«Jambyl-Taraz» – бақытымды тапқан жақұтым

Эльмира Мырза-Ғали,
«Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің
2006-2021 жылдар аралығындағы бас редакторы

«Jambyl-Taraz» дегенде, жаным бір жылы шуаққа бөленіп, тамырымды қуалаған қанның қозғалысын сезгендей боламын. Газет редакциясының ыстық ұясында өткізген жылдар мені жақсы адамдармен қауыштырды, табыстырды. Өмірімдегі ең үлкен олжам сол…

Небәрі 26 жасымда Тараз қаласының тынысын тап басып, қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып отырған іргелі гезетке жетекшілік ету маған оңай болды десем, шындыққа жанаспас. Қазақ бөлімінде Еділ Әлиев, Рахан Мөмеев ағаларым, орыс бөлімінде Лютфия Бекбулатова, Людмила Мельник апаларым әрі ақылшым, әрі жанашырым болды. Сол жылдары Тараз қаласының әкімі болған Ильяс Тортаев, жас болсам да үлкен сенім білдіріп, қаланың басты үнпарағының тізгінін ұстатқан соң, шығармашылық ісімізге жаңашылдықпен серпін беру – басты мақсатымыз еді. «Жамбыл-Тараздың» сапына сол тұста қосылған Ерман Әбдиев, Талғат Талапұлы, Сәуле Сейдахметова, Гүлнар Есмаханова, Елена Пак, Лариса Губашева секілді қаламы қарымды журналистер, Құралай Сейсенбекқызы, Жасұлан Сейілхан, Жанат Қапалбаева сияқты жас тілшілер газеттің түрлену процесіне түрен салды. «Jambyl-Taraz»-дың сын-садағына ілінген нысандарды шаһар басшысы Ілияс Әлімұлы да назарға алып, оң нәтиже шықпайынша, жіті бақылайтын.

«Сөзден – іске», «Сказано-Сделано» айдарларының желі есіп, «Өспейтін бала өнбейтін дауды қуалайды», «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген тәрізді тақырыптармен өткір сыни мақалалар жиі жарық көретін. Фототілшілер Виктор Барбаш, Ағәділ Рысмаханов, Юрий Ефимовтердің «фотофакты», «фотоайғақтары» да талай құлап жатқан затты орнынан тұрғызып, қисайғанды түзетті.
Газет ісінде негізгі салмақты сөз өнерін меңгерген журналистер қауымы көтергенімен, үнпарақтың бетіндегі мақаланы үйлесіммен орналастырып, эстетика және стильге сай өрнектеп, көзтартар дизайн жасауда беттеуші-дизайнерлердің еңбегі айрықша. Бұл тұста Владимир Ким, Жарқын Балқыбекова, Әдемі Өмірбекова, Жалғас Мәндібай, Анастасия Милькина, Алтынай Әлімқұловаларды айтпай кету мүмкін емес. Олар менің «ойымды оқи алатын» дизайнерлер болды. Мен газетті басқарған жылдары бірде-бір рет газеттің беттелуін ұжымға тапсырып, өзім «бір айналып келемін» деген кезім болмапты. Қажет болса, таңғы  беске, жетіге дейін қастарында бірге отырып, компьютерде бірге беттеп, баспаханаға бірге апаратынбыз. Әріп қатенің кетпеуін аңдыған корректорлар ішінде Әсел Кембаева, Елена Лялина, Лариса Акименко, Ирина Ли, Ләззат Джилкибаева, Айдана Нұрман секілді қырағы мамандармен қызметтес болғанымның өзі үлкен абырой.
Ал қадірлі оқырманның қолына исі бұрқыраған, бума-бума етіп байланған газеттерді дер кезінде жеткізу үшін редакцияның көлік жүргізушілері таң атпай баспахана алдында тұратын. «Газет күні» созылып кеткен кезде, көз шырымын алмастан тәулік бойы жұмыс істей беретін. Олардың арасында адалынан қызмет еткен Қайрат Шиналиев, Нұрбек Сопбековтерді ризашылықпен еске аламын, ал жуырда дүние салған Евгений Распутинді ешқашан да ұмытпаймын. Оның адамдығы да, кәсібилігі де өз алдына бір төбе еді.
«Jambyl-Taraz»-дың тағы бір өрлеу кезеңі редакция табалдырығын аттаған жалынды, жарқыраған жастардың құтты қадамымен тұспа-тұс келді. 2014-2020 жылдар аралығында үркердің тобындай болып жинала қалған жас таланттар Наурызбек Саршаев, Нұржан Қадірәлі, Индира Байқонысова, Шынболат Сейдуалиев, Арайлым Шабденова, Толғанай Атабай, Арайлы Жақсылық, Диана Қалманбай, Алексей Поляков, Кирилл Бердецкий, Анар Абдиханова, Анель Абдимомынова, Шапағат Әбдір, Сәндібек Преновтер, оларға қамқор боп, баптауын келтірген бас редактордың орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев газетте жаңа дәуірді бастады. Жастар толқынымен бірге біз Жамбыл облысында басылымдар ішінде бірінші болып газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларын ашып, үнпарақтың электрондық нұсқасына жазылым ұйымдастырдық. Сайттың жұмысын жандандырып, ақпараттық портал ретінде бейнероликтер түсіруді қолға алдық. Заманның талаптарына сай газет танымалдылығын арттыру мақсатында әлеуметтік жобалар жасадық. Фотограф Юрий Кимнің бастамасымен фотоархивті жаңғырттық.
Мен үшін БАҚ – тек ақпарат тарату құралы емес, халықтың рухани шырағы. Журналистикаға қызмет кеткен аяулы жылдарда осы жауапкершілікті бір сәт жадымнан шығарған емеспін. 2018 жылы «Кітап оқып, миллионер бол!» танымдық жобасын жариялағанда да, басты мұратым – жас өрендердің кітап оқуға құмарлығын оятып, ұрпағымыз білімді, кітап, газет оқитын ұлтқа айналса деген ой еді. Барша жұрттың қызығушылығын оятқан бірегей байқау «Қазфосфат» АҚ бас директоры болған, Қазақстанның Еңбек Ері, бүгінде ҚР Парламенті депутаты Мұқаш Ескендіров ағамыздың қолдауымен және руханиятқа жанашыр бірнеше кәсіпкер азаматтардың демеуімен жүзеге асты. Бес айдың ішінде кітап оқуға Тараз қаласының 1 500 оқушысы жұмылдырылды. Байқауға қатысқан оқушылардың алды – қазіргі таңда жұмыс істесе, кейінгілері – студенттер қатарында. Осы күнге дейін ержеткен жігіттер мен бойжеткен қыздар алдымнан шығып: «Жамбыл-Тараз» мені кітап оқуға үйретті, нәтижесінде мен осындай жетістікке жеттім» дегенде, өзім жеткендей қуанамын.
Жобаны ұйымдастыруда ұжым боп атсалыстық, бір адам шетте қалған жоқ. Әсіресе, байқаудың қаражат қорын толықтыруда есепші Жанна Дәуренбекова,жарнама және жазылым менеджері Айдын Байділдаеваның үлесі мол болды.
Сондай-ақ келесі жылы қалалық редакция демеушілердің көмегімен қазақ әдебиетінде кенжелеп дамыған сатира жанрын өркендету мақсатында «Қырық өтірік» байқауын өткізді. Әдебиет додасына өзге өңірлердің ақындары да қатысты, олардың шығармалары басылымның рухани қорын байыта түсті.
Редакция қабырғасында жүріп қолға алған тағы бір маңызды жоба – «Тәуелсіздік дастарқаны». «Тәуелсіздік күні қашанғы Жаңа жыл мерекесінің тасасында қала береді?» деп жұрт шулап жүргенде, біз сөзден іске кірісіп, азаттық үшін қаза тапқан ерлерді еске алып, дәріптеу мақсатында жыл сайын дастарқан жасап, қол жайып, ұлттық үлгідегі кәдесыйлар тарту етуді дәстүрге енгіздік. 2014 жылдан басталған бұл үрдіс облыс, республика көлемінде қолдау тауып, кеңге жайылды.
«Жамбыл-Тараз» қоғамдық-саяси газеті ширек ғасырды артқа тастап, 2021 жылы нарықтың талабына сәйкес жеке қолға өтті. Бүгінде басылымның тізгінін ұстаған тәжірибелі журналист әрі медиа-менеджер Дәулет Төленді, бас редактор Саятхан Сатылғановтар газетті уақыттың үдесіне, мемлекетіміздің мүддесіне сәйкес жаңа белеске шығарып отыр. Ынтымағы жарасқан ұжымның қаймағын бұзбай, ырысты еңбек етіп келеді. Қалалық газет әу бастан облыстағы барлық баспа редакцияларына маман дайындайтын ұстахана іспетті еді, әлі де сол бағытынан тайған жоқ. Құтханамыздан түлеп ұшқан тілшілер өңірдің, еліміздің белді бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүр. Біздің шәкірттер бізден озды, бұл да бір бақыт!
«Jambyl-Taraz» – біздің сүйікті қаламыздың 30 жылдық шындық шежіресі, ақиқат айнасы, өмір өрнегі. Ал мен үшін қанатымды қатайтқан, болмысымды байытқан, бақытымды тапқан Жақұтым!
Туған күніңмен, «Jambyl-Taraz»! Жасай бер!

Comments (0)
Add Comment