«Jambyl-Taraz» өмірімді өзгертті

Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сөздің ұлысы – тарих» демекші, аталмыш басылым кейіпкерінің көңіл кілтін дөп басып, түрлі тақырыпта жарияланған жазбаларды сараладық.
Қош, бірде қанатсыз-ақ ту-ту биікке ұшырып, енді бірде әлдекімнің әлдебір мәселесін шешіп беруге атсалысып, сан түрлі мақала жазғанымыз айдан анық. Солардың қаламының ұшынан бірде у, енді бірде бал тамызып отырып жазған тілшілердің мақаласының ішінде кейіпкеріміздің өміріне әсер етіп, оң нәтижеге жетіп, жемісін бергені көптеп кездесті. Жазылған жайдың жаңғырығымен редакцияға хат жолдап, алғыс білдірген мақала кейіпкерлерінің ізгі ниеті мен ыстық ықыласы – осының айғағы.

Кітап оқып, миллионер болдым

2019 жылы «Jambyl-Taraz» газетінің бастамасымен ұйымдастырылған «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өткен болатын. Бір қарағанда, бұл сайыста жетістікке жету жолында, миллион үшін күрескен жеткіншектер миллионға бергісіз асыл қасиеттерді игергендері сөзсіз. Ең алдымен, қабілет пен қарымы өсіп, тіл байлығы кеңейіп, одан бөлек, ой-санасы тереңдеп, кітапқа деген махаббаты ашыла түскендері анық. Осы байқаудан алдына жан салдырмай озған жүйрік, 8-11 сыныптар аралығы бойынша «миллионер оқушы» атағын жеңіп алған Қазына Әбілсейіт те бүгінде ойы толысып, оқуға деген құштарлығы екі еселеніп, толайым табыстарға қол жеткізіп жүргенін айтты.

– Байқауға қатысқан жылы 9-сынып оқушысы едім. Соңғы қорытынды емтихан мен кітап оқуды қатар алып жүру біраз қиындықтар туындатты. Кейде түнімен кітап оқып, таңертең сабаққа сүйретіліп зорға барған кездерім де болды. Сабақ уақытында басқа кітап оқып отырғаным үшін ұрысты да аз естімедім. Сайыстан бас тарту туралы арам ойлар жиі келіп, жалқаулығым жеңіп кетіп жүрді. Дәл осы кезде әкемнің қанатты сөздері қуат беріп, өзімді қайта қолға алдым. Жеңіске жеткенім ата-анамның қамқорлығының арқасы деп білемін. Уақыт жақындаған сайын сөрелерде кітап тұрмайтын болды. Жарыстың 2 кезеңі де алаңдаумен өтті.
Жеңіске жетіп, миллион теңге ұтқанымды естігенде, әрине, төбем көкке жетті. Алайда бұл мен үшін тосын жайт болған жоқ. Себебі қаншалықты еңбектенгенім өзіме ғана аян еді. Жарыстан соң артымнан біраз сөз де ерді. Бос әңгімелерге аса назар аудармадым. Өйткені мен үшін шын қуанып, көңіл-күйімді көтерген жандар өте көп болды. Толассыз құттықтаулар маған да, ата-анама да келіп жатты. Жарыс аяқтала сала әлеуметтік желілерде мен туралы жазбалар жазылып, өзге кітапхана, телеарна, радиодан ұсыныстар келіп жатты. Мектеп бағдарламасында неше түрлі олимпиада, ғылыми жобаларға қатысып, шығарма, эссе жазып, өлең де шығарып жүрдім. Бүгінде айналама жаңаша көзбен қарап, өрісімнің кеңейгендігін байқадым. Сөздік қорым да байып, ойымды ашық жеткізе бастадым. Тек қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің таңдамалы туындыларымен таныстым. Бұл менің 15 жасымда жеткен ең үлкен жетістігім болды. Дәл осы жарыстан соң, адам баласының алар асуы көп, тек еңбектеніп, өзіңе сену керектігін түсіндім. Бұл жеңісімнің тек бастамасы деп білемін!

«Газеттегі чемпион» Ерболат

«Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Сәндібек Піренов пауэрлифтинг спортының шебері Ерболат Кәрібай есімді ерекше азамат туралы «Арманы – Олимпиада шыңын бағындыру» атты мақала жариялаған болатын.

– Басылым бетінде жарқ ете қалған жазба Ерболаттың өміріне өзгеріс енгізді. Ең бірінші немересі туралы мақаланы оқып, жеткіншектің жетістігіне қуаныштан көзіне жас алып, сүйіншілеп, қуанған Еділ атасы еді. Сол мақала жарыққа шыққан күннен бастап, көрші-қолаң көрген жерден жаппай құттықтап жатса, таныс-тамырлар шаңырағымызға бас сұғып, өз ілтипаттарын жеткізумен болды. Ұлымды «Газеттегі чемпион» деп те атап кетті. Ана үшін ұлының қуанышын көруден асқан бақыт жоқ.

Осы орайда ұлым Ерболат білім алған №20 мектеп директоры Гүлнәр Шерханқызы мен басқа да ұстаздарына және өмір жолында кездескен Саттар Бейсембаев пен Руслан Греев сынды атпал азаматтарға айтар алғысым шексіз. Ұлымның жұрт алдындағы мерейін өсіріп, бойына сенім мен күш-жігер ұялатқан басылымды 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!
Хат жолдаушы Ерболаттың анасы Баян Еділбаева

«Jambyl-Taraz»-дан «Қарекетке» дейін…

Бірде Жамбыл облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барып қайтқан едім. Алып-ұшып жүгіріп жүретін зерек қыз Гүлбаршын осы жолы да жылы ұшырай кетті. Ойласам, 5 жасынан бері жүзтаныс екенбіз. Көңілді қыздың жанарынан жылылық есіп тұратынын меңзеп: «Үнемі күліп жүресің», – деп ризалығымды білдірдім.

Түн жарымында телефоныма түскен хабарлама ойымды бөліп жіберді. Хат жіберген Гүлбаршын екен: «Сіз маған «үнемі күліп жүресің» дейсіз. Ал менің анамды сағынып жылаған көз жасыма аспандағы ай мен басымдағы жастығым ғана куә», – депті балғын қыз. Ертесі «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі ретінде «Қарекет» хабарының продюсері Әлия Құдайбергеновамен ақылдасып, өзге тілшілерге хат жолдап, қызға анасын тауып берулерін өтіндім. «Қарекет» хабарына қатысып, анасын тауып, хабарға қатысушылардың арқасында аңсаған арманына айналған оқуына түсіп, өмірі түбегейлі өзгерген өрімдей қыз біздің газеттің тілшілеріне алғысын білдірген еді.

– Тағдырымды өзгертуге «Jambyl-Taraz» газетінің септігі тиді деуге болатын шығар. Өмірдің заңы бойынша бір нәрсеге, бір нәрсе себепші… Егер аталмыш газеттің тілшісі Құралай Сейсенбекқызы екеуміздің арамыздағы түнгі сағат 1-де сыр шертіскен сол бір сәт болмағанда, актерлік өнер жолына түсер ме едім, жоқ па, кім білсін?! Осы оқиғалардан кейін менің өмір жолым өзгерер ме еді?! 9-шы сыныпты бітіріп, ұзақ жылдар бойы дербес өмірге дайындаған жылы ұяммен қимас сезіммен қоштасып, өмір атты ұлылықты бетке алып, үлкен өмірге қанат қақтым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы жанындағы колледжге құжаттарымды тапсырдым. Аталмыш хабардан кейін тағдырыма бейжай қарамаған Роза Әлқожа, Ерлан Кәрібаев секілді жаны жайсаң жандардың сүйемелдеуімен «Актерлік шеберлік» бөліміне студент ретінде қабылдандым.

2019 жылы Халықаралық «IQ Star» байқауының «Би» номинациясынан бас жүлдені жеңіп алдым. Оқу орнымның педагогикалық ұжымының қолдауымен биылғы жылы үлкен қуанышқа бөленіп, бір бөлмелі пәтерді сыйға алдым. Қазіргі уақытта талантты әнші Сәкен Майғазиевтің өнер мектебінде актерлік шеберлік бойынша дәріс беремін. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, қайда жүрсем де, туған үйім, отбасымдай болған жылы ұямды, келешегі кемел, өрісі кең құшақтан шыққанымды ұмытпай жиі келіп тұрамын. Еліміздегі игіліктердің барлығы жас ұрпақтың келешегі жарқын болуы үшін жасалып жатқанына шын жүрегіммен алғысымды айта отырып, болашақта Жамбыл облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының қызметкерлері мен «Jambyl-Taraz» басылымы ұжымының артқан сенімдерін ақтаймын деген үміттемін.

Жеңісімнің жемісін көріп жүрмін

Дәл осы «Кітап оқып, милионер бол!» байқауының нәтижесі бойынша 5-7 сынып аралығындағы қатысушылар арасынан жеңімпаз атанған Айзере Ереннің бүгінде әдебиетке деген сүйіспеншілігі орасан. Айзере де қалалық басылымға зор алғысын білдірді.

– «Jambyl-Taraz» газеті ұсынған «Кітап оқып, миллионер бол!» жарысына деген дайындық әлі күнге дейін есімде. Сол күннен бастап кітап алып, үй ішімізбен оқуды бастап кеттік. Бірақ сіңілім мен ағам көз майын тауысқан қиындыққа шыдай алмай, екі-үш кітаптан кейін қатысқылары келмейтінін айтты. Жетістікке жетер жолда бір өзім қалдым…

Жарысқа қатысушылардың көп екенін білген соң, мен бұдан да қатты тырысу қажеттігін түсіндім. Біршама уақыт өткенде байқау ережесін дұрыс түсінбегендіктен, өте қиын жағдайға тап болдым. Жарыстың басталуына екі ай қалғанда, маған әңгіме емес, кітапты толық оқу керектігі айтылды. Естіген күннен кейін ұйқыны ұмытуға тура келді. Бос уақыт және демалу екінші орынға қалды. Ойымда тек жеңіске жете алатынымды дәлелдейтін мақсат тұрды. Түнгі сағат 3-те кітап оқып отырғанда, соншалықты зорыққанымнан мұрнымнан қан кеткен сәтте ешқандай нәрсе еңбексіз және қиындықсыз келмейтініне көзім жетті.
Иә, менің ұйқысыз түндерім мен күлкісіз күндерімнің жемісін жегізер бұл еңбегім ақталды. Ойлаған мақсатыма жеттім. Өзімнің төзімділік пен қайсарлықты серік еткенім үшін, кітапқа деген махаббатымды ашқаны үшін «Jambyl-Taraz» газетіне алғысым шексіз! Жарыстан бері екі жыл өтті. Бүгінде кітап әлемінің тұрақты қонағымын. Осы білімнің нұрына деген қызығушылығымды тудырғаны үшін тағы да «Jambyl-Taraz» газетіне және кітапты үйге әкелген анама ризашылығым шексіз!

Демеу болған басылым

Ал келесі хат туғалы тағдыр тәлкегіне түсіп, Алланың сынағын қайыспай арқалап жүрген мүмкіндігі шектеулі жан Жұмабек Күлетовтен келіп жетті. Ол өз хатында қалалық газет ұжымына алғысын білдіріпті.

– «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымына тек ризашылығымды айтамын. 2019 жылы бұрынғы электронды арбам сынып, істен шыққан соң, I топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болғандығымнан, өздігімнен далаға кіріп-шыға алмай қалғанмын. Мұңға малынып отырып, Тараз қаласында кезегім келіп тұрған қоларбаның орнына электронды арба сұрап, «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшама жаздым.

Менің осы жанайқайымды «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали оқыпты. Жағдайыма бейжай қарай алмаған іскер басшы өзіме хабарласты. «Электронды арба алып беруге көмектесемін» деп демеуші іздестіретінін айтқан болатын. Мені ұзақ күттірмей, қуанышыма ұжымымен бірге келіп, қолдау көрсетіп, электронды арба сыйлағаны әлі көз алдымда. Әлі күнге дейін сол арбаның көмегімен, ешкімге кіріптар болмай, өздігімнен далаға, көшеге шығып жүрмін.

Осынау барша жұртқа жанашыр қалалық «Jambyl-Taraz» газетін 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бұл басылымда жұмыс атқарған қызметкерлер мен тілшілерге алғысым шексіз. Жылы сөзімен ғана емес, ісімен де демеу көрсетіп, әлсізді қолдап, құрметтіні қолпаштап отырған газет ұжымына тарих беттерінде жатталып қалатын баспасөз болуына тілектестігімді білдіремін.

Бетті дайындаған Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment