Қарағандыда ағайындылар зәулім үйдің иесі мен қарт бригадирді пышақтап тастады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Patriotnews.kz. порталына сілтеме жасап.
Оқиға 4 қараша сағат 11.30-де Қарағандының Киров ауданында болды.
59 жастағы ер адам жер үйге жапсарлас орын-жай салу үшін құрылысшыларды жалдайды. Екі жұмысшы зәулім үйде қомақты ақша бар деп ойлап, қылмыс жасауға бекінеді.
Құрылысшылар еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеген. Сол себепті олар жеке куәлігінің еш жерде көрінбейтініне сенімді болады.
Екі жұмысшы оңтайлы сәтті пайдаланып 72 жастағы бригадир мен үй иесіне шабуыл жасайды. Қаскөйлер оларды пышақтап тастаған. Содан кейін үйге жүгіріп кіріп, ақша іздеуге кіріседі. Үйде тұсқағаз жапсырып жүрген әйелді көреді. Одан ақшаның қайда жасырылғанын көрсетуді талап етеді, әйтпесе өлтіреміз деп қорқытады. Зәресі ұшқан әйел бұл үйде тұрмайтынын, хабарландыру бойынша жұмысқа жалданғанын айтады. Күдіктілер оған тиіспейді. Олар қанша іздесе де, ақшаны таба алмайды. Сөйтіп үй иесінің көлігін айдап әкетеді.
Олар кеткен соң, жұмысшы әйел бірден полицияға хабарласқан. Қала көшелерінде орнатылған бейнекамера көмегімен полиция ұрланған көлікті тапты. Күдіктілер «Қарағанды – Теміртау» тасжолында ұсталды.
Анықталғандай, екі жұмысшы – 34 және 39 жастағы ағайындылар.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ағалы-інілі екі адам сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.