Үй беріп үлгі болғандар

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы Тараз қаласындағы «Құлбай баба» мешіті атынан Шөлдала ауылында тұратын көпбалалы жалғызбасты анаға 410-шы баспананың кілтін табыс етті.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Кілтті «Құлбай баба» мешітінің имамы Аманкелді Ембергенов тапсырды.

– Біз ылғи да Шөлдала ауылына келіп, қайырымдылық жасаған сайын мұқтаж жандарды іздейтінбіз. Бұл кісіні алғаш көргеннен-ақ, өз жәрдемімізді аямаған едік. Мешіт тарапынан жасалатын қандай да бір көмек болса, ол азық-түлік жағынан болсын немесе қаржылай көмек болсын, біз бірінші кезекте осы кісіні еске алатынбыз. Кейін үйін күрделі жөндеуден өткізіп берсек қалай болар екен деп ойлап жүрдік. Мамандармен ақылдасып қарасақ, бұл көпке шыдамайтын үй екен. Тіпті жақында қабырғалары құлағалы тұрғандықтан, күрделі жөндеуден өткізгенмен де пайдасыз, одан да жаңа үй салып берсек деген ой келіп, осы шаруаны көп болып бастап кеттік. Бір досымызға цементін, бір досымызға кірпішін алдырдық. Енді бірі шатырға қажетті ағаштарын алуға көмектесті. Сөйтіп, «Көп түкірсе көл болады» деп асарлатып жүріп, елдің үлесімен бітірдік. Біз бұл үйді елден атақ жинайық, болмаса өз дүниеміз асып-тасып тұрғандықтан салып берген жоқпыз. Қайта осы ісімізден басқалар үлгі алса екен, жетім-жесір, жоқ-жітіктерге қарайласып, ұлтымыздың бойындағы асыл қасиеттерін жоғалтпай, қайта жаңғыртып, көптің көмегімен баспанасыз жүргендер баспаналы болса екен деген мақсатпен, үлгісін өзіміз көрсетейік деп осы игілікті шаруаны бастаған болатынбыз, – деді «Құлбай баба» мешітінің имамы Аманкелді Ембергенов.

Үйлі болған адамның қуанышында шек болсын ба? Есейген балалары бір-біріне сыбырлап үй бұрышын тасаласа, енді ғана өсіп келе жатқан кішкенесі анасының құшағына тығылып жылай берді. Бала дегенде анада жан бар ма? Анасы да, бір жағы, қуаныштан, бір жағы, осы күнге жеткенше көрген азабын ойлаған шығар, көз жасына ерік берді.

– Біз Өзбекстаннан 2009 жылы көшіп келгенбіз. Күйеуім 2010 жылы қайтыс болды. Өзім «Жасыл-Таразда» жұмыс істеймін. Үй аламыз деп ақша жинадық, бірақ ол ештеңеге жетпейді. Алғаш рет естігенде қатты қуандым. Барлық көмек қолын созған адамдарға Алла разы болсын дегім келеді, – деп қуанышымен бөлісті.

Ары қарай имам елдің пейілімен біткен үйдің кілтін табыстап, қуанышқа келген көрші-қолаңдарға ақын Қайырбек Асанов батасын берді.

– Адам түгілі құстардың өз ұясы бар, сол сияқты тіршілік иесінің саналысы болып есептелетін адамзат баласының баспанасы болуы – заңды құбылыс. Соны жан-тәнімен түсініп, жүрегімен сезініп, өзіндегі бар елде де болсын дейтін азаматтар көбейсін дегім келеді. Адамды қуанышқа бөлеу, оған жақсылық жасау – ол біздің тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы міндетіміз. Қоныс той құтты болсын! – деп ақын Қайырбек Асанов ақ тілегін жаудырды.

Сондай-ақ ауыл ақсақалы Жаңабек Сұлтанбеков: «Бүгін шашу дастарқанында бас қосқалы отырмыз. Қазақ «Мың қосшыға бір басшы» дейді. Міне, бүгін Аманкелді бауырымыз басшылық етіп, осы қоныстың тұрғызылуына атсалысқан екен, жасаған жақсылығын Алла өзіне қайырымымен берсін. Қоныс қуанышқа толы болсын. Ішінде қоғамға пайдасын тигізетін ұрпақ өсіп-өнсін», – деп ақ тілегін білдірді.

Салтанатты рәсімнен кейін туған-туыс жиналып, дастарқан дайындап, осы отбасының баспаналы болғанына қатты қуанды. Біздің де жүрегіміз елжіреп, ел қамын ойлайтын ер азаматтар көп болсын деп ауылдың атпал азаматтарына риза болып тарастық.

Comments (0)
Add Comment