«JAMBYL» телерадиоарнасы жаңа маусымды бастады. Көрерменге тарту ретінде 7 тележоба біртіндеп эфирге шығып жатыр. Сонымен қатар жаңалықтар түрленіп, студиялар жаңғырып, жаңа жүргізушілер қатарға қосылған.
Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий КИМ
Достық үйінде аймақ айнасы «JAMBYL» телерадиоарнасы жаңа маусымда жұртқа ұсынатын тың дүниелерін ресми жариялау үшін журналистер мен қаламгерлер және зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Келген қонақтарды оркестр сән-салтанатымен, әуезді әуенмен қарсы алды. Биыл іргетасы қаланғанына 30 жыл толатын телеарнаның жаңа аптасы жаңа маусыммен шымылдығын түрді. Іргетасы 1989 жылдың 1 қарашасында қаланған телеарна аймақтық филиалдар арасында алдыңғы қатарда. Бұдан бөлек, Жамбыл облыстық радиосы да биыл бір ғасырлық белесті артқа тастады. Тамырын тереңге жайған телеарнаның жаңа маусымы жаңа жобаларға толы. Бұл туралы маусымның салтанатты ашылуында арнайы бейнеролик арқылы көрсетілді. Маусымның ашылуына құттықтап келушілердің қатарында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Ынтықбаев, журналистика саласының ардагерлері мен жергілікті БАҚ директор-редакторлары болды. Күмбірлеген қазақы бимен түндігі түрілген салтанатты жиынды телеарнаның қатарына енді қосылған жас журналистер тізгіндеді. Алдымен құттықтау сөзбен ортаға шыққан Сұлушаш Сәтбекқызы республикадағы танымал, беделді журналистерді шыңдауға өз үлесін қосып жүрген арна басшылығы мен ұжымға жаңа маусымда сәттілік тіледі.
Телевизия өнімдерінің маусым сайын жаңарып тұруы – қалыптасқан дәстүр, заман талабы. Көрермен көңілінен шығатын, замана сұранысына сай дүние жасап шығару – телеарна ұжымы үшін үлкен жауапкершілік. Бұл туралы «JAMBYL» телеарнасының директоры да атап өтті.
– Бұл – біздің отызыншы қоңыр күзіміз. Сонау 1989 жылдан бері заман өзгерді, буын алмасты, ұрпақ жалғасты. Жыл сайын ажары кірген арнамыздың аумағы да кеңейіп келеді. Бүгінде облысымыздың 99,3 пайызын қамтып отырмыз. Хабардың 80 пайызы қазақ тілінде болса, 20 пайызы ресми тілде. Тәулігіне 17 сағат хабар тарататын арнаның қоржынында 34 жоба бар. Біз саннан бұрын сапаға мән береміз. Көрермен талабы мен талғамын ескере отырып сапалы контент ұсыну – біздің басты міндет, – деді Мейіржан Әлібекұлы.
Биылғы жаңа маусымда жамбылдықтарға жеті жаңа жоба жол тартпақ. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, түрлі кеңес те беретін, алуан айдары бар «Таңғы тайм», «Түскі тайм», «Кешкі тайм» күн сайын көрерменмен қауышады. Сондай-ақ арна журналистері «Туған мекенді» таныстырып, «8-аймаққа» сапар шегеді. «Ой-лайк» ток-шоуында түрлі мәселелерді бірге ойлап, күрмеуі қиын мәселелердің түйінін бірге шешеді. Елге белгілі тұлғалардың құпиялары «8-қыр» жобасында танылса, аптаның басты жаңалықтары «Сарап-таймда» түйінделеді. Ал «Жаңалықтар қызметі» енді «Жамбыл ньюс» деп аталмақ. Тәулігіне төрт мәрте тікелей эфирге шығады. Сәйкесінше, су жаңа студия, жаңалықты жүргізудің өзгеше стилі, жаңа дикторлар. Тәуліктің қай мезгілінде де тыным таппайтын телеарна ұжымының тірлігіне мәртебелі меймандар сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Олардың ішінде облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген, ардагер журналист Бекет Момынқұл және телеарна ардагері Қалыбек Атжан бар.
Төл арнаның тың жаңалықтары мұнымен шектелмек емес. Эфирде сондай-ақ Шерхан Мұртазаның ой-толғамдары қысқаша бейнеролик ретінде көрсетіле бастайды. Заман көшінен қалмай, дамылсыз дамып жатқан телеарна көрермен сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.