақы 95 мың теңгенің басын құрайды. Орта есеппен, басқасын айтпағанда, баланың бір аяқ киімінің өзі 10 мың теңге тұрады. 95 мың бір баланың шығынын ғана өтеуге жарайды. Әр баланың орны бөлек. Қазіргі балалардың талғамы өзгерген. Үлкенінен қалғанын кигісі келмей, қиғылық салатындары да бар. Иә, жыл бойы жуылып, сарғыш тартып, көнерген ақ жейде мен аға-әпкеден қалған көнетоз сөмкені кім ұстағысы келсін?! Баланың алды жасөспірім болғандықтан, арзанның сорпасы татымасын ол да біледі. Бір кигеннен шеті сетінеп шыға келетіні белгілі ғой. Жылдан-жылға азық-түліктен бастап, барлық тауардың қымбаттап жатқаны мынау, – дейді көпбалалы ана.
Тамыз айы туа бастағаннан-ақ оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза қашып, жазғы демалыстың соңғы айын мектеп формасын іздеумен өткізіп, әлек болатыны да анық. Алайда бұл мәселенің бір шеті тек ата-аналарға ғана емес, жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерге де тиіп отыр. Мәселенің мәнісіне үңілсек, облыстық кәсіпкерлер палатасына «Шеберлер мекені» қауымдастығының төрағасы Бахытгүл Тоқтыбаева және аталған қауымдастықтың мүшелерінің атынан үндеу түскен.
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында мәлімдеді.
– Қауымдастықтың 28 қатысушысының төртеуі мектеп формасын тігумен айналысады. Мектеп формасын тігумен айналысатын кәсіпкерлер жыл сайын несие алып, 1 жыл бұрын алдын ала бекітілген формалар мен түстерге сәйкес мектеп формаларын дайындайды. Алайда осы жылы оқу жылының басталуына 2 ай қалған кезде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасы туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына өзгерістер енгізгенін хабарлады. Даудың туындауына бұйрықтың 19-тармағында жазылған «Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңес (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар кеңесі) айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі» және 24-тармақтың 2-азат жолындағы «Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органдары ата-аналар мен білім беру ұйымдарына әкімшілік аумақта мектеп формасының бірыңғай түсін таңдауды ұсынады» деген жолдары себеп болған, – деді Нұралы Ергебаев.
Облыс әкімдігінің білім басқармасы, оның ішінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің өкілдері осы жылы мектеп формасының бірыңғай түсі қою көк болу керектігін әлеуметтік желіде хабарлады.
Сол себепті оқу жылына кәсіпкерлердің 2016 жылғы бекітілген бұйрық бойынша шикізат сатып алып, мектеп формасын әзірлегендерін және оқу жылына 1 ай қалғанда жаңа өнім дайындап үлгермейтіндігін айтып, кәсіпкерлер шағымданған.
– Мектеп формасының негізгі түсі қара-көк болуы керек екендігін білгендіктен, базарлар мен дүкендерде Қытайдан әкелінген формалар сатылымда болатыны анық. Ал отандық өнім өндірушілер шетте қалып кетпек. Күні кеше ғана форманың түсі ауысқандығын естіген соң, алдын ала сатып алынған киімдерді кері қайтарып жатыр. Ал біз тиісінше ақшаны қайтаруға мәжбүрміз. Біз бұлай шығынға ұшырайтынымыз әбден анық. Оның үстіне қаржылық шығындардың артуына байланысты талаптарды қолданысқа енгізуді 1 жыл мерзімге кейінге қалдыру туралы өтініш те қалдырып едік, – деді «Асыл-Ай» тігін фирмасының директоры Алима Садықова.
Бұған облыстық білім басқармасының да айтар өз уәжі бар. «2022-2023 жылдар аралығындағы оқу жылына ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына және «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі ҚР Заңының 5-бабының 14-1 тармақшасына сәйкес, барлық орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар сақталуы қажет. Алайда тек алдағы оқу жылында 1-сынып оқушыларына ғана мектеп формасы қара-көк түс міндеттеледі. Дегенмен оқушылардың алдыңғы оқу жылында алынған мектеп формаларын (күрең қызыл, сұр және т.б.) тозғанша киюге рұқсат беріледі, одан кейін кезең-кезеңімен (2,3,4 және т.б. сыныптар) жоғарыда көрсетілген қою көк түсті мектеп формасына ауысады. Бұл өзгерістің толықтай енуіне 10 жыл уақыт қажет», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Ең бастысы, сатып алынған форма 2022-2023 оқу жылына 1-сыныпқа қою көк, үлгісі классикалық стильде болуы шарт.
Ұлдарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, ақ салтанатты жейде, күнделікті ақ жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, ақ водолазка). Ұлдарға арналған шалбар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек. Ал қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы шарт. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және т.б.) орналастыруға рұқсат етілген. Тек түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Сонымен қатар жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарларды киюге тыйым салынады (Ескерту: 2-7-талаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген).
Міне, оқушылардың биылғы мектеп формасы осындай болмақ. Біз енді өз кезегімізде оқу құралдарының бағасын білу мақсатында «Mart» сауда орталығымен қатар, «Бек», «Ауыл-Береке» базарын бетке алып, оқушылардың керек-жарағының бағасын білуге ниеттендік.
Осы орайда бақылап білгеніміз бойынша аз-маз мәлімет бере кетсек. Мәселен, оқушыларға қажет 12 беттік дәптер 40 теңгенің көлемінде, ал қалың пән дәптерлері 350 теңгеден басталатынын байқадық. Алайда қазір тамыз айының басы болғандықтан, осы айдың аяғында, яғни қыркүйек айына таман бұл тауарлар қымбаттауы ықтимал. Дәптер қаптағыштың 1 данасы 65 теңгені құраса, күнделіктің құны – 500 теңге. Сызғыштардың ең кішкентайы 200-ден басталып, ұзындығы, яғни көлеміне қарай қымбаттай түседі. Ал киім-кешекке келетін болсақ, қыздардың ақ жейдесінің ең арзаны базар бағасымен 5000 теңгеден болса, белдемше де сол бағаның ары жақ, бері жағының сомасын құрайды. Ұлдардың ақ жейдесі мен шалбары да қыздар киімінің бағасына тұспа-тұс келеді. Аяқ киімдерге тоқталып өтсек, күздік аяқ киімдердің арзаны 6000 теңгеден бастау алады. Мектеп сөмкесі-рюкзактардың бағасы да сапасына қарай арзаны – 4000-5000 теңге. Бұдан бөлек, шұлық, бантик, галстук сынды асай-мүсейлерімен қоса, дене шынықтыруға арналған кроссовка мен спортқа арналған киім-кешекті бөлек алу мәселесі тағы бар…
«Базар барсаң, бағыңнан» деген екен атам қазақ, бағаның бағамына байлам жоқ екенін ескеріп. Одан бөлек, тағы да «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген екпінді сөзді қосып қояды. Бірақ әрбір ата-ана, ұл-қызының жүзі жарық жүргенін, қатарынан қалмай жаңа киім кигенін қалап, «Үлкеннің жүзі кигенше, баланың бірі жаңасын кисін» деп қалағанын әпергісі келеді-ақ. Мұнтаздай монтитып, ақ шағаладай жарқыратып қойғысы келеді. Алайда «Барымен базар, жоқты қайдан қазар?» дей тұра, қарызға кіріп, несиеге ақша алып та, балаларын мектепке дайындап жатқандар баршылық. Әттең, тонның келтесі-ай!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Comments (0)
Add Comment